«Бесатар» – қызыл империяға қарсы атылған оқ…

0

Көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің туғанына 80 жыл толуына орай туған жері Түркістан облысында және Алматыда еске алу шаралары өтті. 20 желтоқсанда Түркістан облыстық әкімдігінің қолдауымен Түркістан қаласында А.Сүлейменовтің атындағы көшенің ашылу салтанаты және Түркістан халықаралық университетінде А.Сүлейменов шығармашылығына арналған конференция өтсе,  Республика Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен Алматыдағы шаралар да бірнеше күнге жалғасты. Республикалық Ұлттық кітапханада «Асқар Сүлейменов және ұлттық рух» атты конференция, 23 желтоқсанда М.Әуезов атындағы академиялық  драма театрында, 24 желтоқсанда Абай атындағы академиялық опера-балет театрында  арнайы кештер өткізілді. Мазмұнды да мағыналы өткен бұл шаралардың барлығында да А.Сүлейменовтің ұлттық руханиятымыздағы орны мен ролі туралы жан-жақты сөз болды.

Оқырмандар назарына академик Ө.Айтбай, белгілі мәдениеттанушы М.Әуезов және белгілі жазушы С.Елубайдың «Асқар Сүлейменов және ұлттық рух» атты конференцияда сөйлеген сөздерін ұсынамыз.

 Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, академик:

Асқар Сүлейменовпен жас кезімізден дос болдық. Сонау алғашқы кездегі достық, аралас құралас болған сәттер есіме түсіп отыр. Өзгеше жан еді ғой. Мына өмірге ғайыптан тайып келген жан сияқты еді.

Асқармен менің таныстығым сонау 60-жылдардың басында басталды. Керімбек Сыздықов деген досым болды, профессор, үлкен әдебиетші. Керімбек, Сейдахмет Айтжанов, Асқар Сүлейменов үшеуі мектепті Созақ ауданының орталығында бітірген достар еді. Сол Асқармен таныстырған Керімбек болды, кейін Сейдахмет Айтжанов (мемлекет қайраткері Жанар Айтжанованың әкесі) келді. Осы үшеуімен қатты араласып кеттік, үшеуі үш саланы игерді. Керімбек жақсы әдебиеттанушы болды, Айтжанов ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтерде болды. Ал Асқардың жөні бөлек еді. Жарқ етіп, сыншы болып келді, кейін жазушылыққа кетті. Ал менімен аралас-құраластығы қазақтың қара домбырасына байланысты еді. Қазақтың домбырасын мейілінше жақсы көретін, қазақтың күйлерін терең түсінетін, әндерін еңіреп отырып тыңдайтын. Біз сол төрт жігіт, кейде Зейнолла Серікқалиев қосылатын, бас қосып қалғанда қазақтың қара домбырасын қолға алып әңгіме-дүкен құратынбыз, барлығымызх домбыра шертетінбіз. Қазақтың күйлерін, әсіресе Асқардың жақсы көретін күйлері Тәттімбет, Сүгір, Төлеген Момбеков. Солардың шертпе күйлерін мейлінше жақсы көрді, өзі де бір сыдырғы тартатын. Мен тартыңқырайтынмын, ол менің сол тартқанымды қалайтын. Өзі кез келген уақытта, күндіз демей, түн демей, түнгі сағат үште де телефон соғып «Өмке, сағындым, «Қосбасар» менен «Теміртасты» тыңдағым келеді» дейді. Содан жетіп келеді. Таңертеңге дейін отырып күй тартысамыз, әңгіме жасаймыз. Соны тебіреніп отырып тыңдайтын, тебіреніп отырып шертетін. Бұл ғажайып сәттер еді. Бұл неге қазақтың әндері мен күйлеріне құмар болды десем, тек қазақтың әндері мен күйлеріне ғана емес, жалпы музыка әлеміне тереңдеп кірген азамат екен. Бүкіл Еуропа музыкасын пластинкаларды қойып тұрып тыңдап, барлығын талдап шығатын білімдар адам болып жетілген екен. Кез келген уақытта, кез келген ән, кез келген күйшінің тағдыры жайында, оның болмыс бітімі жайында сөйлеп кеткенде аузымыз аңқиып, көзіміз ашылып тыңдап отыратынбыз. Мейлінше шешен еді. Тіпті кейде көсемдік қасиеті де бар еді. Сол күндерді қатты сағынамын. Сол сәттерді. Қазақтың күйіне, қазақтың әніне осыншама ғашық болу, осылайша ынтық болған адамдарды сирек кездестіргенмін. Сондықтан да қазақтың күйін, әнін тілі жеткенше сайрап айтып өтті дүниеден, бағалап өтті. Сөйтсем қазақтың бүкіл қасиетін, болмыс бітімін өзінің музыкасы арқылы, өнері арқылы тереңдеп зерттеген екен ғой Асқар. Ал енді жазушылық дүниелеріне мен бара бермеймін. Оны жазатын адамдар бар ғой… Марқұмның жатқан жері жарық болсын, тебіреніп еске алып жүремін, ылғи ойымнан кетпейді. Ал енді анасы Айтоты қандай еді. Шешен, дүлдүл еді. Жас кезімізде қолынан талай дәм таттық.

