«Билікке тосын сый». Жастардың «оянған» һәм билікке талабы артқан жыл

0
121

ҚОҒАМДЫҚ РЕЗОНАНС ТУҒЫЗҒАН ЖАСТАР АКЦИЯЛАРЫ

Наурыздың 19-ы күні Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев телеэфирден президент өкілетін тоқтататынын жариялап, артынша орнына сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Ал Тоқаев қызметіне кірісе сала Астана қаласының атын “Нұрсұлтан” деп өзгертуді ұсынды. Ұсыныс парламентте де қолдау тауып, картадағы Астана қаласының атауы “Нұр-Сұлтан” деп өзгерді. Сәуірде Тоқаев елде кезектен тыс президент сайлауын жариялады.

Жас белсенділердің көбіне биліктің осы шешімдері ұнамады. Олар “биліктің сайлауды әділ өткізетініне күмән келтірді”, “халықпен ақылдаспай шешім қабылдағанына қарсы болды”.

Сәуірдің 21-і күні Алматы марафоны кезінде бір топ жас жол жиегіне “Шындықтан қашып құтылмайсың #әділсайлауүшін #меніңтаңдауымбар” деп жазылған плакат ілді. Жастардың наразылығы осы баннерден басталды. Билікке жас белсенділердің бұл шарасы жақпады. Баннер ілген Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті полиция ұстап, 15 тәулікке түрмеге қамады. Олардың басы-қасында болып, видеоға түсірген Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов пен Айгүл Нұрболатоваға “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп, 50 500 теңге көлемінде айыппұл салды.

Белсенділерге қолдау көрсету үшін сот отырыстарына қалмай қатысқан алматылық жас Ділдә Рамазанның “пікірі ортақ, елдегі билік жүйесінің өзгергенін қалайтын” жастар көктемдегі соттарда танысып, кейінірек “Oyan, Qazaqstan” қозғалысын құрғанын айтады.

– Қазір қозғалыс қатарында жүрген негізгі құраммен көктемдегі сотта таныстым. “Oyan, Qazaqstan” жастар қозғалысы 2019 жылдың көктемінде болған оқиғалардың арқасында құрылды деуге болады, – дейді Ділдә.

“Шындықтан қашып құтылмайсың” акциясынан кейін қоғамда әртүрлі мазмұндағы плакаттар мен баннерлер ұстап, наразылық білдірген белсенділер көбейді. Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия мен Италияда оқитын қазақстандық студенттер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуды талап етіп, акция өткізді.

Алматылық суретші Роман Захаров әл-Фараби даңғылы бойындағы көпірге Конституциядағы “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” деген цитата жазылған баннер ілді. Захаровты “қоғамдық орынды ластағаны үшін” бес күнге қамаған сот шешімі сол күні қайта қаралып, айыппұлға ауысты. Белсендінің адвокаты жазаның жеңілдеуін қоғамның наразылығымен байланыстырады.

Мамырдың 6-cы күні 23 жастағы Аслан Сагутдиновті полиция Орал қаласындағы Абай ескерткішінің алдына бос плакат алып шыққаны үшін ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатқан. Белсенді алматылық жастардың акциясынан кейін туған “бос плакат” идеясы арқылы елде сөз бостандығы жоғын көрсеткісі келген.

– Халықтың «акцияға шыққан белсенділерді неге ұстады?» деп таңғалғанына назар аударғым келді. Өйткені бұл мен үшін таңғаларлық жағдай болған жоқ. Өз акциям арқылы полиция бос плакат үшін де ұстайтынын дәлелдедім. Сол күні алаңда айтқанымдай, “Таңдануды қойып, таңғалдыратын кез келді”, – дейді Аслан.

