Билет құны неге шарықтады?

0
165

Желтоқсан айында елімізде мерекелер қарасы жеткілікті. Осы ұрымтал сәтті пайдаланып, демалыс күндері студенттер үй­леріне асығады, ауылдағы ағайын қалаға, қалалықтар ауылға жол тартып, жолаушылар ағыны күрт көбейетіні заңдылық. Тиісінше, ең қолжетімді әрі сенімді кө­лік пойыз болғандықтан, тасымал­дау­­­шылардың жүктемесі арта түсе­ді. Алайда, дәл бүгінде сол по­йыздарда жекелеген өңір­лер­ге билет атымен жоқ, бары­ның ба­ғасы шарықтап кетті. Бұл – жыл­да қайталанатын, жолау­шы­лардың қалтасын қағатын құбылыс.

Мәселен, Астана мен Ақтө­бе­нің арасы 1,5 мың шақырымнан аспайды. Ал бұл өңірге жыл соңында пойызға билет тапшы. Әрине билет онлайн сатылатын ресми сайттарда Астана мен Оралдың арасында жүретін «Тальго» пойыздарына санау­лы билет тұр. Бірақ бағасы қымбаттап кеткен.

Айталық, №095Ц «Астана Нұрлы жол» – «Орал» бағытын­дағы пойыздың 29 желтоқсан күнгі Ақтөбеге дейінгі ең арзан (!) билет құны – 35 138 теңге. Ал ең жайлы орын – 58 540 теңге. Иә, қалыпты күндері ұшақ биле­тінің өзін бұдан арзанға сатып алу­ға болатындығын ескерсек, «Жо­лаушылар тасымалы» акцио­нерлік қоғамы ұсынған бағалар қарапайым халық үшін жаға ұстатарлық жағдай. Ақтөбеден арыдағы Оралға да дәл осындай баға белгіленген. Басқа бағыттарда да баға аспандап тұр.

Күні кеше «facebook» әлеу­мет­тік желісінде Ирина Бес­паева есімді қолданушы 31 жел­­тоқсан күні Астана-Петро­павл бағытындағы билет бағасы әдеттегі 5 мың теңгеден 14 мың­ теңгеге дейін көтеріліп кеткен­ді­гін жазды. Екі қаланың ара қа­шықтығы 500 километрдің шама­сында екендігін ескерсек, баға­ның үш еседей қымбат­тауына не себеп?!

Осы жағдайға байланысты «Жолау­шылар тасымалы» АҚ тарапынан ресми жауап алдық.

Компанияның клиенттермен және бұқаралық ақпарат көздерімен жұ­мыс атқару бағы­тының жетекшісі Данияр Айдархановтың айтуынша, коммерциялық бағыттардағы билет бағасы сұранысқа сай өсе беруі мүмкін және оған еш­қандай шектеу болмайды. Жалпы, коммерциялық пойыздар барлық құрамның 20 пайызын құрайды екен.

– Заң бойынша коммерциялық бағыттарға бағаны белгілеу өз құқы­ғымызда. Сондықтан осын­­дай бағыттардағы билет азай­ған сайын, сұраныс көбей­ген сайын­ қымбаттап, баға 35 пайыз­дан да асып кетеді. Коммер­циялық ба­ғыт­тарға сатылатын би­леттер­ден түскен қаржы ті­келей ком­панияның дамуы­на, жаңа сервистік қызметті ендіруге, бар­лық вагондар паркін тех­никалық жарақтандыруды жақ­сартуға және процестерді авто­мат­тандыруға бағытталады, – дейді Д.Айдарханов.

Осы ретте компания өкілі пойыз билеттерінің 45 күн бұрын сатылымға шығарылатындығын және ертерек алынған билеттің арзан болатындығын атап өтті.

– Қазір көп бағыттарға билеттер жоқ. Өйткені жолау­шылар алдын ала сатып алған. Бұл тек­ биылғы ахуал емес. Соның өзін­­де компания тарапынан жел­тоқ­­сан айындағы мерекелер қар­са­ңын­да қосымша 250 вагон шы­­ғарылды. Сол арқылы қосым­ша 45-50 мыңдай жолаушыны ар­­тығымен тасымалдауға мүм­­кін­дік туды. Вагондар паркі 100 пайыз қолданыста, – дейді «Жо­лаушылар тасымалы» АҚ өкілі.

Д.Айдархановтың айтуынша, жуырда ғана Қостанай – Алматы бағытында қосымша үш рейс шығарылған. Жал­пы, 2018 жылдың 11 қыр­күйегінен «Жолау­шылар тасымалы» АҚ еліміздің бар­лық ішкі бағыттарындағы ба­ғаны реттеудің икемді жүйе­сін енгізгенін  айтады. Баға­ларды реттеудің икемді жү­йесі динамикалық тарифтік басқару бағдарламасы бойынша қолданысқа алынған. Бұл көптеген әуе және жер үсті тасымалдау­шылар жұмысында кеңінен қолданылатын әлемдік тәжірибе. Бір сөзбен айтқанда, жөнелту күні жақындаған сайын билет бағасы да өсе түспек.

Қалай десек те, шұғыл жолға шығуға мәж­бүр жолау­шы діттеген жеріне же­ту­ге пойыз көлігін таңдар болса, қалта­сының түбі көрініп қалуы мүмкін. Алыс-беріс, барыс-ке­лістері демалыс, мереке күндері жанданатын халқымыз үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ қолданып отырған әлемдік тәжірибе қолайсыздық тудыруда.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/