Билік митингі дегенді «төңкеріс ұйымдастыру, қылмыс» деген ұғым қалыптастырған
Кешегі митингіден байқағаным.
1. Митингі рұқсат етілсе де билік бұрынғыша дырылдатып қамауға дайын екенін көрсетті. Жиынға келеді-ау дегендерді алдын ала қамады. Митингі болатын жерді темір шарбақпен қоршап, полиция мен үш әріп толып жүрді. Омон тұрды. Сөйтіп үрейлі атмосфера жасады. Сөйте тұра, ал, еркіндік бердік, қане қатырғандарың дегенін де естідім.
2. Рұқсат етілген митингі тақырыбын қатты шегелеп, осыдан ауытқымайсыңдар деген шектеу ұйымдастырушыларға қиындық туғызды. Микрофон тисе бірді айтып, бірге кететін адамдарды қақпайлау мүмкін емес. Қызды қыздымен шалкетке басса, әкімдік тарпа бассалуға дайын. Шалкетті айтқызбаса, бүйткен митингілерің құрысын, мыналарың спектакль деп инаяттап кететіндер көп. Оның талайын көрдік. Көптен еркін митингіде сөйлеп көрмеген жұрт ашу-ызасын аямай төккісі келеді. Жиналғандар бір идея төңірегінде піскендер емес.
Жалпы ұлттық, я жалпы қалалық митингі болмаған соң ұйымдастырушылар тек өз жақтастарын ғана жинап, шер тарқатып кетсе болғандай екен. Бірақ келгендерді кіргізбей тағы тұра алмайсың. Аблязовтың да қатысыңдар дегені бар).
3. Жиынды ұйымдастырушылар қазақшаға шорқақ екені рас. Олар тек орыс тілділер келсін демеді. Сондықтан орыс тілді демократтар деп мұқатудың керегі жоқ. Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовтің еңбегі зор. Ә дегенде орысша бастағанда қазақша сөйле деп дүрсе қоя бергендер болды. Оларды айыптайын десең қарақұрым адамның тоқсан бес пайызы моңғолойд екені көрініп тұр). Зәуреш Батталова апамыз сәл нелеу қазақшасымен жұртты еліте алмады. Абырой болғанда Ермұрат ағамыз келіп, жалындатып сөйлеп берді.
Митингіде сөйлеуге тәжірибе керек. Көпшілікпен диалог орнатып, бірге ұрандатса қан қызады. Монотонды сөз үлкен тақырыпты қозғаған үлкен митингіде өтпейді. Сондықтан кейбір тым жақсы абыройлы адамдардың сөзі орысша да, қазақша да аса тартымды шықпады. Қазақша сөйлегендерден ЖСДП Тазабек Сәмбетбай «бар екенсіңдер ғой, бауырлар» деп зор дауыспен бастап еді, әудем жерге жетпей бензині таусылды. Кәйтейін, кәйтейін деген күйі қалдық қой)).
Жарылқап Қалыбай ағамыз алысқан-жұлысқан барша белсендіні «Ел бірлігі» дейтін қозғалысқа кіруге шақырып еді, Хасен Қожахмет ағамыз жұптап келген сөзін ұмытып қалды. Жақаңды тура жұрт алдында сөгіп, оны қойып өзінің ұйымына бірігуге шақырды. Төбелес боп кете ме деп қауіптендім, шықпады.
Жалпы, митингі ұйымдасқан түрде өтті. Соңындағы шырық бұзар оқиға болмаса бәрі дұрыс болды. Биліктің шыдамы рұқсат етілген үш сағатқа жетпеді, микрофонды өшіріп, музыка қосып, интернетті ажыратып тастады. Үйреніп қалған қол ғой)).
4. Мұнан біз не түйеміз? Бейбіт жиын туралы заңды өзгерттік деп жүрген жігіттердің көңіліне келмесін, «митингі өткізу үшін рұқсат сұраудың керегі жоқ, әкімдікке хабарлау жеткілікті» деген сөздің түкке тұрмайтынына осы жиын тағы дәлел болды. Әкімдік «сендер ескерттіңдер, біз сырттай бақылаймыз» демеді. Он ойланып, тоғыз толғанып рұқсат берді, жасақ әкелді. Осының бұрынғы рұқсат беру жүйесінен не айырмасы бар екенін ҰҚ-нің бұрынғы, қазіргі һәм мұнан кейінгі мүшелері түгел жиналса да түсіндіре алмас еді)
5. Билік митингі дегенді » төңкеріс ұйымдастыру, қылмыс» деген ұғым қалыптастырған. Сондықтан келуші аз. Келгендердің біразы ашынған, тіпті радикалды қадамдарға да дайын адамдар. Ал қалған потенциалды ондаған мың «митингіші» тікелей эфирден бақылады. Рұқсат етілген митингі қауіпті еместігін түсінгенде олар да келе бастайды. Митингі мәдениеті біртіндеп солай қалыптасады. Сондықтан анау екен, мынау екен деп сан-саққа жүгіртпейік. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, халықты митингі мәдениетінен айырған нұротан кінәлі).
Осы жиында ұйымшыл жастар аз болды. «Оян, қазақтың» жастары келсе гүл қылайын деп тұр енді). Айтпақшы, Серікбол Садыбай деген жігіттің сөзінің парқы ұнады. Зор үнмен, әдемі, жатық сөйлейді екен. Болашақ лидерлердің бірі сияқты. Сөзінің соңын диуанда жатқандарға арнады. Диуанда тіке эфирден көріп жата бермей, бірдеңелеріңді көтеріңдер дегенге ұқсас сөздер айтты-ау деймін. Общм түсіндіңіздер ғой.
Асылхан Мамашұлы, Facebook парақшасынан