Мамырдың соңына таяу актер Әнуар Нұрпейісов бастаған бір топ жас “Мен ояндым” видеоролигін түсіріп наразылықтың тағы бір түрін бастады. Роликте сөйлеген жастар “адам құқығы шектелетін, ел астанасының атын халықтан сұрамай өзгертетін, сөз бостандығы жоқ елде оянған”. Кейін бұл белсенділерге жауап ретінде екінші топтың видеосы жарияланып, ондағы жастар “бейбіт, шетелде оқуға мүмкіндік беретін елде оянғандарын” айтқан. Желі қолданушылары “бейбіт елде оянған жастардың” біразы мемлекеттік қызметте істейтінін, “Нұр Отан” партиясының жастар қанатына мүше екенін айтып, сынаған.

“БИЛІК ЖАСТАРДАН МҰНДАЙ БЕЛСЕНДІЛІК КҮТПЕДІ”

Жастар бастамасымен құрылған “Oyan, Qazaqstan” қозғалысы маусымның басында жиын өткізіп, ұйым декларациясын жариялады. Олар биліктен парламенттік республика құруды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заңдарды халықаралық стандарттарға сай өзгертуді, әкімдерді тікелей, мәслихат депутаттарын мажоритарлық жүйе бойынша сайлауды талап етті.

“Бейбіт жиын өткізуге рұқсат сұраудың қажеті жоқ” деген ұстанымдағы қозғалыс мүшелері 2019 жылы Алматыда бірнеше рет рұқсат етілмеген шерулер ұйымдастырды. “Oyan, Qazaqstan” қозғалысының мүшесі Димаш Әлжановтың пікірінше, қазір билікпен диалог орнатудың негізгі мүмкіндігі – бейбіт митинг өткізу.

– Қазір митингілер мен кең көлемді ақпараттық науқан жүргізу арқылы диалог орнату мүмкіндігі бар. Басқаша айтқанда, билікке саяси қауіп төндіру арқылы ғана оларды диалогқа жақындатуға болады. Бірақ билікке ықпал етудің басқа формаларын да жоққа шығармаймыз, – дейді ол.

ВИДЕО: «Саяси жүйенің өзгергенін қалайтын» жастар қозғалыс құрды (5 маусым 2019 жыл).

Алматыда “Oyan, Qazaqstan” ұйымымен қатар Нұр-Сұлтандағы жастар “Respublika” қозғалысын құрды. Ресми тіркелмеген, партияға айналуды көздейтін қозғалыстың мақсаты – “халықтың таңдаулы бөлігіне ғана қызмет етпей, барлық азаматқа заң алдында тең мүмкіндік қалыптастыратын қоғам құру”. “Respublika” қозғалысының мүшесі Ғалымжан Оразымбет халықтың, соның ішінде жастардың 2019 жылғы белсенділігі билікке “тосынсый” болғанын, халық арасында қалыптасқан “саясатта не шаруамыз бар?” деген пікір өзгере бастағанын айтады.

– Жылда мұншалықты шеру, белсенділік бола бермейтін. Көбіне белсенділігіміз сайлау қарсаңында ғана болып, ертеңіне күнделікті қалпымызға түсе қалатынбыз. Ал 2019 жылы маусымдағы сайлау бұрын шашырап жүрген белсенділердің басын қосты. Билік мұндай белсенділікті күткен жоқ. “Баяғы үйреніп қалған сүрлеумен жүре береміз, бұлар әлі дайын емес, екі-үш күн шулайды да, қояды” дегенге өздері де сеніп қалған сияқты. Іс жүзінде олай болмай шықты. Халық сайлаудан кейін де белсенділігін тоқтатқан жоқ. Ең бастысы, адамдар “ары қарай не болады?” деген сұрақтарға өздері жауап іздей бастады. Бұрынғыдай “саясатпен сауатты, тәжірибелі адамдар айналыссын, біздің не шаруамыз бар?” деген ой азайған, – дейді ол.

