Биліктің ойланбай қабылдаған жобасы: Ақтөбелік шенеуніктер отап тастаған ағаштарды қайта егіп әлек — Қазақстан жаңалықтары
Ақтөбеде шенеуніктер өздері шауып тастаған өзен бойындағы ағаштардың орнына қайта шыбық отырғызып әуреге түсіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.
Тұрғындарың наразылығына қарамай тасқынның алдын алу үшін жағалауды жасыл желектен тып-типыл қылған еді. Бұл іс өзен табанын тазалауға кіріскенде болған.
«Биліктің бұл ойланбай қабылдаған жобасы болды. Жүздеген жыл бойы өсіп тұрған тал-теректі қопарып алып тастады. Оның орнын толтыру мүмкін емес. Мысалы, таз басқа қайта шаш шықпайды ғой. Сол сияқты бүлінген топыраққа әзір шыбық та өспейді», — дейді эколог Александр Мандрыкин.
Өңірдегі қоғамдық ұйым өкілдері 8 өзенді тазалауға арналған жобаның шикі тұстары көп екенін айтады. Әсіресе, табанын тереңдетпей, арнасын кеңейткені қоршаған ортаға қауіпті дейді. Қазірдің өзінде 6 миллиард 700 миллион теңгеге тазартылған өзен жаз шықпай құрғап тұр.
Сондай-ақ шөлейтті өңірде тасқын елу-алпыс жылсыз қайталанбайды екен. Оның өзінде көктемгі суды бөгейтін қоймалар жеткілікті. Әйтсе де, шенеуніктер өзен жағасын жасыл желексіз қалдырғандарына ұялатындарын айтады. Сондықтан оталған бір ағаштың орнына он тал егеміз деп ақталады.
Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Дастан Әжібаев арна бойындағы ағаштар алынып, жан-жағындағы ағаштар өз орнында қалатынын алға тартып отыр.
stan.kz