Билік шетелдік жұмысшылармен болған жанжалдың себебін айтпады

0

Қазақстан билігі Жәйремдегі төбелестің себебін ашып айтпады. Зардап шеккендердің саны мен олардың азаматтығы туралы да ақпарат бөліспеді. Биліктің құрғақ ақпараттарында шетелдік бірнеше жұмысшы аздап жараланғанын, оларға дәрігерлік көмек көрсетілгені және жағдайдың реттелгені айталады.

ЖӘЙРЕМДЕ НЕ БОЛДЫ?

Әлеуметтік желіде кешелі бері «Жәйрем тау-кен комбинатындағы төбелес» деген видео тарап кетті. Жәйремдегі бұл комбинат «Қазцинк» компаниясына тиесілі.

Желіде тараған видеолардың бірінде он шақты жеңіл көліктен шыққан ер адамдар жылдам басып, жұмыс объектісіне бара жатқаны көрінеді. Видеоны түсіріп тұрған адам «Жәйрем жастары комбинатқа басып кірді» дейді.

Жанжалдан кейін түсірілуі мүмкін тағы бір видеода жұмыс формасы мен каска киген ондаған адамды көруге болады. Видеода сынған терезелер, шашылған заттар байқалады. Видео түсіріп тұрған адам терезені өрт сөндіргіш құралмен сындырғанын айтады. Бұл видеолардың Жәйремде түсірілгенін нақтылау мүмкін болмады.

Ескі Жәйрем және Жаңа Жәйрем елдімекендерінің тұрғындарының айтуынша, дүйсенбі кешкісін және 13 тамыз таңертең шенеуніктер жиналыс өткізіп, жұртты сабырға шақырған. Аты-жөнін жариялағысы келмеген тұрғындар Азаттыққа жанжал жалаңаш қыздың суретінен шыққанын айтты. Енді бірінің сөзінше, жергілікті тұрғындар комбинатта шетелдік жұмысшылардың істегеніне қарсы шыққан.

— Жалаңаш қыздың фотосы жанжалға түрткі болды. Жәйрем және Ескі Жәйрем елдімекенінің жастары «шетелдіктерге жұмыс табылады да, бізге жұмыс неге табылмайды?» деп ашуланды. Бұл мәселе бұрыннан бар. Кеше өткен жиында билік өкілдері жұмыс мәселесі шешілетінін айтып, уақыт сұраған, — деді Азаттыққа жергілікті тұрғын.

Ескі Жәйрем кентіндегі қорғасын байыту фабрикасының құрылысы. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Ескі Жәйрем кентіндегі қорғасын байыту фабрикасының құрылысы. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Қарағанды облысы әкімдігі 13 тамызда облыс басшысы Ерлан Қошановтың Жәйремге барғанын (облыс орталығы Қарағандыдан 360 км жерде) растады. Әкім Жәйрем тұрғындарымен және тау-кен комбинатының жұмысшыларымен кездескен.

Әкімдік аймақта «жағдай реттелгенін» және «Жәйремде жағдай тыныш» екенін мәлімдеді, бірақ жанжалдың себебін атамады.

Жанжалға не түрткі болғанын Нұр-Сұлтанда айтпады. 13 тамыздағы үкімет отырысынан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мардымды ақпарат бермеді.

— Тапсырма берілді. Қазір мамандар жергілікті билікпен бірге жұмыс істеп жатыр, — деп қысқа қайырды Сапарбаев.

Ал Тұрғымбаев Қарағанды облысы полиция департаментінің басшысы Жәйремде жүргенін, «ақпарат анықталып жатқанын» ғана айтты.

Қарағанды облысы полиция департаменті Жәйрем тау-кен комбинатында болған жанжалдан кейін Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша тергеу бастағанын хабарлады. Қарағанды полиция департаментінің мәлімдемесінде қазір Жәйремде «жағдай реттелгені, полицейлер бақылауға алғаны» жазылған. Ал департаменттің баспасөз қызметі тергеу құпиялығына сілтеп, «органдар Жәйремде не болғанын анықтайды» деп мәлімдеді.

Азаттық Жәйремдегі комбинаттан ресми жауап ала алмады. Телефонды көтерген адам «басшылық орнында жоқ» деп жауап берді.

