Биік белес, мәртебелі марапат | «Айқын» газеті

0

Ақордада Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыру рәсіміне қатысты. Елбасы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл аса маңызды тарихи оқиға жаңа Қазақстанның дамуына жол ашып, бірегей мүмкіндіктер туғызғанын атап өтті.

– Біз әлемнің озық дамыған 30 елінің қата­рына қосылуды мақсат тұтқан берік әрі орнықты мемлекет құрдық. Даму жолын ұстана отырып, біз түрлі са­ла­лар мен бағыттарда зор табысқа жеттік. Бұл же­тіс­тіктерге барша қазақстан­дық­тың күш-жігері мен жасампаз қуатының арқасында қол жеткіздік! – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мемлекетіміз жыл сайын Отанымыздың гүлденуіне зор үлес қосқан азаматтарына құрмет-қо­шемет көрсетіп, сыйлықтар тапсыраты­нын айтып, мұндай мара­патқа ең үздік, өз кәсібінде биік белесті бағындырған және қоғам тарапынан мойын­далған адамдар ғана лайық екеніне тоқталды.
Бұл ретте Елбасы биыл Қазақстанның Еңбек Ері атағы Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Бәймено­ваға бергенін, оның өмір қиын­шы­лығына мойымай, тағдыр тауқыметін тарт­қан адамдарға көмек көрсетіп жүр­генін атап өтті. Қазіргі кезде Қ.Бәйменова арбаға таңылғанына қарамастан, мүм­кіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету жөніндегі жобаларды іске асырады.
Қазақстанның Еңбек Ері мәртебелі атағын, сондай-ақ қарапайым мұғалім Алина Соловьева иеленеді. Ол жаңашыл әрі шығар­машыл педагог ретінде әлемнің үздік тәжіри­белері мен заманауи техно­логияларын оқу-тәрбие үдерісіне белсенді түрде енгізіп келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еңбек Ері атағымен жамбылдық ірі шаруа қожа­лығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевты марапаттай оты­рып, оның адал еңбегі арқылы туған жерінің да­муына және өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын айтты.
– ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Абай Байген­жин марапатталады. Оның бүкіл кәсіби қызметі медицина саласы­мен тікелей бай­ланысты. Ол елі­міз­­дің денсаулық сақтау сала­сының жетекші меке­ме­­ле­рін құру және дамыту ісіне зор үлес қосты, – деді Н.Назарбаев.
Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ ІІ дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Елбасы оның тарихи романдары мен шығармалары әлемнің көптеген тіліне ау­дарылғанын және қазақ әдебиетінің алтын қорына енгенін атап өтті.
Ел Президенті Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Жол-патрульдік полиция­сының инспекторы Азамат Балтабаевқа ІІ дәрежелі «Айбын» ор­денін тапсыра отырып, осы кәсіп иелері азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен ты­ныш­тығын қамтамасыз ету жолында әр­дайым ерлік көрсетуге әзір екенін айтты.
– Қиын жағдайда, өзіне қауіп төніп тұрса да, Азамат төрт адамның, соның ішінде бір баланың өмірін құтқарып қалды, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы адам өмірін құтқаруда ерлік пен батылдық танытқаны үшін ІІІ дәрежелі «Ай­бын» орденін Ішкі істер ми­нистр­лігінің Қызылорда облы­с­тық Төтенше жағ­дайлар департаментінің №2 өртке қарсы мамандандырылған бөлімшесінің командирі Ермекбек Пазлиевке табыс етті.
Жалпы алғанда, осы күні Елбасы Жарлығы­мен 1600-дей қазақстандыққа мемлекеттік наградалар тағайындалды. Оларды министрлер, әкімдер, Парламент палаталарының басшы­лары, мем­ле­кеттік органдар мен ұжым басшы­лары Мемлекет басшысы атынан табыстады. Қазақстан Президенті марапат­талушылар қа­тарында ғылым, мәдениет және өнер қай­раткерлері, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер мен өндіріс­шілер, әскерилер мен құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлері, еңбек ардагер­лері, спорт­шылар мен мем­ле­кеттік қызметшілер бар екенін атап өтті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әдебиет пен өнер сала­сындағы мемлекеттік сыйлығының иегер­лерін де мара­паттады. Мемлекет басшысы азаматтарымыз­дың рухани тұрғыдан жаңғыруы мен шығар­машылық әлеуетінің дамуы еліміздің маңызды басымдығы болып саналатынын айтты.
Бұл жоғары марапатқа ақындар Тыныш­тықбек Әбдікәкімұлы, Ақұштап Бақтыгереева және Өтеген Оралбаев ие болды.
– Мемлекеттік сыйлық, сондай-ақ «Абай» операсын қойған және «Анаға апарар жол» фильмін түсірген шығарма­шылық ұжымдарға беріледі. Бұл жоғары көркемдік деңгейде орын­далған туын­дылар Қазақстан мәдениеті мен өнерін әлемде ілгерілеуге септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Әдебиет пен өнер саласындағы 2018 жылғы мемлекеттік сыйлық «Абай» опе­ра­сы үшін Т.Әлпиев, С.Байғожин,Ғ.Ахмадияров­тан құралған авторлар ұжымына және «Анаға апарар жол» толықметрлі көркем фильмі үшін А.Сатаев, Ә.Назарбаева, А.Нөгербек, Ә.Ахметовтан құралған авторлар ұжымына табысталды.
Бұдан бөлек, рәсім барысында ел Президенті қолынан І дәрежелі «Барыс» орденін еңбек ардагері Ж.Кәрібжанов пен «Қазақстан темір­жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы С.Мыңбаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденін – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры С.Оразалы, ІІ дәрежелі «Барыс» орденін – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Имашев алды. Елбасы «Парасат» орденімен Қазақстан Президенті Телерадиокеше­нінің бас директоры Ерлан Бекхожинді марапаттады. Мұның сыртында, дәл осы орден вице-премьер Е.Досаевтың, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтің, Маңғыстау облы­сының әкімі Е.Тоғжановтың, СҚО әкімі Қ.Ақсақалов­тың және басқаларының кеудесіне тағылды. «Құрмет» орденін иеленгендер қатарында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Н.Тілен­диев атындағы академиялық фольклорлы-этногра­фия­лық оркестрінің бас дирижері Д.Тілендиева бар. Бұдан өзге Мемлекет басшысы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерін, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері» атағын иелеріне тапсырды.
Соңында Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында табыс етілуінің символ­дық мәніне тоқталды.

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз