Бесбаев қазіргі қоғам жайлы ойымен бөлісті
Қысқа сілтеме алу
Мейрамбек Бесбаев қазіргі қазақ қоғамындағы өзін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады
АЛМАТЫ, 11 мамыр – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мейрамбек Бесбаев қазақ тілінің жайы мен қазіргі әншілердің деңгейі және қоғам жайлы ойымен бөлісті.
«Мәдениет туралы заңға өзгертулер енгізу керек. Қазақтың өнерпаздары қалтасы томпайып, тойға қарап қалмайтындай болуы үшін әнші концертке баруы керек, оған халықтың қалтасы көтеру керек. Біз көп ұлтты Қазақстанбыз. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі кез келген мейрамханада 50% өзіміздің тілде ән айтылуы керек», – деді Бесбаев ақын Ақберен Елгезекке берген сұхбатында.
Сонымен қатар әнші шетелдің радиосына қызыға қарайтынын айтты.
«Алматының көптеген мейрамханасында өкінішке қарай, тек қана шетелдің әндері орындалып жүр. Бұл заңмен реттелмеген. Көршілес мемлекеттердің радиоларын тыңдасам, сүйсінемін. Монғолияда 3 миллионнан астам моңғол бар, ал телеарнасының 99%-і өз тілінде сайрап тұр. Осыны заңға енгізсек, біздің әншілер басқаша, сапаға жұмыс істер еді. Әнге, әннің сөзіне қарайтын еді», – деді ол.
Оқи отырыңыз: Тікелей эфирде ұсталған Ернар Айдардың ісіне қатысты Мейрамбек Бесбаев пікір білдірді
Айтуынша, қазір әншілердің қадір-қасиеті кеткен. Олардың өсек-аяң шеңберінен шыға алмай қалуына өнер адамдарының да кінәсі бар.
«Біздің әншілер тойға шығып, хит болатын әнге жұмыс істеп кетті. Әнші тойға жетіскеннен бармайды. Әлемдік деңгейдегі әншілер де тойға келеді, олардың шарттары да басқаша. Қазір әншілерден қадір-қасиет кетті. Қазір елге барсаң, жамандап жатқаны — өнер адамдары», – деді Бесбаев.
«Музарт» тобына 20 жыл
2021 жылы «Музарт» тобының құрылғанына 20 жыл толады. Соған орай топ мүшелері бастарынан өткізген қызықты оқиғалардан фильм шығаруды жоспарлап отыр.
«Біз халықпен бірге өстік. Бізге шынымен 20 жыл. Он жыл бірге жұмыс істеп, кейін бөлініп кетіп, бес жылдан кейін қайта қосылып, бізге 15 жыл деп жүрген топтар да бар. Біз 20 жыл үздіксіз жұмыс істедік. Топта өзгерістер болды, бірақ әнімізді айттық. Келесі жылы 20 жылдығымызды атап өткіміз келеді. «Музарт» жайлы деректі фильм, фотоальбом, басымыздан өткен қызықты жағдайдан кино да түсіруге болады. Оның бәрі қаражатқа тіреледі», – дейді ол.
Сонымен қатар Бесбаев өзінің әріптесі Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбіловтің қандай іспен айналысып жүргені туралы да айтты.
«Қырық жастан асқаннан кейін тәжірибеңмен бөліскің келеді. Сәкен – талантынан бұрын еңбекқор жігіт, біреуге бірдеңе түсіндіру қажет болса таңнан кешке дейін отыра алады. Сәкеннің осы жолды (Жүргенов академиясының проректоры – Sputnik) таңдағанына қуанамын, өзінің де мектебі бар. Кенжебек те қарап жүрген жоқ, оның құлағы нашар еститін балаларды оқытатын үлкен мектебі бар», – деді ол.
«Көкіректі қашанғы қаға береміз»
Сөзінің арасында әнші қазақ тіліне шорқақ, алайда ел алдында жүрген азаматтарға қатысты ойымен бөлісті.
«Ашынасың, бірақ қолдан келер шара не деп отыруға болмайды. Жазып бергенді оқып бере алмаған бауырларымды көргенде қиналамын. Қайтесің, ол да бір қазағың. Тіл білмейсің деп далаға лақтыра алмайсың. Біз мұның бәріне шыдаудай-ақ шыдап келдік, кейде қатал шешімдер керек», – деді әнші.
Әнші сұхбат барысында қазіргі қоғам пейілінің тарылып бара жатқанын тілге тиек етіп, бір сапарында көрген бақуатты кісі мен көршісінің жұпыны үйін мысалға келтірді.
«Біз бір үкіметке қарай бермей, маңайдағы көршіге де көз салуымыз керек. Пейіліміз соңғы кезде қиын болып кетті. Ол мәдениеттің жоғы, рухани жұтағанымыздың кесірі. Баяғыда бір бай тұтас ауылды асыраған әрі сол ауылдың кедейі де, жесірі де болмаған. Бір көшеде екі бай болса, соның жан-жағына қарамайтынына жүрегім ауырады», – деп ашынды ол.
Әнші төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғандарға берілген әлеуметтік төлемге қатысты да пікір білдірді.
«Көмекті сұрап отырған тек қана қазақ, жалқаулық қанымызда бар. Аспаннан біреу алып келуі керек немесе көмектесетін көке болуы тиіс. Маңайымда білімге еш ұмтылмайтын, бос жүрген қаншама жалқау туысқан інілерім жүр. 42 мың теңгеге де қырылып қалған басқа ұлтты көрген жоқпын. Ұлы, дана халық екеніміз рас, алайда 21 ғасырда көкіректі қашанғы қағып отыра беруге болады», – деді Бесбаев.
sputniknews.kz