«Теміртасты» жарыққа шығарған, оны киноға түсіргізіп, екінші өмір сыйлаған Асқар. Шәмшінің (Қалдаяқов) де ел аузына іліккені Асқардың арқасы. Ол бөлек әңгіме.

Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері:

         Асқар Сүлейменовке  арналған күндерді пайдаланып, Асекеңе ерекше алғысымды айтайын деп едім.

Осында біздің біраз достарымыз отыр, олар куә, кезінде Мәскеуде оқып жүргенде «Жас Тұлпар»  ұйымын құрдық. Ол осы ұйымның атауына ерекше мән берген, біз жастармыз, өзіміздің ойларымыз бар, ұлтжандығымыз бар, бұның барлығына Асекең қызыққан болу керек, жанкүйерлігін туғызған болу керек, «Жас Тұлпардың» атауын өзгертеміз бе деген де қиын жағдайлар туды. Сонда ол «а назовите себя чартистами» дейді. Сонда ешкім не екенін түсінбейді, ешкім тиіспейді дегені ғой. Сол Мәскеуде жүргенде азаматтық талпыныс, ізденістерімізге Асекең ерекше көңіл бөлген. Мәскеуде менің бірінші мақалам шыққан, «Дружба народов» журналында, әрине мен осында келгенде естиміз, білеміз, осында үш мықты сыншы бар дегенді, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Әбіш Кекілбаев, олар «Жұлдыз» журналының беделін көтерді. Және әдеби процеске ол кезде уақыт өзгерген, көптеген мүмкіндіктер туған, өзіміз туралы, бостандық туралы, т.б. нәрселер ашық айтыла бастаған. Ал әдебиеттің өзі кейде болып жатқан өзгерістерге үлгере алмай жатқан кезде, керемет  өздерінің шығармашылық дарыны бар, және ағартушылық, азаматтық көзқарасы бар өмірге деген. Ол кісілердің әсері өте үлкен болған, мен оны білемін. Осында келгенде «Жұлдыз» журналын тауып алып, мақаламды бергенмін. Асекең менің қазақ қоғамына жазуыма жол ашқын ағам. Аға дос. Бара-бара сондай қатынасқа айналды. Асекеңнің аудармасымен мақалам шықты «Жұлдыз» журналына. Мен оны үлкен абырой көремін. Мәскеуден «жас тұлпарлықтар» біртіндеп орала бастадық, келгенде осы жерде табиғи заңдылық болды ма, білмедім, бірақ бір-бірімізді тез таптық. Осында суретші Салахитдин Айтбаев, археолог Алан Медоев бар арамызда, жақсы бір орта қалыптасты. Солардың ортасында жүрген, соның ұйытқысы болып керек болса, барлығымызды сыртқа теппей, асфальт балалары не болмаса шала қазақтар демей, ұйытқысы болған, рухани көсеміміз, ұстазымыз болған Асекең. Біз кездесе бердік, үйден үйге, содан осында Мәскеуден келдік, қазақшаға шорқақтау, қазақ мәдениетін онша білмейтін азаматтар бір ортаға айналғанда Асекеңнің ерекше әсерін әрқайсымыз сезіндік. Әрқайсымыздың үйімізде домбыра пайда болды. Өйткені Асекең келеді дегенде үйде домбыра тұруы шарт еді. Ол өзінің көңілін анық білдіруші еді. Үйіңе келеді, қонақжайлығыңа, тамағыңа мән беріп, бір-екі сөзбен айтады, кешірімді болады. Ал егер үйіңде домбыраң болмаса, онда айтады, Асқарша айтады.Сондықтан бізді қазақыландыру процесін сол кісі саналы түрде жүргізді. Оның артында өзінің үлкен азаматтығы тұр.

