«Билік мүләйімсіп, өз қалтасынан беріп жатқандай сыңай танытады»: Көпбалалы отбасыларға 42 500 теңге төлеуі мүмкін — бұл неге жетеді? — Қазақстан жаңалықтары

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов көпбалалы отбасылардың барлығына табысына қарамастан айына 42 500 теңге жәрдемақы төлеуді ұсынған еді. Министрдің бұл ұсынысына сарапшылар мен көпбалалы аналар не дейді? Stan.kz анықтап көрді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы бұл мәселеге билік те, президент те білек сыбана кірісіп, көпбалалы аналарға, мүгедектерге, ардагерлер мен мұқтаж жандарға қол ұшын беруі тиіс деген пікірде. 

«Оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек мардымсыз әрі ешбір талапқа сай келмейді. Сол себепті осылай көтеру – құптарлық жағдай. Десе де, бұл жерде 42 мың теңге жеткіліксіз сома. Уақытша деп айтып отырғаным да сол еді. Азаматтардың өмір сүру сапасын лайық деңгейде қамтамасыз етуге Қазақстан сияқты бай елдің мүмкіндігі бар. Мұндайға келгенде биліктің мүләйімсіп, өз қалтасынан беріп жатқандай сыңай танытуы дұрыс емес. Айналып келгенде бұл билік пен үкіметтің емес, халықтың қаражаты. Соны әділ үлестіріп, ашық әрі адал жүргізу керек. Бүгінде әкімнің жақыны деген сияқты таныстығын пайдаланып кетіп жатқандар бар», — деді ол. 

Әрі қарай саясаттанушы Эстония елін мысалға келтірді. Айтуынша, аталған елде бір балаға айына 100 еуро беріледі. Сәйкесінше, үш бала болса үш жүз, бес бала болса, бес жүз еуро табысталады. 

«Айтылып отырған 40 мың теңге бұрынғысынан көп болып көрінуі мүмкін. Бірақ әлемдік тәжірибиеге қарасақ, көңілді көншітпейді. Кедей мемлекет болсақ бірсәрі. Бізде ЭКСПО, LRT секілді шамалы, күдікті жобаларға келгенде ақша табыла қалады. Ал өз халқына көмектесуге келгенде ақша тапшы. Шенеуніктердің ойынша, аналар 40 мың теңгені алады да, соған керемет шалқып, жұмыссыз отырады. Масыл болады», — деді Расул Жұмалы. 

Мұнымен қатар, саясаттанушы бай мемлекеттердің бірін мысалға келтіріп, елде көмек ақшаны үлестірудің әділ жүруі керегін айтты. 

«БАӘ-де басқа көмектерді шетке ысырғанда, жаңа туған сәбиге жиырма мың доллар береді. Әзірге бізде мұндай жағдай жоқ. Ең болмағанда, 40-50-100 мың теңгені дұрыстап үлестіріп берсе ғой. Ақшаны қаржыгерлер, тиісті мекемелер санауы керек. Менің ойымша, 40 мыңмен тоқтап қалмай, бұдан да үлкен қаржы беруге мүмкіндік бар. Оның нақты қандай сома болатынын мен айта алмаймын. Бірақ 40 мың балаға жеткіліксіз», — деп қорытты сөзін Расул Жұмаұлы. 

Көпбалалы ана Салтанат Көпжасарқызы бұл да бір мемлекеттің жәрдемақыны азайтуының жолы сияқты деп біледі.

«Мен көпбалалы болсам да, ешқандай әлеуметтік көмекке қосылмаймын. Жәрдемақы да алмаймын. Тек төртінші балама мүгедектігі үшін ай сайын 80 мың теңгеге жуық түсіп отырады.

Одан кейін төрт балаға ай сайын 10 500 теңге беріледі. Бірақ 21 мың теңгелік жәрдемақыға іліге алмадық. Өйткені күйеуімнің алатын жалақысы одан асып кетіпті. Бірақ көпбалалы ана ретінде берілетін жәрдемақының алатын жалақыға қатысты болғаны көңілімді көншітпейді. Өйткені әркім әрқалай жұмыс істейді. Ай сайын алатын жалақы бәрібір жетпейді. Оның жолы, тамағы бар дегендей. Ол жалақы 21 мың теңгеден бес мың теңгеге асып тұрған шығар. Бірақ сол үшін жәрдемақыдан кесіп тастауды дұрыс көрмеймін.

18 жасқа толғанға дейін балаға берілетін он мың теңге түкке жетпейді. Тіпті бір аяқ киім сатып ала алмайсың, қымбат. Қазір 21 мың теңгенің жәрдемақысын жүз мыңдап алып жатқан аналар бар. Ал 42 500 теңгені мемлекеттік жұмыста істегендер үшін беріледі дегенді естідім. Қаншалықты шын-өтірік екенін білмеймін.

Бір отбасына мұндай көлемдегі ақша жетпейді ғой. Қалай ғана бұл жәрдемақыны ойлап тапқандарын түсінбедім. Баланың киімі, тамағы, баратын қосымшалары бар. Ал 42 500 теңгені қай жағына созасың? Одан да әр балаға ай сайын 21 мың теңге алып отырған әлдеқайда ұтымды емес пе? Бұл да бір мемлекеттің жәрдемақыны азайтудың жолы сияқты.

42 500 теңге барлық отбасына беріледі деп отыр. Жұмысыңа, алатын жалақыға, үйдегі тауық пен сиырыңды есептемейді дейді. Бірақ өте аз ақша. Өйткені апта сайын қырық мыңға азық-түлік аласың. Бәрі қымбат, ақша ешуақытта жетпейді. Көпбалалы ретінде мектеп балаларыма түскі ас тегін беруі керек. Бірақ күйеуімнің зейнетақы қоры мөлшерінен асып кеткені үшін үш қызым мектепте берілетін ыстық тамақтан қағылып отыр. Неге осындай есеп-қисаптары бітпейді мемлекеттің деп ойлаймын.

Мен Талғар саяжайында тұрамын. Басында көпбалалы аналарға қалаға дейін қатынау тегін деген болатын. Абысыным тегін жол жүру билетін алды. Сөйтіп мен де тегін билет алайын десем, маған бермейді. Өйткені ол заң әлі күшіне енбеген, қарастырылып жатыр екен. Осы енді дұрыс па?

Содан кейін мемлекет мүгедек балама ортопедиялық аяқ киім жыл сайын беріп тұру керек. Бірақ қаншама ай өтті әлі ала алмай келеміз. Қатардан бері күтіп отырмыз. Бір аяқ киімнің өзі 25 мың теңгеден жоғары тұрады. Ал ай сайын алатын жәрдемақымыз ем-домына кетеді. Сонда аяқ киімді қай ақшаға алуымыз керек», — дейді көпбалалы ана. 

stan.kz