Билік уәде еткен 100 мың теңгені алмаған арыстықтар әкімдікке келді

0

12 маусым күні Түркістан облысы Арыс қаласы әкімдігінің алдына келген тұрғындар үкімет берген 100 мың теңге (257, 85доллар) алуға құжат тапсыра алмай отырғанына шағынды.

Таңғы сағат 9.00-ден бастап әкімдік алдына келе бастаған тұрғындарды полиция мен әкімдік қызметкерлері әкімдік алдындағы «Мәңгілік ел» саябағының қоршауынан шығармай отырды. Әкімдікте облыс әкімі Өмірзар Шөкеев жиналыс өткізді.

Саябақ қоршауында қалған он шақты тұрғынның бірі жарылыс кезінде зақымданған үйінің жөндеуіне көңілі толмайтынын, 100 мың теңге көмекке құжат тапсыра алмай жүргеніне шағымданды. Аты-жөнін айтудан бас тартқан тұрғынның сөзінше, құрылысшылар үйіне жөндеу жүргізгенімен ішкі жұмыстарын шала жасаған. «Қалғанын өзің жасап ал» дейді. Олай болмайды ғой. Далада жатырмыз. Балаларымның да оқуы жақындады. Не істейміз енді?» деді ол.

Тұрғынның мекен-жайын жазып алған әкімдік қызметкері оның тұрғылықты жері бойынша жауапты сектор өкілін шақырды. Сектор өкілі тұрғынмен сөйлесіп, оны өзімен бірге алып кетті. Әкімдікке үйінің құрылысына көңілі толмайтындармен бірге 100 мың теңге көмекті алуға құжаты өтпей қалған жиырма шақты адам келді.

Олардың айтуынша, көмекті алу үшін құжаттарын өткізгенімен ақша шықпаған. Бір реттік берілетін 100 мың теңге көмекті ала алмай қалдық деп шағымданушылардың арызын әкімдік қызметкерлері алып қалуда. Әкімдіктің мәліметінше, тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуі жоқ тұрғындарға көмек шықпаған.

Көмекті ала алмай қалғандардың нақты қайда өмір сүргенін анықтау үшін өтініш жаздырып, мектептен, балабақшадан, жұмыс орнынан анықтама алдыруда. Облыс әкімдігі үкіметтен берілетін 100 мың теңге көмек 12 тамыздан бастап тұрғындардың банк картасына түсе бастайтынын хабарлаған.

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің Азаттыққа айтуынша, қалада елу мыңнан аса адам көмекке құжат тапсырған. Қазір бес мың адам ақша түсіруге арналған банк картасын түрлі себеппен алып кетпеген. Құжат әзірлеу кезінде 1800 адамның құжатын екі рет тапсырғаны анықталған. Көмекке ілінбей қалдық деп әкімдікке екі мыңнан аса арыз түскен. «Бұл арыздарды арнайы комиссия тексеріп жатыр» деді ол.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген. 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңінде 28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды. Билік Арыстағы әр тұрғынға 100 мың теңге беретінін айтқан.

Бүгін, 12 тамызда Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайлов «Арыс қаласын қалпына келтіру бюджеті – 56,1 миллиард теңге» деген. 4 шілдеде министр Смайлов Арысты қалпына келтіруге 34,5 миллиард теңге қажет деген еді.

Azattyq