Оның ол азаматтығын алғаш сезген, жазған, таныған Ғабең, Ғабит Мүсірепов болды.  Ғабең өзі сері ғой, оның әр заты баяғыдағы серілердікіндей, шақшасы, киімі барлығы ең жақсысы болу керек. Сонда өзінің ең жақсы қайқы қылышы бар еді, пілдің сүйегінен жасаған. Соны Асқарға сыйлады ғой. Жасы келген адам жап-жас жігітке соны сыйлады. Ол енді рухани ортамыздың бар екенін, ұлы, биік ортаны сақтап қалатындай ортаның болғанының дәлелі. Осындай биік әрекетке лайық болғаны.  Ғабең көп көрді ғой. Ол классик жазушы шынымен қай жағынан алсаңыз да. Өмірді жақсы білді. Осындай қиын өмірден өткен кісі әдеби ортадан бөліп алдым сескенбеді. Асекең қалай бөліп алса да тұрады жоғары баға берсең де. Соны Ғабең біліп, түсініп отыр. Сонда қызғаныш деген бірде бір жазушыда болған жоқ. Ол керемет жақсы кезең еді, қанша керемет жазушы жүрсе де бірде біреуі неге қылышты маған бермеді деп күңкілдемеді. Сөз болған жоқ. Өйткені Асекең осындай тұлға болған. Ғабеңнің қолына қалай түскенін білмеймін. Бұл тарихи үлкен жәдігер. Пілдің сүйегінен жасалған Асфахани қайқы қылыш. Жүзі де қандай еді. Ғабеңнің осы қылышты Асқарға сыйлағаны үлкен белгі.

Біз осында келдік, Мәскеуде жүргенде де, Болатхан, Болат Қарақұловтар, сол сияқты көптеген өте білімді азаматтар, Мақаш бар, бәріміз жиналғанда, аптасына бір жиналамыз, кімнің үйінде домбыра бар, сонда жиналамыз, әңгімелесеміз. Сол кезде көптеген ғажап әңгімелер айтатын. Қолына домбыра алғанда магическое воздействие музыки ощущали. Асекеңнің тағы бір жомарттығы ол өзіне шәкірттікке алған жас досатырмен жақсы көретін достары мен азаматтарды таныстырады. Сол кезде Төлеген Тоқбергеновпен жақсы таныстық, Керімбекпен, біздің Шымкентке апарды ғой. Керемет қонақжайлық көрсетті. Өлмеген елдің көріністерін тірілте білген. Мен бірде Асекең туралы жазғанымда «Пустующее небо духовности Асқар  Сүлейменов инкрустируя звездами ярчающего света и чистоты» деген едім. Ол сегіз қырлы бір сырлы болды. Әдебиетші, сыншы, философ литературы. Содан кейін драматургия, проза, ал музыканы шынымен білді. Ол күйшілер, дарынды жастар шыққанда оларға ерекше көңіл бөліп, шақырып алып, сол отырған жерінде «Теміртасы» болсын басқа да, Момбеков күйлерін болсын ойнағанда, әсерленіп, музыка саласында да керемет жақсы жемістері болды. Кино саласында қабілеті «Қыз Жібек» фильмін түсіргенде көрінді. Жылқы малын жақсы көрді, жылқы да Асқарды жақсы сезінді. Біз бірде барлығымыз тауға барғанбыз келе жатырмыз, сонда бір жерде жылқы фермасы бар екен. Қыс, қар, қоршауы бар. Алыстан қарап отырмыз сүйсініп, бір уақытта Асеке жылқыша сөйлей бастады. Сонда жай өзінше тұрған бір жылқы басын бұрды, Асеке диалогын жалғастырды. Бір уақытта бізге қарай жүрді де,  бейтаныс жылқы басын Асекеңнің иығына былай қойды. Ғабең бір басқа, жануардың оны танығаны, қасиетін сезінгені керемет әсер берді.