Маусымның 9-ы күнгі кезектен тыс президент сайлауында да жастардың бақылау топтары көптеп құрылды. Олар сайлаудың әділ өткенін, дауыстарының ұрланбауын қадағалауға тырысты. Биліктегі “Нұр Отан” партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылғанда, жас белсенділер сайлау нәтижесін мойындамады. Елде дауыс беру нәтижесіне, билікке қарсы көңіл-күй өрши түсті. Наразылық күшейген тұста президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен билік арасында диалог орнататын Ұлттық сенім кеңесін құрып, оған 44 адам мүше болды. Бірақ наурыздан бері билікке талап қойып жүрген жастар кеңес құрамына кірген жоқ.

Президент кеңесшісі Ерлан Қарин Азаттыққа берген сұхбатында жастар ұйымдары кеңеске кіруге ынта білдірмегенін, “Respublika” қозғалысының өкілдері тіпті кездесуден бас тартқанын айтты.

Қозғалыс мүшелері Facebook желісіндегі ресми парақшасында Қариннің пікіріне “Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысына қатысу бойынша талаптарымызды ресми жарияладық (Қозғалыс билікке Астана атауын өзгерту туралы шешімнің күшін жою, сайлау қорытындысын қайта есептеу, азаматтарды саяси қудалауды тоқтату, Қазақстанда АЭС салмау, биліктің көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету бойынша берген уәделерін орындау, т.б. талаптар қойған – Ред.). Сол талаптар орындалғанын немесе орындалуға жақын қалғанын көрсек, келісетінімізді жеткіздік. Бірақ ресми жауап алған жоқпыз, тіпті билік орындағысы келеді деуге негіз болатын ешқандай әрекет көрмедік. Сол себепті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысына қатысудан бас тарттық” деп жауап берген.

“Oyan, Qazaqstan” қозғалысының мүшесі Димаш Әлжанов өздерін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ешкім шақырмағанын, ал президент бастамасымен құрылған консультативті-кеңесші органның жұмысына күмәнмен қарайтынын айтады.

– Біздің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы позициямыз анық болды. Қариннің Тоқаевты қолдайтын кеңес құру идеясы мен оған мүшелікке қабылданған қайшылықты құрам күмән туғызды. Бұл әрекеттер қоғамдағы сенімсіздікті жойып, салмақты саяси мәселелерді шешуге бағытталмаған, – дейді Әлжанов.

Ғалымжан Оразымбеттің пікірінше, авторитарлық жүйе өзіне қояр талабы бар топтармен диалогқа келудің орнына, оларды басып тастауға, басқа ой-пікірді қабылдамауға тырысады, бірақ кейде “ақылды” қадамдарға барып, жұмсақтық танытқандай болады.

– Билік кейде өзіне қауіп төнбейтін жағдайда еркіндік бергендей болады. Мұны қарашаның 9-ы күні Астанада «Respublika» қозғалысына митинг өткізуге рұқсат беріп, Алматыдағы «Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының рұқсатсыз митингісіне тиіспеуінен көруге болады. Біріншіден, рұқсат сұрағандардың өтінішін қанағаттандырды. Осы арқылы “рұқсат сұрасаң, митингіге қарсылығымыз жоқ” деген аргумент дайындап, “біз наразылықтың осы үлгісін қолдаймыз” дегенді түсіндіргісі келді. Рұқсат етілмеген митингіде адамдарды ұстамай, “оған да көз жұмдық” деген «саяси қайырымдылық» жасағандай болды. Сол кездегі билік «либерализміне» Қазақстанның БҰҰ-да адам құқықтары жөнінде баяндама жасауы да себеп болды деп ойлаймын. Өйткені Женевада “біздің елде адам құқықтары сақталады” деп баяндама жасап тұрып, мұнда азаматтарды қудалап жатса, өз сөзіне қарсы шыққан болар еді, – дейді ол.

Respublika қозғалысы ұйымдастырған митинг. Нұр-Сұлтан, 9 қараша 2019 жыл.

Respublika қозғалысы ұйымдастырған митинг. Нұр-Сұлтан, 9 қараша 2019 жыл.

ЖАСТАРДЫ РАЙЫНАН ҚАЙТАРУҒА ТАЛПЫНЫС

Қазақстанда жыл басынан бері өткен билікке қарсы бейбіт жиындардың басым бөлігінде полиция азаматтарды күштеп ұстаған. Одан бөлек, 2019 жылы биліктің белсенді жастарды полиция бөлімшесіне шақыру, ықтимал митингілер алдында ескерту жасау, әртүрлі әдістермен райынан қайтаруға тырысу әрекеттері жиі байқалды.

Желтоқсанның 16-сы – Тәуелсіздік күні билікке талап айтып шеруге шығамыз деген «Oyan, Qazaqstan!» белсенділерін митинг алдында прокуратураға шақыртып немесе жұмыс орнына келіп, ескерту жасады.

Митинг қарсаңында прокуратура өкілдерінен алаңға шықпау туралы ескерту алған Ділдә Рамазан “өз позицияңды білдіру – қылмыс емес, ол үшін қорқудың қажеті жоқ” деп есептейді.

– Әр митингіге дейін және одан кейін әртүрлі мемлекеттік ведомство өкілдері белсенділігімізді тоқтатудың жаңа жолдарын іздейді. Олар менімен, отбасыммен, жұмыстағы бастығыммен сөйлесіп көрді. Әрине, артымыздан аңдып, телефон әңгімелерімізді тыңдайтындарын білеміз. Бірақ қорықпаймыз, өйткені заңды біз емес, олар бұзып жатыр. Бір күні Қазақстан билігі бейбіт халықты емес, қылмыскерлерді жазалау керегін түсінер деп үміттенемін, – дейді жас белсенді.

Плакат ұстап бара жатқан "Oyan, Qazaqstan" мүшелері. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Плакат ұстап бара жатқан «Oyan, Qazaqstan» мүшелері. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

2019 жылы биліктің әр қадамын жіті назарда ұстап, бейбіт жолмен еркін пікір білдіру дәстүрін қалыптастыруға ұмтылған жастар Тәуелсіздік күнін де әдеттегіден ерекше атап өтті. Желтоқсанның 16-сы күні “Oyan, Qazaqstan” қозғалысының мүшелері Алматыда рұқсат етілмеген митинг өткізіп, Тәуелсіздік монументінің алдына жиналды. Олар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алды. Биліктен Конституцияны өзгертіп, парламенттік республика құруды талап етті. Олар қолдарына “Назарбаевсыз Қазақстан” деген баннер ұстап, Алматы көшесімен шерулетіп жүрді. Сол күні Алматы полициясы біраз жас белсендіні ұстап, босатты.

Тәуелсіздік күні Нұр-Сұлтан қаласында да полиция “Respublika” қозғалысының алаңға шыққан бірнеше белсендісін ұстап, кейін босатқан.

Жас белсенділер Тәуелсіздік күні шеру өткізетінін жариялап жатқанда билік желтоқсанның 10-ы күні “Жастар жылын” қорытындылап, жиын өткізді. Жиында сөз алған Президент Тоқаев “азаматтық пікірін еркін білдірген жастарды қудаламаймыз, жастарды тыңдаймыз”, – деді.

Бірақ жас белсенділер “Жастар жылы” елде қысым мен қудалау жиілегенін айтады.

– “Жастар жылы” билік популизммен айналысты. Сөз көп, бірақ нақты іс аз. 2019 жылы ересектерден гөрі жастар саяси белсенді болды. Бірақ мүмкіндік беріп жатқан жоқ. Амалын тауып, қысады. Ол жұмыс жағынан, отбасы жағынан болады. Біздің жүйе бұл жағынан фантазиясы өте мықты, – дейді “Respublika” қозғалысының өкілі Бэлла Орынбетова.

Қазақстанның экс-президенті Назарбаев 2019 жылды “Жастар жылы” деп жариялаған. “Жастар жылының” ашылу салтанатына Назарбаевтың өзі қатысып, жиынға бюджеттен 223 млн теңге бөлінген. Жұрт екі сағаттық жиынға осыншама ақша бөлінгеніне қарсы болған.

Azattyq