Билік пен бизнес үйлесімі | «Айқын» газеті

0

Астанада Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Онда палата жұмысының қорытындылары шығарылды, сондай-ақ Қазақстан экономикасының түрлі салаларында бизнесті дамыту міндеттерінің жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Өз сөзінде Премьер-министр жақында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында экономикалық және саяси сыртқы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер мәселесі көтерілгеніне назар аудартты. Үкімет бұл тұрғыдағы өз болжамдары мен көзқарасын ұсынды. Дегенмен бұл жұмыс тек билік кәсіпкерлік қоғамдастықпен бірлескенде ғана табысқа жетпек.
Отырыста мемлекет пен бизнестің бір­лескен жұмысының негізгі нәтижелері ба­ғамдалды. Мәселен, жыл басында салықтық әкімшілендіруді жеңілдететін жаңа Салық кодексі күшіне енді. 2019 жылдың 1 қаңтарында 89 мың ШОБ өкіл­деріне есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды жоятын салық амнистиясы бастау алады. Сонымен қатар салықтық құқық­бұ­зу­шылықтар үшін қылмыстық жауапкер­шілікке тарту шегі 20 мың АЕК-тен 50-ге дейін көтеріледі. Биыл іске қосылған жаңа Кедендік кодекс те рәсім­дердің ашық­ты­ғын арттырып, кедендік алымдар ставкасын төмендетті. Халық­аралық сауданы да­мы­тудың кедендік инфрақұрылымы жа­ңартылды. Қорғаста жаңа техникамен жаб­дықталған «Нұр жолы» автокөлік өткізу пункті ашылды.
Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген жү­йелі реформалар қазірдің өзінде тексеріс санын соңғы 8 жыл ішінде 349 мыңнан 81,6 мыңға дейін немесе 4 есеге кемітті. Бұдан басқа, бизнеске бақылау-қадағалау ор­гандарынан түсетін ауыртпалық азай­тылды. Бақылау функциялары 30 пайызға төмендеді әрі бұл жұмыс жалғасуда.
Елбасы таяудағы Жолдауында Үкіметке экономиканы қосымша қаржыландыру арқылы қолдауды тапсырды. Мәселен, Ұлттық банк бөлетін 600 млрд теңге басымдықты жобаларды несиелендіруге бағытталмақ. Үкімет ҰКП-мен бірлесіп, қаржы бөлу тетігін әзірледі, тиісті тауар түрлері айқындалды. Жол картасы жа­салды, қатысушы банктер анықталды. Осы орайда Б.Сағынтаев ұлттық палатаға 2019 жылдың басынан бастап қолдау шаралары көрсеті­летін бағыттар мен нақты жоба­ларды осы жыл соңына дейін анықтап алуды ұсынды.
Кәсіпкерлердің сұрауымен «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады, ол бойынша жыл сайын 30 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлініп отырады.
Жиында палатаның он стратегиялық мін­деті аясында атқарылған жұмыстар мен 2023 жылға дейінгі жоспары туралы баяндалды.
«Атамекен» ҰКП төралқасының төр­ағасы Тимур Құлыбаев талқылауды қоры­тындылай келе, палата жұмыс істеген бес жылда «Атамекен» мен Үкіметтің күн тәртібі өзара үйлесім тапқанына тоқталды.

Айхан ШӘРІП