Мәскеуден небір ғалымдар, қонақтар келеді. Олар Асекеңмен танысқаннан кейін оны мойындайды, таң қалады. Шынымен білімі бар адамдар болған соң, олардың майдалығы жоқ. Асекеңді олардың қалай мойындағанын көзіміз көрді. Интеллектуал высочайшего полета, Парасаттың падишасы деген орынды сөз. Біздер үшін, көптеген оны білген адамдар үшін ол жадымызда, санамызда Парасат падишасы болып қалды.

Дін дегенге философия тұрғысынан қарады. Дінді дәл осы тұрғыдан түсіну бізге өте қажет. Асекеңнің ол жағынан әлі біраз дүниелері, қолжазбалары бар екен. Дін туралы жазғандары, сөйлеген сөздері бізге өте қажет. Ол дінді құрметтеу, адамның ақылын құрметтеу дегенге Асекең өте мұқият болды. Суретшілер Салахитдин Айтбаев, Мақым Қисаметдиновтер Асекеңнен үлкен әсер алған, өздері жиналған кезде айтып отыратын. Ол афоризмдердің шебері болды, қысқа сөздердің, ойлары өте тұжырымды. Ал киноға тигізген әсері «Құлагерде» көрінді дедім, аттың өзін өзі тауып әкелді. Луговойға өзі барды ғой. Жылқыны тауып әкелді. «Қараш-қараш» («Выстрел на перевале») фильмінде  олар Болат Шамшиевпен бірге жұмыс істеді. Онда мынандай бір эпизод бар, Жарасбай жер сатады ғой, сол кезде тауда отырған Бақтығұл енді атам ба, атпаймын деп, оқталып, райынан кері қайтып отырғанда, енді қазақ қой, өзінің қазағы, сонда таудың өзі былай иілгендей, басын изегендей рұқсат беретін жері бар. Ол Әуезовте солай сипатталған. Оны біреу байқаса, біреу байқамайды.  Соны Асқар байқап, «Қараш-қараш» деген көркем фильмде пайдаланды. Осындай детальдар, Асекең қай жерде қандай сөз сөйлемесе де, қандай әрекет жасамаса да, ұлтжанды азамат болды. Барлық әрекеті ұлтжандылықтан шығып отырды. Әділетсіздікке қарсы, жан-жағынан қазақтың, өзінің бабаларының, сонау Арабия құмдарынан келген бірде біреуін ұятқа қалдырмаймын, қазақты биіктетемін деп өткен. ХIХ ғасырдағы қазақтың мәдениетін, күйлерін солардың бәрін терең білген, себебі олар күйреудің алдындағы мәдениет болатын. Бәрін өте жақсы сезіне білген. Абайды бізге тағдыр жіберді мына қазақты ХХ ғасырға дайындау үшін. Асекеңді де. Ол  жаратушының үлкен сыйы. Мен бұған еш күмәнданбаймын.

Смағұл  ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург:

Қызыл империя қазақтың ататынын атып, қыратынын қырып болғаннан кейін әрі қарай қазақты орыстандыруға кірісті. Соның анық белгісі, анық салқыны 60-жылдары көрінді.  Біз түгел орыстана бастадық. Сол  60-жылдары жылымық келді де, соның арқасында талай қазақтың ойынан құрсау алына бастады, тілі шешіле бастады, басқаша ойлай бастады. Яғни халықтың сорын көре бастады. Өкінішке қарай, 60-жылдарға аға буын, интеллигенция қатты қорқып келді, зәресі ұшып келді, сөйлей алмайтын болып келді. Ойындағысын толық жаза алмайтын болып келді. Бірақ соның ішінде алашорданың мүддесі үшін күресті жалғастырған, рухына адал Мұхтар  Әуезов сияқты ұлы тұлғалар болды. Олар ешқашан құбыласынан жаңылмады.

Сонау 40-жылдардағы француз қауымында Қарсылық (Сопротивление) саяси қозғалысы пайда болып еді ғой. Ал, сол 60-жылдары қазақ қауымында да ерекше бір қозғалыс жүрді. Бізде әлі күнге дейін осы қоғалыстың аты  аталып, түсі түстелген жоқ. Бұл кезең туралы монографиялар жазылуы керек еді, саяси баға берілуі керек еді… Ол 1960-тан 1990-ға дейін жалғасқан отыз жылға созылған қозғалыс болды. Ол қозғалыста қимылға көшу, ұйымдасу қиын болды. Тек қана қаламға жүгіну, қағазға жүгіну мүмкін болды. Жастарды ұйымдастырып, қимылға шақырған бір тұлға Мұрат Әуезов болатын, соның өзін Орталық Комитет шақырып, әрі жығып, бері итеріп, кітабын талқандап, өзін қудалап, жұмыссыз қалдырды. Егер Д.Қонаев болмағанда  Мұрат Мұхтарұлы темір тордың ар жағынан көрінер еді.

