Бірнеше күн бұрын Роза Рымбаева Тимур Балымбетовке берген сұхбатында Мейрамбектің дауысы жоқ екенін, бірақ оны әнді жүрекпен айтатыны үшін бағалайтынын айтқан еді. Сол сұхбаттан кейін көпшілік Мейрамбекті қорғап шығып, Роза Қуанышқызының өзіне сынды қарша боратқан еді. Осы орайда белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызы Роза Рымбаеваны жақтап, желідегі парақшасында жазба қалдырған.
«Үндемей өтіп кетейін деп едім. Болмады. Кешеден бері жекеме Роза Қуанышқызын жексұрын етуге тырысып жатқандар туралы араша сұраған оқырмандарымның хаттарына жауап бергім келеді. Айналайын Халқым!
Бір сәт тарихқа үңіліп қаралықшы? Тарихта 20 ғасырда, қылышынан қан тамып тұрған Кеңес кезінде, Кремльді ғана емес, әлемді дауысымен бағындырған кім еді? Саусақпен санарлықтай Қазақ әншілері болды. Солардың бірі — Роза Қуанышқызы Рымбаева емес пе еді?! Оу, ағайындар! Роза Қуанышқызын жерден алып, қара жерге салатын дәрежеге алдымен жетіп па едіңіздер? Айтса, ақиқатын айтып жатыр. Шындықты есту — қашанда ауыр.
Ресейдің Примадоннасы Алла Пугачёва болса, Қазақтың Примадоннасы атанған, «Әлия» әнімен 15 Республиканы ғана емес, дүниежүзін жылатқан біздің Розамыз емес пе еді? Неге дәл қазір түңіліп кеттіңіздер? Сол Пугачёваның өзі Роза Қуанышқызының алдында иіліп отыратыны өтірік емес. Талай рет Ресей арналарынан көріп отырмыз. Кремльдегілер осы күнге дейін Роза Рымбаева десе, Кеңес дәуіріндегі 15 Республика — Қазақтың әншісі келе жатқанында, қақ айрылып жол беретінін Сіздер білесіздер ме? Олар «Розочка наша» деп тамсанып отырады. Әзірбайжанға, Питерге барғанымда «Біздің Розамыз» дейді. Ал, Сендер ше? Ұят! Роза апамыз — дара әнші. Тарихта қалатын нағыз әнші. Ал, оның сын айтуға қақысы бар. Сондықтан да, көп сөзді доғарайық! Ал, кейбір хайп аңдып, кім болса соған құйысқанға қыстырылысып жүретіндер, өздеріңді биікпін деп санамаңдар! Сендер алдымен Роза Қуанышқызының басқан ізімен жүріп өтіп көріңіздер, жарай ма?
Димашты да біздікілер мойындамаған еді, әне, ол бұлбұл Ханзадамыз да Кремльді мойындатқызып, миллиардтарды жылатқызып, Еуропаны тамсандырып, Американы бағындыруда. Егер Димашымыз Қытайдың конкурсына қатыспағанда, кім біледі, біздің далбаса шоу — бизнестегі ағайынды әпкелердің кесірінен сахнаның сыртында қалып қояр ма еді…
Қазақ елі мойындай алмайды екен нағыз әншілерді. Кейде соған налимын. Күшті болса мырқымбайлар, алдымен сахнада жанды дауыспен ән айтсыншы! Содан кейін барып сөйлесін!»-дейді журналист.