Жәйремдегі жанжалда зардап шеккендер Түркия азаматтары екені айтылған. Түркияның Қазақстандағы елшілігі бұл ақпаратты растамады, жоққа да шығармады. Елшілік өкілі Азаттыққа «сұрақтарға жауап беретін қызметкерлер Қарағандыда жүргенін» айтты.

Жәйремдегі жағдай талқыланып жатқанда интернетте ер адамның «Жәйрем тұрғындары мен бүкіл Қазақстаннан кешірім сұраған» видеосы тарады.

«Құрметті Жәйрем тұрғындары! Менің әдепсіз қылығым ауыр жағдайға себеп болды. Ісім үшін қатты өкінемін. Кешірім сұраймын. Өте қатты өкінемін» деді видеодағы ер адам орыс тілінде.

Оның не үшін кешірім сұрағаны, бұл видеоның Жәйремдегі жағдайға қатысы бар-жоғы белгісіз. Видео астындағы пікірлерде интернет қолданушылары қазақ қызының фотосы мен видеосының тарап кеткені жайлы жазып жатыр.

БИЫЛҒЫ ЖАЗДАҒЫ ЕКІНШІ ОҚИҒА

Бұл — Қазақстанда шетелдік жұмысшылар мен жергілікті тұрғындар арасында туындаған биылғы жаздағы екінші жанжал. 29 маусымда Атырау облысындағы Теңіз кенті жұмысшылары арасында жанжал шығып, кем дегенде 40 адам зардап шеккен. Ливан мен Иордания басылымдары қақтығыстан соң жүздеген азаматының Қазақстаннан қайтқанын жазған. Қазақстан билігі мұны «тұрмыстық жанжал» деп атаған.

Теңіздегі төбелес мессенджерде тараған қазақ қызы мен шетелдік жұмысшының фотосынан шыққан. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, қазақстандық жұмысшылар фотоны «масқаралау» деп қабылдаған.

«Жұмысшыларға Ливия азаматы (кейбір жерде Ливан азаматы – ред.) Әли Даудтың WhatsApp желісінде жариялаған фотосы ұнамаған. Фотода ол қолындағы рацияны жанындағы қызға бағыттап тұрған» деп мәлімдеді Атырау облысы әкімдігі.

Теңіздегі оқиғадан кейін интернетте өзін Әли Дауд деп таныстырған жігіттің «Қазақстан халқынан кешірім сұраған» видеосы тарады. Ол суретті түсіргенде «ешқандай арам ойы болмағанын» айтты. Біраз уақыт өткен соң ССЕР компаниясының бас директоры Кауаш Хишам Әли Даудтың жұмыстан қуылғанын жеткізді. Хишам «Даудтың қылығы үшін» кешірім сұрады.

Теңіздегі жұмысшылар наразылығы. Видеодан алынған скриншот.

Теңіздегі жұмысшылар наразылығы. Видеодан алынған скриншот.

Артынша ливандық және иорданиялық басылымдар Теңіздегі оқиғадан кейін осы жерде жұмыс істеген жүзден астам адам Ливия мен Иорданияға оралғанын хабарлады.

Аты-жөндерін жарияламауды сұраған Теңіз кенішінде жұмыс істейтін қазақстандықтарАзаттыққа фото тек жанжалға себеп болғанын айтты. Олардың сөзінше, жергілікті жұмысшылар кеніште шетелдіктерге жақсы жағдай жасалатынына наразы болған.

Кейін облыс билігі жанжал жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жұмыс жағдайдың теңсіздігінен шыққанын айтып, кеніштің иесі «Теңізшевройл» компаниясы басшылығынан бұл мәселені шешуді сұрады. Бірақ Қазақстан үкіметі Теңіздегі жанжалда жұмыс жағдайы айтылмағанын алға тартты.

Қазақстан сыртқа өзін көп жылдар бойы инвестиция тартып, шетелдің озық үлгілерін пайдаланатын ел ретінде көрсетіп келеді. Соңғы жылдары сырттан келетін инвестиция көлемі азайып барады. Биыл сәуірде Қазақстан қаржы министрі Әділхан Смайлов 2018 жылы нақты инвестицияның көлемі екі есеге төмендеп, 3,8 миллиард доллар болғанын айтқан.

Azattyq