«Билікке 1 ай уақыт береміз»: Алматыда утилизация алымына қарсы баспасөз-митингі өтті

0
581

Алматыда бір топ белсенді азаматтардың ұйымдастыруымен «Утилизация алымына жол жоқ» деген ұранмен баспасөз-митингі өтті, деп хабарлайды kznews.kz сайты stan.kz порталына сілтеме жасап.

Жиынға ұйымдастырушылармен қатар шетел нөмірлі көліктері бар қарапайым халық өкілдері де қатысып, билікке өз талаптары мен ұсыныстарын айтты.

Баспасөз үйінде өткен басқосуды ұйымдастырушылардың қатарында саясаттанушы Санжар Боқаев, «El Tiregi» партиясының төрағасы Нұржан Альтаев және «Шопан-ата» Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев секілді азаматтар болды.

Олар бұған дейін бейбіт жиналыс түріндегі митингті өткізуге 8 рет әрекет жасалғанын, алайда әртүрлі сылтаулармен биліктің рұқсат бермегенін айтты.

Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, үкімет көптеген қалалардың алаңына халықтың наразылыққа шығуынан қауіптенетіндіктен, мұндай жиындарға рұқсат бермейді. Сондықтан біз жаңа форматтағы баспасөз-митингін өткізуге мәжбүр болдық дейді олар.

Қозғалыс жетекшілерінің бірі саясаттанушы Санжар Боқаев қазіргі уақытта елімізде көлік дефициті байқалып отырғанына тоқталды.

«Қазіргі уақытта автокөлік қол жетпейтін арманға айналды. Көлік сату орталықтарында автокөлік мүлдем жоқ. Сенбесеңіздер, өздеріңіз барып көрсеңіздер болады. Қарапайым отбасылар үшін көлік тек күнделікті қажеттілік ретінде қарастырылуы керек. Алайда дұрыс жүргізілмеген саясаттың кесірінен тұрғындардың оған қолы жетпей отыр», — деді ол.

Боқаев сонымен бірге «Утилизация алымына жол жоқ» қозғалысының мүшелері алдағы уақытта саяси партия құруы мүмкін екенін жеткізді.

«Біздің қатарымызда қазірдің өзінде 100 мың адам бар. Екі аптаның ішінде петицияға 150 мың адам қол қойды. Біз күресімізді тоқтатпаймыз. 2022 жылы бұл бағытттағы жұмыстарымызды күшейтеміз. Қажет болатын болса саяси партия құрамыз. Қазір біз ультиматум қойып отырмыз. Билікке бір ай уақыт береміз. Егер үкімет осы бір айдың ішінде бұл саясатты өзгертпейтін болса, референдум жариялайтын боламыз. Мен бізді халықтың қолдайтынына сенімдімін», — деді саясаттанушы өткен баспасөз-митингінде.

Жиынға жиналғандардың сөзінше, үкімет автоөнеркәсіпке бұрын соңды болмаған қолдауды көрсеткенімен, іс жүзінде қазақстандық өнеркәсіп дамудың жолына түспеген. Ал қарсы міндеттемелердің орындалуына бақылау мүлдем қойылмаған.

«Азия Автоның» бір өзі мемлекетке 174 млрд теңге шығын келтірген. Бұл компанияның бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин Қазақстаннан кетіп, ресейлік миллиардерлердің тізіміне қосылды. Ал мұның барлығы үкіметте ешкім утилизация алымы қаржысының тиімсіз жұмсалуын, олардың жоғалуы мен қолды болуын бақыламайды деген сөз», — дейді жиналғандар.

«Шопан-ата» Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев утилизация мөлшерінің зияны ауыл шаруашылығына да тиіп отырғанын айтты.

«Мемлекеттік экономиканың басты драйвері ауыл шаруашылығы дейді де, бізді екінші аяғымен шалады. Билік бізге үлкен сомадағы субсидия қаражатын бөліп, оны утилизация арқылы қайта тартып алады. Бұл негізі утилизациялық алым емес, ол – салық. Біз оны төлеуге міндетті боламыз. Сол себепті бұл салық түрі ауылдың қарапайым шаруасына зиянын тигізбеуі керек», — деді Алмасбек Садырбаев.

Санжар Боқаев утилизация алымының керісінше сыбайлас жемқорлыққа жол ашып, көлік сатып алуды қазақстандықтар үшін қолжетімсіз ететінін атап өтті.

«Заңға сәйкес, біз кездестіретін барлық басқа өнімдерде утилизация алымын төлеу енгізілген. Тіпті егер сіз теледидар, пластик немесе телефон қуаттағышын сатып алсаңыз да ол үшін утилизация алымын төлеуге міндетті боласыз. Стақандағы кофенің өзіне утилизация алымы енгізіледі», — деді ол.

Жиынға келген Ресей нөмірлі көліктердің иелері де қазіргі уақытта қиын жағдайға тап болғандарын айтып, полиция тарапынан қуғындауға ұшырап жатқандарын жеткізді.

«Біз бұл көліктерді қалтамыздың ыңғайына қарап алдық. Өйткені қазақстандық нөмірлі көліктердің бағасы қаншалықты қымбат болып тұрғаны айтпаса да белгілі. Қазір елімізде 88 мың көлік заңсыз тіркеусіз жүр деген мәлімет бар. Бұл мәлімет қаншалықты шындыққа жанасатынын да білмейміз. Еліміздің көптеген қалаларында шетелдік нөмірлі көліктерді тоқтатып, тексерулер жүргізіліп жатыр. Бұлардың көпшілігі заңсыз. Сол себепті өз тарапымыздан осы заңсыздықтардың барлығын тоқтатуды талап етеміз», — деді жүргізушілердің атынан сөйлеген Тимур Жаркенов.

Қозғалыс мүшелерінің пікірінше, қазіргі талап етіліп отыраған утилизация алымы – нарық пен халық талабына қарсы шығады әрі қаржылық түсініксіз құрылған схема және алдағы уақытта ол экономиканың барлық салалары үшін бірқатар келеңсіздіктер алып келуі мүмкін.

Жиынның соңында белсенділер биліктің утилизация алымын қайта қарау үшін түбегейлі шешімдерді қабылдауға 2022 жылдың 1 ақпанына дейін уақыт беретіндерін айтты.

Саясаттануы Санжар Боқаев қозғалыстың алдағы жоспарлары қандай екенін айтып берді.

«Бір-екі айдың ішінде нәтиже болады деп ойлаймын. Біз «Утилизация алымына жол жоқ» ұранымен жалпыхалықтық қозғалыс құруды көздейміз. 1 ақпаннан жалпыұлттық референдум өткізуді бастаймыз. Мұның барлығы заң аясында жүргізілетін әрекеттер және біз мақсатымызға жету үшін барлық заңнамалық шараларды қолданатын боламыз», — деп сөзін түйіндеді ол.

ЕЛІМІЗДЕГІ УТИЛИЗАЦИЯ ДАУЫ

Қазақстанда автокөлікке қатысты утилизация алымы 2016 жылы енгізілген. Ал оған халықтың наразылығы соңғы уақытта жиілеп кетті. Мысалы үшін, қараша айының басында полицейлер ресейлік нөмірлі көліктерге рейдтер ұйымдастырып, көліктерді айыптұраққа қоя бастаған. Бұған жауап ретінде көлік жүргізушілері наразылық акциясына шығып, мұндай толқулар бірнеше қалаларда болып өтті. Нәтижесінде полиция тарапынан жүргізілетін тексерулер тоқтатылған болатын.