бес жыл құлдықта болған ер адамның жантүршігерлік оқиғасы

0
50

Ер адам өзін ұрып-соғып, құлдыққа салған қожайынынан бірнеше рет қашуға тырысқан

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек — Sputnik. Бес жыл құлдықта болған Қарағанды облысының тұрғынын ағасы құтқарып алды.

Әбден жүдеген, үсті-басы кір-кір, киімінің сау тамтығы жоқ інісін мал бағып жүрген жерінен алып кетпек болғанда қожайындары жетіп келіп, қоқан-лоққы көрсетіпті, деп хабарлайды КТК арнасы.

Олар бірден полицияға хабар беріп, шұғыл топ бір жарым сағаттан соң келген.

Бес жыл құлдықта болған Нарынбет Жұмағұловтың айтуынша, 2012 жылы жылдан бері әркімге жалданып жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: Көкшетауда қыздары алып қашып, секс-құлдыққа салған екі адам сотталды

2014 жылы жинаған тиын-тебенімен үйіне қайтпақ болғанда, екі полиция қызметкері келіп, фермаға барып жұмыс істеуді ұсынған екен. Нарынбет бірден келісе кетеді.

Оның сөзіне сүйенсек, полиция қызметкерлерінің бірі сол ферма қожайынының ұлы көрінеді, алайда ол кейінірек ішкі істер органынан жұмыстан шығып кетіпті. Мұны полиция департаменті де растап отыр. Ал енді бұрынғы әріптесі жұмысқа алған ер адам сол бойы фермадан шыға алмаған. Нарынбет екі рет қашып та көріпті.

«Ұстап алып, көк ала қойдай қып сабады. Екі рет қаштым, екі ретінде де өздері ұстады», – дейді ол.

Осыдан кейін ферма иелері ер адамды күнде ұрып-соға бастайды. Бір жолы тіпті атпен де сабаған.

Оқиғаға байланысты полицейлер «Адамды бас бостандығынан заңсыз айыру» бабы бойныша іс қозғапты.

«Жәберленушінің айтқанын жан-жақты тергеу мақсатында Қылмыстық кодекстің 126-бабы 1-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс ішкі істер министрлігі және департамент басшылығының бақылауында», – деп мәлімет берді Қарағанды облысының полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жаңатай Сембеков.

Тағы оқыңыз: «Сиыр жоқ деп ұрды»: құлдықта болдық деген ерлі-зайыпты түрмеге түсті

Айта кетсек, бұл бап бойынша айыпталушы үш жылға дейiн бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі тиіс.

Ал Нарынбетті іздеп, талай фермаға барған туыстары сонда жүрген жұмысшыларды полицияның тексергені жөн деп санайды, өйткені құлдықта жүргендерге сырттан көмек келмесе, қожайындарынан құтылу мүмкін емес.



sputniknews.kz