Биліктен оралмандардың азаматтық алуын жеңілдетуді сұрады

0

Алматыда 25 қаңтарда «Ел-аманат» қоғамдық бірлестігі мен Қытайдан келген оралман қазақтар баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынды ұйымдастырушылар Қазақстанда Қытайдан көшіп келіп, белгілі себептермен азаматтық ала алмай жүрген «бірнеше мың адам барын» мәлімдеді.

«Ел-аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ырысбек Тоқтасынның айтуынша, қазір ұйымда оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетуіне байланысты азаматтық ала алмай жүрген 3200 адамның тізімі бар.

— Мұндай азаматтардың саны бұдан көп болуы да мүмкін. Себебі, біз қолымызға түскендерді ғана тізімге алдық. Оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетуіне бірнеше себеп бар. Негізгісі — кезінде оралмандардан келген елінен сотталмаған деген анықтама әкелуді талап ететін. Ондай анықтама алу қиын. Ол анықтаманы аламыз деп жүргенде оралмандардың Қытай паспортының мерзімі өтіп кеткен. Ал енді Қытайға барайын десе, ұсталып қаламыз деп қорқады. Көп адамдар Қытайға шақырту алып, сол жаққа кеткен. Сосын, уақытында келе алмай оралман куәлігінің уақыты өтіп кеткен. Соның кесірінен азаматтыққа уақытында құжат өткізе алмай отыр, — дейді Ырысбек Тоқтасын.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар биліктен мемлекеттік комиссия құрып, жеңілдікпен әрі тездетіп азаматтық алуды заңдастыруды сұрайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өкілі оралман куәлігін жергілікті атқару органдары беретінін, комитетте нақты қанша этникалық қазақтың оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткені туралы жаңа мәлімет жоғын айтады.

Қазақстанда этникалық қазақтарға азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен беруді қарастыратын заң жобасы биыл мамыр айында парламент мәжілісінің қарауына енгізіледі.

Дереккөз: Азаттық