Билікке «ыңғайсыз» тұлғаларды жазалау, интернетті бақылау және бидай болашағы

0

«КІНӘРАТТЫ СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ АЙНАСЫ»

The Diplomat басылымының тамыздың 5-інде жариялаған мақаласы түрмеде отырған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің соттағы «жалынды сөзінен» басталады.

Ақпарат құралының жазуынша, Жәкішев «Шындық дерт емес, оған қарсы екпе жоқ һәм ол жұқпалы да емес. Шындық әрқайсымыздың ішімізде жатыр… Судья шешімін шындық пен заңға негіздеп шығарады деп үміттенемін» деген. «Пара алды» деген айыппен 2009 жылы қамалып, 2010 жылы 14 жылға сотталған Жәкішевтің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін сот шілденің 23-інде қарап, қанағаттандырмай тастаған.

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев.

​Америкалық басылым «Азаматтық қоғам мен шетелдік саясаткерлердің [Қазақстан билігіне] қысымына қарамастан ол (Жәкішев – ред.) 14 жылдық жазасын түгелімен түрмеде өтейтін сияқты» деп түйеді. Мақала Мұхтар Жәкішевтің ахуалы мен 2017 жылы қамалған Ескендір Ерімбетовтің ісіне себеп болған фактордың (қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке қарсы куәлік бергізу) ұқсас екеніне меңзейді.

Онлайн ақпарат құралы 2016 жылғы «жер толқуынан» соң сотталған Талғат Аян тағылған айып алынбаған күйі босатылып, Макс Боқаевтың әлі түрмеде отырғанын ескерте кетеді. Авлобас Жұмаевтың ерте босатылғаны мен ертеректе түрмеден шыққан Владимир Козловқа кесілген жаза мерзімінің шілдеде ғана аяқталғаны сипатталады. Басылым биылғы шілдеде Шымкентте сотталған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайға халықаралық IndustriAll Global Union ұйымының жетекшісі Вальтер Санчес араша түсіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазғанын хабарлайды.

БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.

БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.

The Diplomat Шыңжаңдағы қазақтардың құқықтарын қорғаған алматылық белсенді Серікжан Біләштің де үкімін күтіп үйқамақта отырғанын жазады. Мақала соңы «Жәкішев, Балтабай мен Біләштің бір-біріне қатысы шамалы. Бірақ олардың сот істері Қазақстанның кінәратты сот жүйесінің айнасы іспетті. [Бұл жүйе] қалыптасқан жағдай туралы тікелей немесе жанама түрде сұрақ қоятын «ыңғайсыз» тұлғаларды жазалау жолын іздейді» деп бітеді.

ВИДЕО: Серікжан Біләш ісі бойынша алғашқы сот отырысы. (Нұрсұлтан, 29 шілде 2019 жыл).

ИНТЕРНЕТ ПЕН БИДАЙ ӨНДІРІСІН ШЕКТЕУ

Тамыздың 7-сінде Reuters ақпарат агенттігі Қазақстан билігінің ел ішіндегі қолданушылардың веб-траффикті тұтас аңду жоспарынан уақытша бас тартқанын хабарлады. «Қазақстан [билігі] заңгерлер заңсыз деп сынаған интернетті бақылау жүйесін қолдануды кідіртті, үкімет оның әуелгі қолданыла бастауын сынақ деп сипаттады» деп жазды агенттік.

Reuters сарапшылар мен қолданушылардың сыны мен ашуын тудырған бұл жүйенің тиімсіздігі туралы әуелі президент Тоқаевтың твит жариялап, кейін ҰҚК «жүзеге асырылған сынақ» деп шыққанына назар аударады. Агенттік Қазақстанда бұған дейін де Facebook, YouTube, WhatsApp пен Telegram сияқты әлеуметтік желілердің саяси мәлімдемелер мен оқиғалар кезінде бұғатталып келгенін атап өтеді.

Әлемдік дәнді дақылдар нарығы туралы ақпарат тарататын World-Grain.com вебсайты тамыздың 8-інде алдағы жылдары Қазақстандағы егістік жер мен дақылдар көлемі азаюы мүмкін екенін ескертті.

«Егінін әртүрлендіріп жатқан Қазақстанның дәнді дақыл өндірісі өсімсіз қалып, бидай егістігінің ауқымы бұрын-соңды болмаған көлемде азаяды деген болжам бар. 2019-2020 жылдар үшін бидай алқабы 11,2 миллион гектар деп, ал егін көлемі 14 миллион тонна деп былтырғы нарық жылынан аз белгіленген» деп жазған вебсайт АҚШ-тың ауылшаруашылық министрлігіне сілтеме жасайды.

Қазақстанның солтүстіктің өңірінде астық шауып жатқан комбайн. Көрнекі сурет.

Қазақстанның солтүстіктің өңірінде астық шауып жатқан комбайн. Көрнекі сурет.

Министрлік арнайы есебінде Қазақстанның дәстүрлі дәнді дақылдар өндірісінің азаюына майлы дақылдарға көбірек назар аудара бастағаны себеп болды деп жазған. Мақалаға сәйкес, Қазақстанда алдағы жылдары өндіріс көлемі өспейтін бидайдың 80 пайызы азық-түлік ретінде, 11 пайызы жем-шөп ретінде, ал жеті пайызы тұқым ретінде пайдаланылады.

Келесі жылы Қазақстан экспортқа шығаратын 7,5 миллион тонна бидайдың бір бөлігін сатып алуға ынта білдірген елдің бірі – Ресей өніміне деген тәуелділіктен құтылғысы келетін Грузия. Вебсайттың жазуынша, биылғы қаңтар мен сәуір айларының арасында Қазақстан шетке сатқан екі миллион тоннаға жуық бидайдың 65 пайызын Орталық Азия елдері, алты пайызын Қытай, және алты пайызын Ауғанстан сатып алған.

Azattyq