Билік халықпен санаспаса, сотқа шағымданамыз

0

31 қаңтарда түстен кейін Петропавлда спорт сарайына жүзден астам жүргізуші жиналды. Тоқаевтың шетелдік көліктерді 2021 жылдың 1 наурызына дейін тұрақты тіркеуден өткізу туралы тапсырмасын естіген жүргізушілер үкіметтен әлі де болса жеңілдік күтетіндерін айтты. «Биліктегілер қарапайым халықпен санаспаса, халықаралық деңгейде соттасуға дайынбыз» дейді.

— Тоқаев өзінің ойын айтты. Меніңше, оған мәселені дұрыс жеткізбеген. Осының барлығын дұрыстап реттеу қажет. Егер бізге Қазақстан соты көмектеспесе, Еуразия сотына (Еуразия экономикалық одағының соты) шағымданамыз. Ол мәселеге нүкте қояды. Мен Қазақстан билігі заңды түрде дұрыс шешім қабылдаса екен деймін, — дейді жүргізушілердің бірі Сәбит Кәрішалов.

«Қарапайым халықтың қолындағы ең соңғы затын тартып алған кезде, халық үнсіз қалмайды» деп айтқан кезде оны жүргізушілердің бәрі қолдап, шулап кетті.

Жүргізушілердің наразылығы. 31 қаңтар 2020 жыл.

Жүргізушілердің наразылығы. 31 қаңтар 2020 жыл.

Жүргізушілер билік халықтың жағдайын ескеріп, одақ елдерінен алынған көліктерді жеңілдікпен тіркесін деді. Олардың айтуынша, Ресейде оң рульді көліктер кірген кезде үкімет елге әкелініп қойған көліктерге амнистия жариялаған. Сол сияқты Қазақстан да әкелініп қойған шетел көліктеріне амнистия жариялап, осында жүруіне рұқсат берсін деді.

«Біздің 400 долларға дейін төлеуге мүмкіндігіміз бар. Бірақ 2-3 миллион теңгені төлемейміз. Тоқаевтың айтқаны ештеңе шешпеді» деді жүргізушілердің бірі.

Оқиғаны жергілікті полиция қызметкерлері бақылады. Прокуратура қызметкерлері жүргізушілерді сабырға шақырды.

— Егер нақты ұсыныстарыңыз болса, оны депутаттар арқылы жіберейік. Қазір ұсыныстарды жіберіп, кейін тағы да жиналып талқылаймыз. Онсыз да сіздерге көмектесу үшін қолымыздан келгенін жасап жатырмыз,- деді Петропавл қаласының прокуроры Асхат Ауқатов.

Митинг шамамен екі сағатқа созылды.

Петропавлдағы шетелдік көлік иелері 18 қаңтарда да Жуков және Қизатов көшелерінің қиылысындағы автотұрақта жиналып, наразылық білдірген болатын.

Бұған дейін билік шетелдік нөмірі бар көлік иелеріне уақытша тіркеуге бір жыл уақыт берілетінін айтып, осы уақыт аралығында кедендік баж салығы, утилизация алымы сияқты төлемдер жасау қажеттігін, оларға сары нөмір берілетінін айтқан.

Оқи отырыңыз: Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктерді уақытша тіркеуді тапсырды

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда шетелден әкелінген 170 мың көлік бар. Кейбір жүргізушілердің айтуынша, мұндай көліктер саны 200 мыңға жуықтайды.

31 қаңтарда осыған ұқсас митинг Алматы, Нұр-Сұлтан, Петропавл, Шымкент қалаларында өткен.

Оқи отырыңыз: «Сары нөмір алмаймыз!». Қазақстанның бірнеше қаласында жүргізушілер наразылық танытты

Azattyq