Билік Арыстың әр тұрғынына 100 мың теңге берілетінін айтты
Әскери қойма жарылған Арыс қаласының тұрғындарына алдағы екі аптада қаржылай көмек төленеді. Бұл туралы 1 шілдеде Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою туралы брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев хабарлады.
Оның сөзінше, жақында Арыста премьер-министр Асқар Мамин өткізген жиында қаланың 44781 тұрғынына 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданған.
«Кішкентай сәбиден бастап зейнеткерлерге дейін аталған ақша беріледі. Бұл мақсатқа төрт миллиард 478 млн. 100 мың теңге қажет. Оның бір миллиарды облыстық бюджеттен бөлінеді. Екі миллиард теңге республикалық бюджеттен, қалған қаражат «Түркістан» корпоративтік қорына түскен ақшадан жұмсалады» деді облыс әкімінің орынбасары.
Аманбаевтың сөзінше, әзірге аталған қорға түскен ақша жұмсалмаған.
«Ол Арыс тұрғындарына жұмсалады. Қаладағы арнайы мәліметтер базасы арқылы 44781 адамды анықтап, қаражатын аударамыз» деді Жолдымұрат Аманбаев. Ол бұл жұмыстарға екі апта уақыт алатынын айтты. Әкімнің орынбасары көмек ақша алу үшін «еш құжат жинаудың қажеті жоқ, әрбір тұрғын анықталып, тиісті қаражатты алады» деп мәлімдеді.
24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Ресми мәлімет бойынша, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, үш мыңнан астам адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. 27 маусымда жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен.
28 маусымда көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.