Домой Жаңалықтар Билік халықтың талабын естіді, жұмыс істейміз

Билік халықтың талабын естіді, жұмыс істейміз

0
50

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews телеарнасына берген сұхбатында елдегі митингілер мен халықтың талабы жайлы айтты. Оның сөзінше, билік наразылыққа шыққандардың талабына қатысты жұмыс жасап жатыр.

«Наразылар әлеуметтік мәселелер бойынша талаптар қойды. Мәселелер барын жоққа шығармаймын. Халық кедейленді. Олар биліктен әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуді талап етеді. Билік естіді. Жұмыс істейміз» деді ол.

Қасым-Жомарт елдегі сайлау әділ өтті деп санайды.

«Әрине, олар (сайлау әділ емес деп қарсы наразылыққа шыққандар — ред.) босатылады. Олар сайлау әділ өтпеді деп ойлайды. Ал менің ойымша, сайлау жалпы әділ өтті» деді Қазақстан президенті телеарнаға.

Тоқаев Euronews арнасына берген сұхбаты кезінде митинг кезінде кездейсоқ ұсталғандардан кешірім сұрады. Қазақстан басшысы ұсталғандар арасында қоғамдық тәртіпке қауіп төндірмеген адамдар да барын, олар да жақын уақытта босатылатынын жеткізді.

«Алдағы уақытта да заңсыздықтарға жол берілмейді. Бас прокуратура халыққа мұндай митингілердің заңсыз екенін бірнеше рет ескертті. Рұқсат етілмеген митингілер мен бассыздықтар наразылыққа шыққысы келмейтін адамдарға кедергі келтіреді ғой» деді ол.

Алматыда бірнеше күн бойы полиция азаматтарды ұстаумен болды. 9 маусымда елде кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, қаладағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. 10 маусымда сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты.

12 маусымда Алматының орталығындағы, елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) наразылық акциясы өтетін орын ретінде атаған алаңның тұсынан жүзден астам адамды ұстап әкетті.

Билік наразылық шарасына қатысушыларды «арандатушылар» деп атап, азаматтарды «қажет болған соң» ұстаған полиция «кәсіби міндетіне сай» әрекет қылды деп мәлімдеді. Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Елдің бас прокуратурасы 9-10 маусымда ұсталған 957 адам әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

Azattyq