Билік кандидатының тегі жазылған киімдегі шәкірттерді қай шараға дайындады?
Мамырдың 16-сы күні таңертеңгі сағат тоғыз шамасында Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназияның спорт алаңында кеудесіне көк түсті жеңсіз жеңіл жейде (футболка), басына сары түсті кепкі киген жоғары сыныптың ондаған оқушысы әлдебір шараға дайындалып жатты.
Азаттық тілшісі алаңда жүрген оқушылардың үстіндегі жейденің кеудесі мен арқасында «ТоқаеV. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу. Преемственность. Справедливость. Прогресс» деген жазу барын байқады. Бұл жазулар биыл маусымның 9-ы күні Қазақстанда өтетін кезектен тыс президент сайлауына биліктегі «Нұр Отан» партиясынан түсіп жатқан елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды үгіт-насихат материалындағы сөздерді айна-қатесіз қайталайды.
Осы жерде оқушыларды сырттай бақылап тұрған оншақты адамның арасында қала әкімдігінің қызметкерлері, әкімдік жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі мен биыл маусымның 9-ы күні Қазақстанда өтетін кезектен тыс президент сайлауына биліктегі «Нұр Отан» партиясынан түсіп жатқан елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаладағы қоғамдық штабының өкілдері болды. Осы штабтың жетекшісі Сұлупан Шынтасова да басына «»ТоқаеV» деген жазуы бар кепкі киіп жүр екен.
«Бұл жерде сайлауалды шараға дайындық жүріп жатыр ма?» деген Азаттық тілшісінің сауалына Шынтасова «мен осы мектепте орналасқан №27 сайлау учаскесінің дайындығын пысықтауға келген адаммын» дегеннен басқа жауап бермеді. Бұл кезде әлгі оқушылар дайындықты доғарып, мектептің ішіне кіріп жатты.
Сабақ уақытында оқушылардың қандай шараға дайындалып жатқанын Азаттық тілшісі мектеп-гимназияның директоры Салиқа Қазбаевадан да сұрады. Мектеп басшысы оқушылардың «сайлау науқанына дайындыққа емес, дене шынықтыру сабағына қатысқанын» айтты.
Ол біресе «балалар күніне (маусымның 1-і атап өтіледі — ред.) арналған фестивальге әзірленіп жатыр» десе, біресе «Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған флешмобқа дайындық» деп жауап берді.
Салиқа Қазбаева әкімдік қызметкерлері мен кандидат штабы өкілдері «мектеп ғимаратындағы №27 сайлау учаскесінің дайындығымен танысуға келген» деп түсіндірді.
Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облыстық қоғамдық штабының жетекшісі Сәния Қалдығұлова мамырдың 11-і сағат 18:30-дан бастап жұмысына кіріскен штаб кәмелетке толмаған балаларды саяси үгіт-насихат жұмысына пайдаланбайды деп сендіреді.
— Штаб үгіт-насихат жұмыстарын республика бойынша бекітілген желілік кестеге сай жүргізеді. Кестеде облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі түрлі іс-шаралар бекітілген. Штабтың арнайы насихатшылар тобы бар. Олардың барлығы 18 жасқа толған азаматтар. Ал кәмелетке толмаған балаларды сайлау кампаниясына қатыстыруға біздің ешқандай құқымыз жоқ. №9 мектеп оқушыларының неге үстіне «ТоқаеV» деген жазуы бар жейде киіп мектеп стадионына шыққанынан бейхабармыз. Бұл мәселені қалалық штабтан сұрап біліңіздер, — деді Сәния Қалдығұлова.
Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнара Күнбаева Қазақстанның сайлау туралы заңы бойынша, сайлауалды саяси үгіт-насихат жұмыстарына 18 жасқа толған азамат қатыса алатынын айтады.
— «Сайлау туралы заң» бойынша, жасы 18-ге толған әрбір азамат өзі таңдаған кандидатқа дауыс беруге, сенімді уәкіл болуға, қандай да бір партия ұсынған жағдайда бақылаушы болуға құқылы. Ал саяси науқан кезіндегі іс-шараға қатысу үшін кәмелетке толмаған баланың ата-анасының рұқсаты керек, — деді Күнбаева.
Сайлау комиссиясы өкілдерінің сөзінше, кәмелетке толмағандарды сайлаулды үгіт-насихат жұмыстарына заңсыз тартқаны туралы арыз-шағым я дерек түспеген.
Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:
Жамбыл Ахметбеков — «Қазақстан коммунистік халық партиясы»;
Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы,
Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы.
Төлеутай Рахымбеков — «Ауыл» партиясы;
Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы;
Сәді-Бек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы.
Сайлауға үміткер ұсынып, қол жинау бастылысымен кей жоғарғы оқу орындарында әлдебір кандидатқа «қолдау» танытып қол жинағаны, жазғы сессия уақытын әдеттегіден ұзартқаны туралы Азаттық бұған дейін хабарлаған болатын.
Әзірге ресми тіркелген кандидаттар тарапынан сайлау заңын бұзу фактілері болғаны туралы ресми ақпарат жоқ.
Мамырдың 11-і күні басталған сайлау алдындағы үгіт-насихат маусымның 7-і сағат 23:59-де аяқталады. Маусымның 8-і — тыныштық күні.