Билік өзі қабылдаған шешімге өзі қарсы шықты — қырғыздар TikTok-ты қайтарғысы келеді

0

TikTok бала денсаулығына зиян деген шенеуніктер енді оны ел экономикасы үшін қажет деп отыр

Қырғыз билігі өздері бұғаттап тастаған TikTok желісін пайлануға қайтадан рұқсат бермек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті ақпарат құралының жазуынша, TikTok туризмді дамытуға көп көмегін тигізетін құрал, оны үстіне кәсіпкерлер үшін жарнама жасауға пайдалы алаң екені айтылған.

Депутат Марлен Маматалиевтің сөзінше, билік TikTok-ты ресми бұғаттағанымен қырғыздар VPN-ді пайдаланып, желіге оп-оңай кіріп жүр.

«Бәрі TikTok-ты еш қиындықсыз қолданып жүр. Біз оған тыйым салғанымызбен, іс жүзінде ол істеп тұр. Қазіргі күні Қырғызстан азаматы Орталық Азиядағы TikTok өкілдігінің басшысы болып тағайындалды. Ол Қырғызстанда кеңсе ашып, деструктивті күштердің орналасқан жерін анықтау үшін құқық қорғау органдарымен біріге жұмыс істеуге дайын отыр», — деді депутат.

Айта кетсек, 2024 жылы сәуірде Қырғызстан TikTok желісін бұғаттап тастаған. Билік оның себебін «балалардың психикасын қорғауымыз керек» деп түсіндірді. Бірақ бұл тыйым әлеуметтік желінің танымалдығына еш әсер етпеген. Халық сол күйі TikTok-қа кіруді тоқтатпаған.