БҒМ музыка мектептерін оңтайландыру мәселесін түсіндірді

0

2018 жылғы 20 қараша 13:40 181

БҒМ музыка мектептерін оңтайландыру мәселесін түсіндірді


АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚР Білім және ғылым министрлігі келесі аптада музыка мектептерін оңтайландыру бойынша арнайы кеңес өткізіп, аталған мәселені жан-жақты талқылауды жоспарлап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суxанбердиеваның айтуынша, бүгінде барлық музыка мектептерін Жастар сарайы сияқты бір мекеме ретінде ұйымдастыру шаралары қолға алынған. Осылайша, аталған мекемелерді оңтайландыру жоспарланып отыр. 

«Жастар сарайының басшысы өз бағдарламасын ұсынуы қажет. Музыка мектептерін қалай дамытады және тағысын тағы. Бұл ретте барлық жұмыс орындары сақталады. Ұжымдарды ешкім таратпайды. Мұғалімдер де баяғы жұмысында қала береді. Қазір Алматы мен Астанада осы мәселеге қатысты шу шығып жатыр ғой. Негізі, бұның бәрі — музыкалық мектеп басшыларының наразылығы. Себебі ондай жағдайда басшылық ауысады. Ал мұғалімдер толығымен қалады. Оқушылардың саны да қысқармайды», — деді Э.Суxанбердиева журналистерге берген сұxбатында.

Оның сөзіне қарағанда, екі-үш мекемеге бір басшыны қою сияқты оңтайландыру шаралары орта білім беру саласында да бар тәжірибе. Енді осындай тәжірибе Астана қаласында қолға алынды.

«Бір директор екі-үш музыкалық мектепті басқарады. Біз Мәскеу қаласындағы мектептердің тәжірибесін негізге алып отырмыз. Ол жақта үздік бір мектепке соған жақын не жанында орналасқан екі-үш мектеп қарайды. Сол сияқты музыкалық мектептердің басшылығын оңтайландыру шаралары да атқарылып жатыр. Ал бұл шарадағы негізгі мақсат — ондай мекемелерді ірілендіру, яғни, бір мықты мекеме аясында топтастыру», — дейді Э.Суxанбердиева.