Билік жолында күйеуі мен ұлын жоғалтқан Дариға: Үлкен қыздың мансабы аяқтала ма?

0

Қаңтар оқиғасынан бері Мәжілісте төбе көрсетпеген Дариға Назарбаеваның әрекеті көпке түсініксіз. Басында коронавируспен ауырғаны айтылған. Кейін денсаулығын түзеп, емделіп жатқаны хабарланды. Дариға Мәжілістен кетеді дегенше, «отбасы» өкілдерінің ықпалы азая берді. Мәжіліс әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін құзіретінен айырды. Бір ай өтті, Дариға неге асықпайды? Бұл қылығы оның билікті қолдан бергісі келмейтін айырықша амбициясын білдіре ме? Әлде… Шынтуайтында, елді 30 жыл билеп-төстеген әулетте билік жолында ең көп «құн төлеген» Дариға. Ол күйеуі мен баласынан тірідей айырылды. Бұл туралы ulysmedia.kz сайты жазды, деп хабарлайды кznews.kz сайты.

МЕДИАМЕНЕДЖЕР ДАРИҒА

Дариға қоғамдық жұмыстарға алғаш анасы Сара Назарбаеваның жобалары арқылы араласа бастады. Ол 1992-1994 жылдары «Бөбек» балалар қайырымдық қорының вице-президенті қызметін атқарды. Одан кейін, 1995 жылы «Хабар» телеарнасын құрып, Қазақстннның медианарығын иегеруге кірісті. Ол кезде Дариға 32 жаста болатын.

Осы тұста Дариғаның иелігіндегі БАҚ-қа тоқтала кетсек. Ашық дереккөздерден алынған мәліметке сәйкес КТК телеарнасының бас акционері – Тұңғыш Президент Қоры (91,35% акция) және Олег Чумаченко басқаратын «Медиа-Инвест» ЖШС (5,81%). Чумаченко тағы бір медиа компания – «НТВ-Қазақстан» ЖШС басқарады.

Үлестес тұлғалар Дариға Назарбаева, Тұңғыш Президент – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, «STRANA Media Team» ЖШС және оның директоры Наталья Фазылжанова, сондай-ақ Батырханов Максим.

НТК телеарнасы «Независимый Телевизионный Канал» ЖШС-не тиесілі, оның бас директоры Саида Игенбек.

«Независимый Телевизионный Канал» ЖШС құрылтайшысы «Еуропа плюс Қазақстан» ЖШС. Бұл компания өз кезегінде Дариға Назарбаеваға тиесілі. Бұдан басқа, Forbes деректері бойынша екі ЖШС-да Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиевтің де үлесі бар.

«АСАРДЫҢ» ҚЫП-ҚЫСҚА ТАРИХЫ

«Хабар» телеарнасын 8 жыл басқарған Дариға Нұрсұлтанқызы 2003 жылы «үлкен саясатқа» саясатқа бет бұрады.

Жарнамасы жер жарған «Асар» партиясы Дариға үшін Парламентке «ашылған есік» іспетті болды. 2003 жылы 25 қазанда Алматыда Қазақстанның барлық облыстарынан 1100 делегаттың қатысуымен өткен Құрылтай съезі өтті. Онда партияның жарғысы мен бағдарламасы қабылданып, партия төрағасы Дариға Назарбаева бірауыздан сайланды. Партияның Саяси кеңесіне Раушан Сәрсембаева, Гүлнар Иксанова, Ерлан Қарин және тағы басқа танымал тұлғалар енді.

2004 жылы Парламентте «Асар» партиясының фракциясы ұйымдастырылды, оған сенаторлар Рашит Ахметов, Фарит Галимов, Мүсірәлі Өтебаев, Светлана Жалмағамбетова, Әбіш Кекілбаев, Нұрлығайым Жолдасбаева, Жандарбек Кәкішев және Мәжіліс депутаттары Валериан Землянов, Ұзаққали Елеубаев, Нұрдәулет Сәрсенов кірді.

2004 жылғы Мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша партия партиялық тізім бойынша 541 239 (11,38 %) дауыс жинап, Мәжілісте бір орын алды, партиялық тізім бойынша депутат Дариға Назарбаева болды.

2006 жылдың 4 шілдесінде партияның кезектен тыс съезі өтті, онда «Отан» Республикалық саяси партиясымен бірігу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп «Асардың» ғұмыры аяқталды.

КҮЙЕУІ МЕН ҰЛЫ ҚАЗА ТАПҚАНДА ҚАЙДА БОЛДЫ?

