Билік экономика «өсті» деп мақтанады. Сарапшылар сенбейді

0
17

Ресми дерекке қарағанда, биыл Қазақстан экономикасы біршама өскен, жұрттың табысы артқан. Желтоқсанның 12-сінде қазіргі ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «жалпы ішкі өнім биылғы он айда 4,4 пайызға өсті, биыл тоғыз айда қазақстандықтардың таза кірісі 6,4 пайызға артты» деді.

ЕКІ ҮКІМЕТТІҢ ҰҚСАС «ӨСІМІ»

Он ай бұрын, ақпанның 21-індеҚазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарып отырған үкіметті отставка жіберіп жатып: «Экономикада оң өзгеріс болмады. Мақсат орындалмады. Жалпы ішкі өнім тек шикізат есебінен өсіп жатыр. Үкімет пен ұлттық банк экономиканың өсуіне жағдай жасай алмады. Азаматтардың таза кірісі артып жатқан жоқ» деген.

Дәленов желтоқсанның 12-сінде «жалпы ішкі өнімнің өсімі» деп келтірген 4,4 пайыздық шаманың Назарбаев «нашар жұмысы үшін» отставкаға жіберген үкіметтің «өсімінен» айырмасы көп емес.Биыл жыл басында сол кездегі ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «2018 жылы Қазақстан экономикасы 4,1 пайызға өсті» деген.

Жылдар бойы қазақстандықтардың таза кірісі артпай, экономика өсімі баяулап келгенде Назарбаев үкіметті отставкаға жібермеген еді. Мәселен, 2018 жылдың басында статистика комитеті азаматтардың табысы 2,4 пайызға артқанын хабарлап, 2015 жылдан бері алғаш рет өсім болғанын айтты. Бірақ өсім болмаған төрт жылда Сағынтаев басқарған үкімет Назарбаевтан «экономика өспеді, табыс артпады» деп сөз естіген емес.

Үкімет отставкаға биыл ақпанда бір отбасының бес баласы уақытша баспанадан шыққан өрт кезінде қаза болғаннан кейін күшейген наразылықтан соң кетті. Қайғылы оқиғаның ертеңінде-ақ көп балалы әйелдер наразылыққа шығып,митинг күн өткен сайын жиілей түсті. Биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартып, баспана мәселесін шешуді талап еткендер жиыны жыл соңына қарай сирегенімен, әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Тұрмысы төмендер наразылығынан соң билік әлеуметтік салаға бөлетін қаржы көлемін ұлғайтып, көп балалыларға атаулы әлеуметтік көмек беретін болды. Билік ақпаннан бастап кедейлік шегінде өмір сүретіндер деп ай сайын 14 мыңнан емес, 21 мың теңгеден аз табатындарды санай бастағаны сол еді, Қазақстанның әрбір оныншы азаматы, 2 миллионнан астам адам үкімет жәрдемақысына мұқтаж екені әшкере болды. Содан бері атаулы әлеуметтік көмекке ілінгендер саны 2 миллионнан түскен жоқ. Желтоқсанның 9-ында парламент отырысында сөйлеген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов биыл қарашада 2,1 миллион адам (456,5 мың отбасы) үкіметтен жәрдемақы алғанын айтты. Оның сөзінше, көмек алғандар саны жыл басындағы алғашқы үш аймен, яғни көп балалылар наразылығы басталғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 7,7 есе көп. «Бюджетте алғаш рет атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 245 миллиард теңге қарастырылды» дейді министр.

Әлеуметтік салаға бюджеттен бөлінген қаражаттың өсіп жатқаны рас. Ресми дерек бойынша, 2018 жылы үкімет еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы әлеуметтік салаға 2,6 триллион теңге бөлсе, биыл мұндай шығын 2,9 триллион теңгеге артқан. Үш жылға бекітілген республикалық бюджет бойынша, алда әлеуметтік салаға бөлінер сома ұлғая береді: 2020 жылы – 3,1 триллион теңге, 2021 жылы – 3,3 триллион теңге.

«ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН ЖӘРДЕМАҚТЫ ТӨЛЕП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың кейбірі әлеуметтік салаға бөлінетін бюджеттің артуы «бюджет дефицитін көбейте түсті» дейді, Енді бірі «жәрдемақының өсуі ірі бизнес пен мұнай компанияларына емес, қарапайым азаматтардың қалтасынан алынып жатқанын» айтады.

AERC қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры, экономист Олжас Төлеуовтің сөзінше, «биыл 10 айда бюджет табысы 12 пайызға ғана өсті. Бірақ әлеуметтік көмекке кететін шығын 25 пайызға артты».

– Әлеуметтік сала қаржысын бюджеттің басқа шығындарынан жырып алуға, дефицитті арттыруға тура келді. 2019 жылдың он айында бюджет шығыны 1 триллион теңгеге таяды. Бұл былтырмен салыстырғанда 3,4 есе көп. Әлеуметтік шығындарды арттыру басқа салаларға жеткілікті қаржы бөлінбеуіне, бюджет қарызының ұлғаюына алып келді, – дейді Төлеуов.

Eximar форсайтинг агенттігінің директоры, экономист Айман Тұрсынханның сөзінше, «бюджеттен азаматтарды әлеуметтік қорғауға деп бөлінген 3 триллион теңгенің бәрі жәрдемақыға кетеді» деу дұрыс емес.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілген қаржының 35 пайызы микрокредит пен қысқа уақыт аралығында жәрдемақы беретін «Еңбек» бағдарламасына жұмсалады. Ол бағдарлама шығындарының қатарына мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақы кірмейді. Сондықтан жәрдемақылар мен зейнетақыға 3 триллион теңге емес, 2 триллион теңгеден сәл асатын сома жұмсалады, – дейді ол.

Экономистің сөзінше, Ұлттық қордың 108 миллиард теңгесін есептемегенде, бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы пайдалы қазбалардан түсетін табысқа тәуелді емес. «Халықтан жиналатын тура және жанама салық түрлерін қосқанда бюджетке былтыр 2,9 триллион теңге түскен» дейді Тұрсынхан.

Сарапшы салық пен бюджет төлемдерін, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Медициналық сақтандыру қоры сияқты бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемді «адам басынан жиналатын ақша» деп есептейді.

– Себебі жұрттың мойнына артылған мұнша көп жанама төлем мемлекет беретін әлеуметтік төлемдерді жауып тұр. 2007 жылдан бері республикалық бюджет дефициті ел ішіндегі төлемдер есебінен өтеледі. Турасын айтқанда, азаматтардың зейнетақы төлемдері есебінен мемлекет тұрмысы төмендерге жәрдемақы төлеп отыр. Осылайша, әлеуметтік бюджет пайдалы қазбадан табыс табатын компанияларға да, шикізаттан басқа кәсіппен айналысатын ірі бизнеске де, шағын орта бизнеске де салмақ салмайды. Азаматтар өздері сияқты қарапайым жұртты асырап отыр, – дейді ол.

Азаттық тілшісі сарапшылардан «Көп балалыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету азаматтардың әл-ауқаты мен тұрмысына әсер етті ме?» деп сұрады. Айман Тұрсынханның айтуынша, жәрдемақының көбеюі экономикаға «еш әсер етпейді».

– Көп балалылар тұрмысын жақсарту тиімсіз жүргізілді. Сондықтан оң әсері болмайды. Теріс әсері де болмайды. Себебі жәрдемақылар бизнестен емес, азаматтар қалтасынан алынып жатыр, – дейді ол.

Ал Олжас Төлеу «азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің көбеюі Қазақстандағы тұтынушылық белсенділікті күшейтті» деп санайды.

– Биыл алғашқы жарты жылда азаматтардың шығыны 5,9 пайызға артты. Бір жыл бұрын мұндай өсім 4,5 пайыз еді. Тауар айналымы да былтыр он айда 8,8 пайызға өсіп еді. Биыл мұндай көрсеткіш 13,1 пайыз болды. Бірақ жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер көбейгенінің әсерінен азық-түлік жылдам қымбаттап барады. Тұтыну тауарларының импорты артты, – дейді Төлеуов.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚЫСҚАН ЖЫЛ

Биыл азық-түлік тауарлары қымбаттағанын билік те бірнеше рет айтқан. Желтоқсанның 13-інде өткен үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «ең қажетті тауарлар былтырмен салыстырғанда шамамен 12 пайызға қымбаттады» деді. Бірақ билік «жалпы инфляция 4-6 пайыздық шамада, көзделген мөлшерде» деумен келеді. Сол күнгі, желтоқсанның 13-і күнгі отырыста сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «Жылдық инфляция біз күткеннен төмен – 5,4 пайыз болды. Қымбатшылыққа әсер етіп отырған ең маңызды фактор – бағасы бір жыл ішінде 9,7 пайызға өскен азық-түлік» дейді.

Министр мен Ұлттық банк төрағасы Нұр-Сұлтанда «инфляция бақылауда» деп есеп берген күні Алматыда 63 жастағы зейнеткер қымбатшылыққа қатысты наразылық білдірген. Қолына «Ең маңызды тауарлар бағасын түсіріңдер!» деген жазуы бар плакат ұстаған Хиуаз Сазанбаева 58 мың теңге зейнетақы алатынын» айтады.

– Баға күнде өседі, әлі үндемейміз. Халықтың бәрінің дәріге ақшасы жоқ, тамаққа ақшасы жоқ, үйлерінде қырқысып, балалары болса қаңғып кетті. Баға өсіру – тонаудың бір түрі, – дейді зейнеткер.

«Бақылаудан шығып кеткен» қымбатшылық туралы астанадағы үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та айтты. Оның сөзінше, азық-түліктің 66 түрі бойынша баға өскен, ал жергілікті атқару органдары бағаны ұстап тұру міндетін орындамай отыр.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қымбатшылықты «азаматтардың табысының артуы әсер етіп жатқанынан» көреді. Ол мұндай мәлімдемені биыл жазда да, күз бен қыста да айтқан. Досаевтың инфляция туралы айтқандарының бір-бірінен көп айырмасы жоқ – «инфляцияның артуына әсер етіп отырған негізгі себептің бірі – таза табысы өскен халықтың тауарларға сұранысының артуы». Расымен, ресми дерекке қарағанда, биыл тоғыз айда қазақстандықтардың табысы 6,4 пайызға өскен. Экономист Олжас Төлеуов «Бұл – 2012 жылдан бергі ең үлкен өсім» дейді. Алайда Айман Тұрсынхан «инфляцияға халық табысының артуы әсер отыр» деген Досаевтың уәжімен келіспейді. Оның сөзінше, Қазақстанда инфляция халық табысының артып-кемуіне емес, девальвацияға тәуелді.

– Девальвацияға әсер ететін екі нәрсе бар. Бірі – Қазақстанда өндірілетін тауар саны мен ұсынылатын қызмет түрі. Ресми дерекке қарасақ, экономикамыз жыл сайын өсіп жатқандай көрінеді. Ұлттық банк пен статистика комитеті жыл сайын Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 3,5 пайыз өсіп жатыр дейді. Бұл – өтірік. Өсімді доллармен есептеу керек. Долларға шаққанда Қазақстан экономикасы 2012 жылдан бері 35 пайызға құлдыраған. Ал билік өзі келтіретін өсімді қолдан жасап отыр. Яғни, олар теңгенің құнсыздануын өсім деп көрсетумен келеді, – дейді экономист.

Экономистің сөзінше, девальвацияға әсер ететін екінші фактор – халықаралық резервтердің, яғни валюта мен алтын қорының көлемі.

