«Бесеу болады деп ойладым, бірақ он бала босандым»: Шымкенттік ана өз оқиғасымен бөлісті
Шымкентте 10-шы рет құрсақ көтерген 39 жастағы келіншек Айжан Байшанова өз оқиғасымен бөлісті. Әулеттің алтын келіні атанған жан кейде ұл-қыздарының атынан шатасатын көрінеді. Ал күйеуі оны балабақша меңгерушісі деп атайды екен, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
«Алланың қалауымен 10-шы баламды дүниеге әкелдім. Нұрсәттегі перзентханаға алғысым шексіз! Сіздерге, бәріңізге рахмет айтамын! Перзентхананың жағдайы жақсы екен», — деді Айжан Байшанова.
Перхентханадан шығып, аяқ-қолын жиып, аман-есен отбасына оралған Айжан Байшанова 18 жасында тұрмыс құрған. Араға 21 жыл салып, 10 құрсақ көтеріп, жанұясын айрандай ұйытып отыр. Айтуынша, үшінші ұлы шарана кезінде шетінеп кеткен. Қазір 9 ұл-қыз тәрбиелеп отқан бақытты ана. Нұрдәулет, Ардақ, Иманғали, Балауса, Кәусар мен Ғазиз, Айдын және Әлинұр, Алмас сияқты балаларын жарық дүниеге әкелген. Анда-санда болмаса, балапандарымның атынан көп шатаспаймын дейді ана.
«Болады ондай, қатты асығыс кезде, қатты ашулы кезде шатасатыным бар. Бірақ көп шатаспаймыз, әр баланың орны бөлек қой», — дейді көп балалы ана.
Бала-шағамен карантинде сабақ оқып, өзім де педагог болып кеттім деген ана біраз қиналғанын да жасырмайды.
«Оңай емес, қиын ғой, үш бала онлайн оқығаннан кейін, бірінен кейін бірі сабақ болып жатады. Үлгеруге тырысасың ғой. Енді қазір бірінші наурыздан бастап мектепте оқып жатыр ғой. Үшеуі сабаққа барады. Екеуі студент өзімен-өзі. Қалғандары біріне-бірі көмектеседі. Қарап, ойнап, бір-біріне қарап жүреді», — деп қосты ол.
Өрісін кеңейтіп, ұрпағын өсіріп жатқан анаға отағасы да дән риза екенін жеткізді.
Көп балалы ана мемлекеттен жәрдемақы алады. Келіншек оған шүкіршілік ететінін айтады.
Қазір Айжан 39-да, ал күйеуі Ержан 42 жаста. Өсіріп жатқан ұл-қызының қолынан еңбек келеді. Үлкен ұлы 21 жасқа келген жап-жас жанұя демографиялық өсімге осымен тоқтам қойдық деп қалжыңдап қояды. Ата-аналардың сөзіне сүйенсек, ең үлкен баласы мен ең кішісінің арасы 20 жас екен.
«Бес балам болады деп ойлаған едім, бірақ 10 бала дүниеге әкелдім. Менің әжемнің де он баласы болған еді. Оны да қуып жеттім», — дейді келіншек.
Отағасы өзін «батыр-әкемін» деп жиі қалжыңдайтын көрінеді. Сөзінше, көп балалы әке болудың еш қиындығы жоқ, бұрын үбірлі-шүбірлі болуды өзі де армандапты.
«Мен балаларымды мақтан етемін. Оларды барынша бізді жерге қаратпайтындай етіп тәрбиелеп отырмыз», — дейді Ерлан Тәджіханов.
Қыздары өзіне қолғабыс болғанын айтқан Айжан тамақ дайындауға ұзақ уақыт кететінін алға тартты.
«Мәнті жасасақ, екі қазан дайындауға тура келеді. Ал картоп қуырсақ, бес-алты келі әзірлейміз», — деді ол.
Тәжіхановтар отбасы әр баланың өз нәсібесі барына кәміл сенеді. Бүгінде бала-шағамен қосымша көмек те сұрамаймыз деп шүкіршілік етіп отыр. Тек балаларының болашағы үшін баспанамен қамтылсақ деген үміті бар.