«Бетіме түкіріп, тізерлеп отырғызды». Атыраулық әйел бұрынғы депутат күйеуі 12 жыл бойы қорлағанын айтты

0

Атыраулық төрт баланың анасы Нұржамал Тәжғалиева Қазақстан Президентіне ашық хат жолдап, бұрынғы күйеуі, облыстық мәслихат депутатын көпжылдық тұрмыстық зорлық-зомбылық, алимент төлеуден қасақана жалтару және мүлікке заңсыз талас жасады деп айыптады, — деп хабарлайды Kznews.kz сайты Massaget.kz -ке сілтеме  жасап.

Нұржамал Тәжғалиева 12 жыл бойы күйеуі А.-дан қорлық көргенін мәлімдеді. Көпбалалы ана Instagram-парақшасында жариялаған хатында жәбірлеу мен зорлық-зомбылық оқиғаларын егжей-тегжейлі сипаттады.

«Ол мені қорлады, ұрып-соқты, бетіме түкірді, тізерлеп отырғызды, ал 2018 және 2023 жылдары балаларын емізу кезінде мені қатты ұрып, орташа дене жарақатын жасады. 2018 жылы нәрестемді емізіп отырғанда ұялы телефонмен басымды жарды, ал 2023 жылы тағы соққыға жығып, 120 келі салмағымен үстіме отырып алды. Мен содан кейін ұзақ уақыт жүре алмадым», — деді ол.

Нұржамал Тәжғалиева бірнеше рет полицияға арыз жазғанымен, кейіннен оны күйеуі мен оның ата-анасының қысымымен қайтарып алғанын айтты. Ал экс-күйеуі балалар үшін түзелуге уәде берген.

«Бірақ ол өзгерген де жоқ», — дейді әйел.

Ажырасқаннан кейін, балаларының әкесі алимент бойынша 6 миллион теңгеге жуық қарыз жинаған. Нұржамалдың сөзінше, депутат алимент төлемеу үшін сот арқылы түрлі амалдар жасап, балалардың өзіне берілуін талап етіп жүр.

Бұдан бөлек, ол бұрынғы күйеуі үлкен қызын алдап, өзімен бірге алып кеткенін айтады.

«Қазір оған ешкім қарап жатқан жоқ, ол әлеуметтік желіде отырып алып, мені балағаттайтын контенттерді қолдап отыр», — деп алаңдайды ол.

Сонымен қатар Нұржамал Тәжғалиева полицияның экс-күйеуі А.-ны қорғап отырғанын мәлімдеді.

«Қорғау нұсқамасын әрең алдым, бірақ оны маған да берді. Яғни, менің бұрынғы күйеуімді «мазаламауым» керек екен. Бұрынғы-күйеуім солай істеуді полиция қызметкерлері өздері ұсынғанын айтты», — дейді әйел.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында А.-ға қатысты қылмыстық іс қозғауға көмектесуді сұрайды.

«Әйелін ұрып-соққан, балалар алдындағы міндеттерінен жалтарған және мүлікке таласқан адам депутат болуға лайық емес», — деп жазды ол.

Ол сондай-ақ бұрынғы күйеуінің атына тіркелген қару барын мәлімдеп, өз өмірі мен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын жеткізді.

«Мен әділдік пен қорғаныш сұраймын. Мемлекет мені естиді деп үміттенемін», — деп сөзін аяқтады Нұржамал.

Атырау облыстық полиция департаменті бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Жазбада жарияланған фотосуреттер 2018 және 2023 жылдары түсірілген. 1987 жылғы азаматтың арызы бойынша 2018 және 2023 жылдары қорғау нұсқамалары берілген, алайда олар кейіннен өтініш берушінің сұрауы бойынша жойылды. 2024 жылы қорғау нұсқамалары әйелдің және оның бұрынғы күйеуінің өтінішімен қайта берілді. Олардың айтуынша, бір-бірін телефон арқылы мазалаған», — деп мәлімдеді полиция.