– Бүгінде Қазақстанның сыртқы қарызы өзінің жалпы резервінен 5,5 есе көп. Бұл да теңгенің құнсызданып, сатып алу көрсеткішінің төмендеп бара жатқанының дәлелі. Біздің үкімет пен статистика комитеті деректерді тек теңгемен көрсетеді. «Халықтың таза кірісі өсті» деп мәлімдеп жатқанда билік Қазақстанда гиперинфляция болып жатқанын елемей кетеді. Халықаралық валюта қорының есебінде біз жыл сайын 15-20 пайыз инфляция болатын елдер қатарына кіреміз. Ал Ұлттық банк инфляция 6 пайыз деумен келеді, – дейді Тұрсынхан.

«ЖАҢА ҮКІМЕТ БІР ОРНЫНДА ДАҒДАРЫП ҚАЛДЫ»

«Он ай бұрын келген жаңа үкімет өзіне жүктелген міндетті орындай алды ма?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына экономист Сергей Домнин «қазіргі министрлер кабинетінің экономиканы әртараптандырып, тұрақты өсім үшін жасап жатқаны алдыңғы үкіметтің әрекетінен айырмасы жоқ» деп жауап берді. Financial Freedom қоғамдық қорының директоры, қаржыгер Расул Рысмамбетов те «қазіргі үкімет бір орнында дағдарып қалғанын» айтады.

– Әлі бірінші президенттің тапсырмасы орындалған жоқ. Оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік салаға қатысты шешімдері келіп қосылды. Сондықтан қазір үкімет «өртті сөндірумен» ғана айналысып жатыр, – дейді ол.

Рысмамбетовтің сөзінше, «Қазақстан үкіметінің құзыреті кең емес. Елдегі активтің көбі квазимемлекеттік секторда шоғырланған. Олардың өз жоспары бар».

– Біздің экономикада мемлекет, квазимемлекеттік сектор және олигархтардың ірі жекеменшік компаниялары сияқты үш негізгі ойыншы бар. Бұл жағдай өзгермей жатып үкіметтен айтарлықтан өзгеріс күтудің қажеті жоқ, – дейді қаржыгер.

Ал Тұрсынханның пайымдауынша, «жаңа үкімет берілген тапсырманы орындай алмады. Оған бір ғана себеп бар. Ол – ескі үкімет».

– Премьер-министр ғана ауысты, кабинет түгелге жуық ескі құрамда қалды. Мемлекеттік резервтің командасы ауысқан жоқ. Жаңа кабинеттің соңғы 9 айда ештеңе істей алмауын осымен түсіндіруге болады. Жалпы ішкі өнім 2015 жылдан бері өскен жоқ. Долларға шаққанда тек азаюмен келеді. Теңгемен келетін табыс Ұлттық қор қаржысы шикізат арқасында сәл ғана өсті, – дейді сарапшы.

2020 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫН НЕ КҮТЕДІ?

Ресми дерекке қарағанда, биыл үкімет Ұлттық қордан қаржы алуды азайтпаған. 2019 жылдың қарашасындағы ақпарат бойынша, шикізат табыстары жиналатын Ұлттық қордың пайдаланылған қаржы көлемі – 2,8 триллион теңге. Билік жыл соңына дейін тағы 200 миллиард теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Экономист Сергей Домнин «Былтырмен салыстырғанда қордан алынған қаржы көлемі 7 пайызға артқан. Келер жылы кепілдендірілген трансферт көлемі – 2,7 триллион теңге» дейді. Төлеуов биыл бюджетті қаржыландыру үшін қордан алынған қаржы көлемін «аса көп емес» деп бағалайды. Оның болжамынша, келер жылы да әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы артып, бюджет пен зейнетақы қорына, Ұлттық қорға түсетін салмақ артады.

– Осының әсерінен теңгеге қысым күшейеді. Жұрт арасында девальвация туралы күмән қоюланып, өз саясатына күдік артпас үшін Ұлттық банк осыны бақылауына алуы керек. Үкімет бюджет шығынын толтыру үшін саясатын қатайта түседі. Олар мұны жанармай акцизін қымбаттанудан бастаған, – дейді Төлеуов.

2020 жылғы Қазақстан экономикасы жайлы экономист Домниннің де болжамы осыған саяды.

