Билік жалпыхалықтық мүлік декларациясының уақытын өзгертті
Қазақстан билігі 2020 жылдың қаңтарынан басталады деген жалпыхалықтық кіріс пен мүлік декларациясын енгізуге премьер-министр Асқар Мамин «қосымша уақыт керегін» айтты. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарламасына сілтеме жасап, ҚазТАГ жазды.
Үкімет басшысының баспасөз қызметінің жазуынша, Қарағанды облысы Осакар ауданында мүлікті декларациялау жобасы сынақтан өтіп, «біраз мәселенің барын көрсеткен».
Хабарламада қаржы министрлігі үкіметке бүкілхалықтық декларацияны сатылы түрді енгізуді ұсынғаны жазылған.
«Алдымен 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жолдас-жұбайлары не соған теңестірілген тұлғалардың мүлкі декларацияланады. Сосын 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп пен аурухана сияқты мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың әйел-күйеулерінің мүлкі жарияланады. Үшінші – 2024 жылдың 1 қаңтарынан жекеменшік компаниялардың иелері мен басшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың зайыптарының дүниесі декларацияланады. Соңғы төртінші сатыда – 2025 жылдың 1 қаңтарынан қалған азаматтардың мүлкі жарияланады» деп жазады баспасөз қызметі.
Премьер-министрдің баспасөз «қызметі қазір бүкілхалықтық декларацияны сатылы түрде енгізу үшін заңға енгізілетін өзгерістер қаралып жатқанын» айтады.
Оқи отырыңыз: Кіріс пен мүлік декларациясы алдындағы күдік
Бұл саясаттың мақсаты – заңсыз табыспен және жемқорлықпен күрес. Мемлекет азаматтарының қанша айлық алатынын, қосымша табыс қайдан түсетінін, банк пен үйде қанша ақша сақтайтынын, қандай мүлік-мүкәмалы бар екенін білгісі келеді. Тұрғындардың бағалы қағазы, өнер туындылары, антиквариат пен биологиялық активтері (жануарлар мен өсімдіктер) бар-жоғын түгендемек.
2021 жылы билік жинаған мәліметін бір жыл бұрынғы есеппен салыстырмақ. Табысын жасырып қалғандарға айыппұл салмақшы.