«BI Group» нысанында зорланған қыз: Шалбарымды қинап шешіп, ойлағанын жасады

0
1344

Алматыда 29 жастағы келіншек, өзін жұмыс орнында зорлағанын айтып полицияға арыз берген. Ол күдікке іліккен адамның бостандықта жүргенін айтады. Әрі осы оқиғадан соң жұмыстан қуылдым деп отыр. Бұл келеңсіздікке қоғамдық қор өкілдері араша болды. Қоғамда үлкен дау тудырған бұл жайтқа қатысты жұмыс беруші аты дардай құрылыс компаниясы БАҚ өкілдеріне түсінік берді, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Арызданушының айтуынша бұл келеңсіздік 21-ші наурыз күні кешкі сағат 7-лер шамасында болған. Елге танымал құрылыс компаниясында жұмыс істеген келіншек, сол күні бригадирі шақыртқанын айтты.

«Ол жігіт «BI Group» компаниясының мердігер ұйымында сырлаушылар бригадирі болып жасайды. Сол күні ол маған бос жұмыс орны бар деді, кел сөйлесейік деп шақыртты. Бригадир, күзетшілер мен кезекшілер естімесін, жеке сөйлесейік деді. Ойымда ештеме жоқ, бардым», – деді жәбірленуші Жанна. 

Жұмыстың әңгімесін айтып болған соң, кетуге ыңғайланғаным сол еді, күш көрсетті деп отыр. Қарсылық танытқаныма қарамастан ұрып-соғып, сыра ішкізіп, жыныстық қатынасқа итермелегенін айтты.

«Ол маған ұсынысын айтып болған соң мен ойланайын деп сыртқа шықпақ болдым. Мені өзіне тартып алып, қылқындыра бастады. Басымна, бетімнен ұра бастады. Кейін шалбарымды қинап шешіп, ойлағанын жасады. Мені «аузыңды жап, әйтпесе өлтіре саламын» деп қорқытты», – деді жәбірленуші Жанна. 

Келіншек, өзіне жәбір көрсеткен азаматтың мас болғанын айтып отыр. Күшпен құтыла алмайтынын түсінген соң, оған ән қоюды сұрапты. Сол сәтте телефон арқылы өзге әріптесіне хабарлама жазып үлгердім дейді.  Әріптесі дер кезінде полициямен бірге қызды құтқарған. Осыдан соң компания басшылары арызданушыны жұмыстан шығарған.

«Сол күні компания басшысы күдікті азаматты емес, жәбірленуші қызды жұмыстан шығарып жіберген. Бұл шектен шыққандық деп ойлаймын. Келіншек мені неге жұмыстан шығардыңыздар деп сұрағанда, «тағы біреуге жала жаппауың үшін» деп айтқан», – дейді қоғамдық қор жетекшісі Дина Смаилова. 

29 жастағы Жанна күдіктінің қазір бостандықта жүр деді. Күдіктіні сол күні полицейлер қолхатпен босатыпты. Ал аты дардай компания басшылары болса, ешкімді жұмыстан шығарған жоқпыз деп ақталды.

«Жәбірленуші келіншек те, күдікті азаматта біздің компанияның қызмкеткерлері емес. Олар бізбен келісім-шарт жасасқан мердігер ұйымдардың жұмысшылары. Қазіргі таңда біз бұл ұйым басшыларымен сөйлестік. Екеуін де ешкім жұмыстан шығармаған. Тек уақытша демалысқа жіберген», – деді компаниядағы жобалардың директоры Әсет Ибраев. 

Құрылыс компаниясы өкілдері бұл оқиғаны қатаң бақылауға алатындарын айтып отыр. Жұмысшылардың ішімдік ішкеніне көз жұмып қараған күзетшілерін де жазаламақшы. Полиция болса қазір бұл іске қатысты тергеуді бастаған.