– Келер жылы міндетті медициналық сақтандыру іске қосылып, үкімет денсаулық сақтауға бөлінетін қаржыны, мұғалімдер мен дәрігерлер жалақысын 30-25 пайызға өсірмек. «Мұның бәріне ақшаны қайдан алмақ?» деген сұрақ туады. Ұлттық қор шығынын арттыру жоспарда жоқ. Демек қаржы экономикадан, яғни салық пен шикізаттық емес кірістен алынады, – дейді сарапшы.

Ел экономикасына қатысты болжамды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жасаған. Биыл қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы аясында ұйымдастырылған саяси форум кезінде Тоқаев «Халықаралық деңгейдегі қиындықтарға қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты түрде өсе береді» деген.

Бірақ Дүнижүзілік банктің Қазақстан экономикасының «тұрақтылығына» қатысты мәлімдемесі Тоқаевтың мәлімдемесінен басқаша. Ұйымның Орталық Азия бойынша экономисі Уильям Зейтц биыл қазанда «Қазақстан экономикасы әлем экономикасындағы өзгерістерге төтеп бере алмайды. Қандай да бір өзгеріс болса, экономика қатты соққы алады» деген.

Елдегі кедейлік туралы айтқанда да Дүниежүзілік банк пен Қазақстан билігінің деректері екі түрлі болып шығады. Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысымен әзірленген «Еркін ұлттық шолу – 2019» есебінің кіріспесінде он ай бұрын премьер-министр қызметіне кіріскен Асқар Мамин «Қазақстан отыз жылда үлкен әлеуметтік-экономикалық секіріс жасап, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірді» дейді. Есепте «жайлы экономикалық жағдай арқасында» 2018 жылы күнкөріс минимумынан аз табатын азаматтар үлесі 2001 жылмен салыстырғанда 46,7 пайыздан 4,3 пайызға азайғаны айтылады.

Қазақстан Дүниежүзілік банк есебінде азаматтары табысы ортадан жоғары елдер қатарына кіреді. Ұйымның өлшемі бойынша, мұндай елдерде кедейлер деп күніне 5,5 доллардан (2100 теңгеден) аз жарататындар кіреді. Билік тапсырмасымен әзірленген есепте «2018 жылы Қазақстанда кедейлер үлесі 2011 жылмен салыстырғанда 15,3 пайыздан 4,7 пайызға азайған» деп көрсетіледі.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы кедейлер саны жайлы статистикасы расымен осындай. Бірақ ұйым ел экономикасы туралы биылғы есебінде «Қазақстандағы кедейлер саны тұрақты емес» деп жазады.

«Қазақстанда көптеген мәселе әлі шешімін таппады. Сондықтан экономикада қандай да бір теріс өзгеріс болса, елде кедейлер саны қайта көтеріледі. Қазақстанда күніне 5,5 долларға күн көретін адамдар саны 2012-2015 жылдары 5-6 пайыз болды, бірақ 2015 жылдан кейін олардың саны қайта көтерілгенін байқауға болады. Шын мәнінде, кедейлік шегінің ең жоғары шамасымен есептесек, Қазақстан 2013 жылы жеткен деңгейіне әлі қайта шыға алған жоқ» деп жазылған ұйым есебінде.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, қазір Қазақстан халқының 8,6 пайызы, яғни 1,2 миллион адам кедейлік шебінде күн көреді. Қазақстанның ресми дерегі Дүниежүзілік банктің есебінен басқаша. Статистика комитетінің есебінше елдегі кедейлік деңгейі – 4,7 пайыз (504 мың адам). Көп жылдан бері сарапшылар «Қазақстанда кедейлер санын анықтайтын өлшемдер тым төмен» екенін айтып, «билік кедейлер санын қолмен азайтып отыр» деп сынаумен келеді. Олар кедейлік деңгейін анықтайтын өлшемдерді өзгертуге шақырғанымен, Нұр-Сұлтан кедейлер санын есептеуде қолданылатын күнкөріс минимумын (29 мың теңге, 75 доллар) 14 жылдан бері өзгертпей келеді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз