Билікті сынаған үш белсендіні үйқамақтан абақтыға ауыстырды

0

ТАҢҒЫ БЕС ЖАРЫМДА ШЫҚҚАН ШЕШІМ. ГҮЛЗИПА ЖАУКЕРОВАНЫҢ СОТЫ

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 51 жастағы Гүлзипа Жаукерованы үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстыру туралы қаулы шығарды. Судья Анина Байдәулетова сот шешімін шілденің 4-і күні таңғы сағат бес жарымда оқыды. Байдаулетованы абақтыға қамау туралы тергеуші Толғанай Ержанова түсірген өтінішті прокурор Болат Жұмағалиев қолдаған.

Сот шешімі шығар алдында, шілденің 3-і күні кешке Жаукерованың үйін тінтіген. Күдіктінің адвокаты Гүлнар Жуаспаева бұл уақытта қалада болмаған, тінту оның қатысуынсыз өткен.

Гүлзипа Жаукерова сот залында тұр. Алматы, 3 шілде 2019 жыл.

Гүлзипа Жаукерова сот залында тұр. Алматы, 3 шілде 2019 жыл.

Маусымның басынан бері үйқамақта отырған Гүлзипа Жаукерованы сотқа шілденің 4-іне қараған түні жеткізген. Оған мемлекет тағайындаған адвокат Марат Ахметжанов соттан тергеушінің өтінішін қанағаттандырмауын сұраған.

Сотта Жаукерова шілденің 6-ы күні бейбіт шеруге шығуға шақырған үнпарақты сақтап қойғанын, мұны қылмыс деп санамайтынын мәлімдеді. (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған, Қазақстан соты тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы өз жақтастарын Назарбаевтың туған күнімен дөп келетін шілденің 6-сы күні үкіметке қарсы шеруге шығуға шақырған – ред.) Жаукерова «Шал кет!» деген жазуы бар үнпарақтың мазмұнында заңға қайшы ештеңе жоқ деген пікір білдірді.

Бұған қоса, үйінде мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырғанын айтқан Гүлзипа Жаукерова соттан жәрдемге мұқтаж баласы қараусыз қалатынын ескеруді сұрады.

Гүлзипа Жаукерова мен оған мемлекет тағайындаған адвокат Марат Ахметжанов сот залында отыр. Алматы, 4 шілде 2019 жыл.

Гүлзипа Жаукерова мен оған мемлекет тағайындаған адвокат Марат Ахметжанов сот залында отыр. Алматы, 4 шілде 2019 жыл.

Судья Анина Байдәулетова Гүлзипа Жаукерованы екі ай мерзімге тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды. Жаукероваға мемлекет тағайындаған адвокат сот қаулысы жарияланған кезде отырысқа қатысқан жоқ.

ТІНТУ КЕЗІНДЕ «ТАБЫЛҒАН» ТҮТІНДЕТКІШ ТҮТІКТЕР. ОКСАНА ШЕВЧУКТІҢ СОТЫ

Гүлзипа Жаукерова сияқты күдікке ілініп, маусымның 1-інен бері сот шешімімен үйқамақта отырған 30 жастағы көп балалы ана Оксана Шевчуктың үйін тінтуге полиция өкілдері шілденің 3-і күні кешке келген. Шевчуктың адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Алматының солтүстік ауданында ата-анасы, азаматтық некедегі жұбайы және төрт баласымен бірге тұратын Оксананың үйіне бейсенбі күні сағат 21 шамасында келген кезде билік өкілдері оны ішке кіргізбей қойған. Біршама уақыттан соң ол ішке кіруге мүмкіндік алған, бірақ көп ұзамай полиция қызметкерлері Оксана Шевчукты көлікке отырғызып, алып кеткен. Шевчук өткен айда полицияның уақытша ұстау изоляторында бірнеше сағат өзімен бірге болған сегіз айлық бөбегі Еваны анасына тастап кетуге мәжбүр болған.

Шамамен сағат 23 кезінде тергеуші Толғанай Ержанова Шевчукты үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстыру туралы сотқа өтініш беру үшін тиісті құжатты рәсімдеп болды. Құжатта Шевчуктың үйін тінтіген кезде алты үнпарақ пен түтіндеткіш төрт құты табылғаны жазылған. Түн ортасына таман сотқа жеткізілген Шевчукты сот залына таңғы сағат төрттен кейін кіргізіп, сот қаулысын бейсенбі күні таңертеңгі сағат 8.30 кезінде жариялады. Сотта Шевчук үйіне әлгі заттарды «тінту кезінде біреулер әдейі тастаған» деп мәлімдеді. Ол заттарды үйді тінтуге келген полицейлер тастаған болуы мүмкін деген күдігін айтты.

Оксана Шевчук сот отырысы кезіндегі үзілісте. Алматы, 3 шілде 2019 жыл.

Оксана Шевчук сот отырысы кезіндегі үзілісте. Алматы, 3 шілде 2019 жыл.

Соттан Шевчукке бұған дейін тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған тергеушінің дәлел ретінде келтіргендерін Шевчуктың адвокаты Ғалым Нұрпейісов «жалған» және «арандату» деп атады.

– Егер бұрын саналы түрде саясаттан аулақ болуға тырыссам, енді тергеуші Ержанованың келтіргенінде заңды себеп мүлде жоқ екенін мәлімдеуге мәжбүрмін. Есесіне енді шілденің 6-сына жоспарланған мерекелік шараларды ың-шыңсыз өткізуге байланысты саяси себеп айқын көрініп қалды. Сондықтан Оксана Шевчуктың ісі – саяси іс деп бүкіл жауапкершілікпен мәлімдеймін, – деді адвокат Нұрпейісов.

Сот қаулысы жарияланғаннан кейін Ғалым Нұрпейісов Азаттық тілшісіне жоғары тұрған инстанция оның күшін жояды деп үміттенбейтіндіктен Шевчук екеуі апелляциялық шағым беруден пайда жоқ деп санайтынын айтты.

«ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ». ЖАЗИРА ДЕМЕУОВАНЫ ТҰТҚЫНДАУ

Шілденің 3-і күні кешке Алматының тергеу соты «ҚДТ қозғалысына қатысқан» деген күдікке ілінген тағы бір белсенді, маусымның басынан бері үйқамақта отырған Жазира Демеуованы да тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарды. Тергеуші Толғанай Ержанованың сотқа түсірген өтінішінде Демеуованың «үйқамақта отыру шартын бұзғаны» айтылған.

Тергеушінің жазуынша, Жазира Демеуова «үйқамақта отырса да «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысуын доғармай, Алматы қаласындағы жағдайды шайқалту мақсатымен, азаматтарды шілденің 6-сы күні рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырған». Бұған қоса тергеуші өтінішінде Демеуованың «маусымның 1-і күні үйқамақта ұстау туралы қаулы талабын бұзып, Алматының бейбіт тұрғындарына шынайы қауіп төндіретіні» айтылған.

«Сотта Демеуованың үйқамақ шартын бұзғанына дәлел бар деген прокурор ешбір айғақ көрсетпеді» деді Демеуованың адвокаты Гүлнар Жуаспаева шілденің 3-і күні кешке. Ол сот қаулысына шағым түсіретінін айтты.

Жазира Демеуова үйінде кішкентай қызы мен отбасын асырау үшін таңертеңнен түнге дейін жұмыс істейтін үлкен қызының екі баласын бағып-қағып отыр. Жуаспаеваның сөзінше, енді ол балаларды Демеуованың қызы қарайды. Бұрын интернет арқылы жұмыс істеп, ақша тауып келген Демеуова осының алдындағы тінту кезінде құқық органдары ноутбугын алып кеткелі табыс көзінен айрылған.

Маусым айының басында Алматы соты ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілінген Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова мен Оксана Шевчукті үйқамаққа алу туралы шешім шығарған еді. Күдіктілер бұған дейін қозғалысқа мүше емес екенін, бірақ оның бағдарламасының кей баптары ұнайтынын айтқан.

Сот үш белсендіні үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстыру туралы шешімді Қазақстанда шілденің 6-сы атап өтілетін астана күні мейрамы қарсаңында шығарды. Қазақстан астанасының атауы елді соңғы отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін доғарғаннан кейін Нұр-Сұлтан болып өзгертілген.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде шілденің 6-сы күні елдің ірі қалаларында қазіргі билік саясатымен келіспейтін азаматтардың наразылық шеруі өтетіні туралы хабар тараған.

Алматы полициясы мамырдың 1-і және 9-ы күндері қалада рұқсат етілмеген наразылық акциясына шыққан өзге азаматтармен бірге Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова мен Оксана Шевчукті ұстаған еді. Мамырдың ортасында ол үшеуінің үстінен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының қызметіне қатысқан деген күдікпен іс қозғалғаны хабарланған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз