BI Group компаниясының басына қара бұлт үйірілгелі тұр

0

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков BI Group холдингі қызметін жіті тексеруді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz сайты inbusiness.kz порталына сілтеме жасап.

Депутат BI жобаларының басым бөлігін мердігерлер жүзеге асыратынын, олардың бірқатары банкротқа ұшырағанын, бұл – салықтан жалтарудың жолы болуы мүмкін екенін жеткізді.

«Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы тұрғын үй нарығында маржиналдық түсім жоғары болған кезде елорданың сол жағалауындағы жерлердің басым бөлігі әкімшілік ресурс есебінен BI-ға берілді. Компания бұл жер учаскелерінде құрылыс салған жоқ, бірақ оларды алыпсатарлық жолмен басқа құрылыс мердігерлеріне жоғары маржамен сатты. Мемлекет холдингке тиесілі жер учаскелерінде әлеуметтік және стратегиялық мемлекеттік нысандарды салу үшін BI Group-қа қомақты қаржы төлеуге мәжбүр болды», – деді «Қазақстан халық партиясы» фракциясының мүшесі Мәжіліс отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі құрылыс секторының тұралауы аясында компания бір көзден мемлекеттік сатып алу арқылы да, оларды айналып өтіп те агрессивті түрде мемлекеттік келісімшарттарды алып жатыр.

Тіпті кейбір мәліметтерге сәйкес, BI Group жекелеген коронавирус госпитальдарды салу кезінде өңірлерде бұзылған ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған.

«Мысалы, Атырау облысының Опорный кентінде ТШО қызметкерлеріне арналған жатақхананы бұзған, ал құрылыс материалдары құны 5,5 млрд теңге болатын модульдік коронавирус ауруханасын салу үшін Алматыға жіберілген. Сондай-ақ Шымкентте және Алматыда екі модульді аурухананың сапасыз салынғанына, қаражаттың орынсыз жұмсалуына байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іс қозғады, ал Алматы госпиталін салу барысында мемлекетке шығын келгенін аудиторлық тексеру растады. Тергеу нәтижесі әлі жарияланған жоқ», – деді Жамбыл Ахметбеков.

Депутат 2020-2021 жылдары BI Group өңірлерде коронавирус госпитальдарын қалай салғанын, олардың қалай жұмыс істеп тұрғанын, медициналық қызмет көрсету сапасын, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі, Қаржы министрлігі Ішкі аудит комитеті аталған нысандарды денсаулық сақтау мақсатында қалай пайдаланып жатқанын жіті тексеру қажет деп санайды.