Бұдан кейінгі жылдары Дариғаның қызмет жолы Парламент қабырғасында өрбіді. Бірнеше шақырылым депутат болған ол 2014 жылдың сәуірінен 2015 жылдың қырқүйегіне дейін- мәжілістің вице-спикері болды. Осы тұста оның бірінші күйеуі Рахат  Әлиев те өмірден озды.

2015 жылы премьер-министрдің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары болып 1 жылдай қызмет етті 2016 жылы Парламентке қайта оралды. Бұл жолы сенат депутаты атанды. 2019 жылы 19 наурызда Назарбаев билікті Тоқаевқа тапсырған соң, Дариға Нұрсұлтанқызы Сенат төрағасы болып тағайындады.

Бұл қызметте ұзақ отырмады. Айсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік желідегі мәлімдемелері әсер етті ме, Дариға елдегі «екінші адам қызметінен» кетуге мәжбүр болды. Үш ай өткенде Айсұлтан Лондонда қаза тапты. 4-5 ай көзден таса болған Дариға Назарбаева 2020 жылы желтоқсанда қайта Мәжіліске депутат болды.

ҮШ БАЛАСЫ

Дариға Назарбаева 1983 жылы Рахат Әлиевпен шаңырақ көтерді. Ол кезде Рахат Әлиев дәрігер болатын. Кейін қайын атасы билікке келген соң, Рахат қызметке бел шеше кірісті. 39 жасында ҰҚК төрағасының орынбасары болды. 2007 жылы заң жүзінде Рахат пен Дариғаның некесі бұзылып, Рахат Әлиев Австрияға қоныс аударды. Оған «Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» және «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді ұйымдастырды» деген айыптар тағылып, халықаралық іздеу жарияланды. Рахат Әлиев 2014 жылдың соныңда Вена қаласындағы тергеу изолияторында  өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды.

Рахат пен Дариғаның үш баласы бар. Нұрәли Әлиев, Айсұлтан Назарбаев, және қызы Венера Назарбаева. Балалары ержеткенде беделді адамдармен құда болды. Нұрәлінің қайын атасы Берік Имашев болса, Айсұлтан Қайрат Боранбаевтың қызына үйленді. Венера Шажүнісовтер әулетіне келін болды.

АЙСҰЛТАННЫҢ ҚИСЫНСЫЗ КӨРІНГЕН ДОЛБАРЫ

Президент атасының қолында өскен, тегі де Назарбаев болған Айсұлтан 2016 жылы отбасына қарсы шығып, марқұм әкесі үшін күрес бастады. Ол Фейсбукте өте белсенді болды. Басында биліктегі былықтарды әшкерлейтін жазбалар қалдырып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Кейін адам сенгісіз мәлімдемелер жасай бастады. Айсұлтанның долбарларының бірінде Қазақстанда төңкеріс болатыны, оны кім ұйымдастыратыны да жазылған.

Сол кезде көпшілік бұл жазбаларды есі ауысқан адамның сандырағы деп, күліп қабылдайтын. Тіпті, оның аккаунтын бәз-біреуер бұзып кірді деген әңгіме тарады. Кейін сұхбат барысында Назарбаевтың өзі жиен-немересінің есірткіге тәуелді екенін мәлімдеді.

Англия елшілігі 2020 жылдың 17 шілдесінде арнайы клиникада ем қабылдап жатқан Айсұлтан Назарбаевтың өлімі туралы хабарлады.

Рахат Әлиевпен болған сәтсіз некеден кейін, 2013 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен Дариға Назарбаеваның отау құрғаны айтыла бастады.

Кейбір басылымдар Шәріпбаев пен Назарбаеваның ортақ ұлы бар екенін де жазған.

Халық Дариға Назарбаеваның  депутаттық мандатын тапсыруын талап еткен петицияға қол жинап жатыр. Ал бір кездері ауызан қарап отырған әріптестері оның қызметтен өз еркімен кеткені жөн деген пікір білдірді.

Өзге сіңілілерінен гөрі үкен саясатқа ашық ұмтылған үлкен қыздың өмірбаяны шытырман оқиғалы триллерден кем түспейді. Бір адамның тағдыры әлде трагедиясы. Ол президент болады, парламенттік республика құрылса, билік қолына өтеді. Қаңтар оқиғасына дейін оның болашағы жайлы қилы-қилы болжамдар айтылды. 59 жастағы Дариға иеленген ең биік мансап Сенат төрағасы қызметі еді. Ол Тоқаевтан кейін бұл лауазымда 1 жыл 3 ай ғана отырды. Осы орынтаққа жеткенше, ең жақын екі адамның өмірі қиылды. Билік оған өте үлкен ықпал, шексіз байлық сыйлады. Өз таңдауы осы болса керек. Дегенмен, жақын күндері үлкен қыздың саяси тағдыры шешілетіні анық.