Мінекей осы анық болғаннан кейін, қазақтың қарсылық қоғалысының Асқар Сүлейменов сияқты көрнекті өкілдері қағазға ғана жүгінді. Қарсылығын солай білдірді. Сөйтіп барып Бесатарды қолға алды. «Бесатар» – қызыл империяға қарсы атылған оқ болатын.

Асқар Сүлейменов  өз ұлтын өлердей сүйген, ұлтшыл азамат болды. Сол жолда Құдай тағала оған Абайдың абыздығы мен Махамбеттің мінезділігін берген еді. Бір-біріне ұқсамайтын осы екі  тұлғаның арасынан Асқар Сүлейменов пайда болған тәрізді.  Оның болмысында батырлық та бар,  даналық, абыздық та бар. Міне, сол қазақтың болмысы, Абай тірілгендей даналығы, Махамбет тірілгендей батырлығы Асекең  қағаз қаламға, сөзге жүгінді, оның алғашқы сөзінен бастап, бүкіл қазақ қоғамы дүр сілкінді, рухымыз дүр сілкінді. Алғашқы сөздерінің өзі Алматыға тарап жататын, толқын-толқын болып, аңыз болып тарап жататын, біздің, жастардың құлағына келіп жететін. Асекең тек қана қағазға жүгінді, әрі қарай қимылға бара алмады. Махамбет сияқты қимылдаса, Махамбет сияқты басын жоғалтуы әбден мүмкін еді. Міне, біздің сол отыз жылға созылған, қазақтың қарсылығы делінетін, саяси қозғалыста бір-екі адам өз қарсылығын ауызша айтып жүретін. Олардың ішінде Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтановтар  айғайлап айтатын, Ілияс Есенберлиндер жазды. Әуезовтер пәленбай томға созылған өсиет қалдырды. Ол шынын айтқанда Алашорданың өсиеті еді. Тілді аманатқа, елді аманатқа қалдырды. Ие болыңдар деді.

Міне, Асқар, аңыз Асқар осы Алашорданың ішімізде жүрген, көзі тірі өкілі еді. Әрине жалғыз емес еді, қасында Мұраттар бар еді. Алашорданың өлмеген өкілдері болды бұлар. Солардың сөзін айта білді. Жалғыз айыбы – басын шапқызған жоқ, оларға қарсы оқ атылған жоқ. Бұлар атылатын болса, оқ та атылатын еді. Ең алдымен біздің ғылымның, әсіресе мәдениеттану, әдебиеттану, саясаттану ғылымы, өкінішке қарай, осы қазақ қарсылығы деген қозғалысты ұмытқанын айтуысыз керек. Ендігі үлкен міндет – осыны көтеру, зерделеу, ресми тарихқа қосу. Мұны жүзеге асырмай тарихымыз жүйелі де толыққанды болмайды.

Тағы да қайталауға тура келеді – қазақтың рухы отыз жыл бойы бекер жүрген жоқ. Әйтеуір бір формада көрінді: жазған қаламынан, сөйлеген сөзінен, кей жерде ісінен де көрінді. Отыз жыл бекер өткен жоқ. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрса да қазақ қауымы өзінің қазақтығын, өзінің алашын ұмытқан жоқ. Жұмыс істеп жатты. Соның арқасында 1986 жылдың желтоқсанында қазақ рухы көшеге шықты. Соның арқасында Тәуелсіздік келді. Асқар Сүлейменовтер қаламымен осы үшін күрескен тұлғалар. Асекеңді біз кеткеннен кейін де жоқтау бола береді. Өйткені осындай ұлтын сүйген суреткердің ұмытылуы мүмкін емес.

Асқар Сүлейменов – ерекше тұлға, Құдай тағаланың жіберген ерекше тұлғасы. Егер он тоғызыншы ғасыр болса, ол көп әулиенің бірі болар еді. Жиырмасыншы ғасырда, өкінішке қарай, әулие болу мүмкін емес еді. Асекеңнің рухы қазақтың сөзі тірі тұрғанда өлмейді.

«The Qazaq Times»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз