«Билік өкілін қорлады» деп айыпталған белсендіге үкім шықты

0

19 желтоқсанда Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты «билік өкілін қорлады» деп айыпталған белсенді Нұржан Мұхаммедовке 12 625 теңге көлемінде айыппұл салып, 40 сағат қоғамдық жұмыс істеуді міндеттеді. Белсенді үкіммен келіспейтінін айтты.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, сот үкімі оқылатын күні сот ғимаратына белсендіні жақтап, шамамен 15 тұрғын келген. Үкім оқылып біткен кезде белсендінің жақтастары «масқара!» («позор») деп айқайлап, сот залынан шығып кетті.

Бұл іс бойынша сот 12 желтоқсанда басталған. Сотқа шағымды Қаратау аудандық полиция басқармасының инспекторы түсірген. Оның айтуынша, Мұхаммедовті 25 қазанда «әкімшілік жазаға тарту ісі бойынша» сотқа апара жатқан кезде айыпталушы оны «балағаттаған». Бұған дейін белсенді Мұхаммедов тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. Істі судья Төлешов қарады.

Полиция қызметкері «Мұхаммедов мені балағаттады» деген күні яғни, 25 қазанда кешке Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдірген Нұржан Мұхаммедовті бес тәулікке қамаған еді. Сол күні сотқа күшпен жеткізілген Нұржан Мұхаммедовтің сот залында денсаулығы нашарлап, дәрігерлер оны жедел жәрдеммен алып кеткен еді. Дәрігерлер оның иығы сынған болуы мүмкін деп болжаған. Кейінірек белсенді Азаттыққа ауруханада өзін рентгенге түсіріп, укол салып, үйіне жібергенін айтқан. Сол түні ауруханадан шыққан белсендіні полиция қайтадан сотқа апарған. Шымкент қалалық полиция департаменті Азаттыққа Мұхаммедов «жауапкершіліктен қашу үшін ауырдым деп сылтауратты» деп айтқан.

Нұржан Мұхаммедов қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікірін ашып айтып жүрген жергілікті белсенділердің бірі. 19 қарашада ол белгісіз біреулердің көлігінің терезесін шағып, иттің басын тастап кеткенін айтып, мұны «азаматтық белсенділігімен» байланыстырған еді. Нұржан Мұхаммедовтің Азаттыққа айтуынша, осыған дейін дүкені тоналып, жеке көлігінен телефоны да ұрланған. Полиция қараша айының соңында белсендінің шағымы негізінде «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

ВИДЕО: Белсенді көлігінен иттің басын тауып алғанын айтады (Қараша айы, 2019 жыл).

Azattyq