Бес жыл бұрын адам өлтіргенін мойындады

0

Ол денені бетонмен құйып тастаған. Ақмола облысының тұрғыны 5 жыл бұрын кісі өлтіргенін мойындады.

3 қыркүйекте Атбасар қаласының 53 жастағы тұрғыны полиция бөліміне осыдан бес жыл бұрын адам өлтіргенін айтып, кінәсін мойындап келді.

Ер адам 2017 жылдың шілде айында Целиноград ауданы Талапкер ауылында 49 жастағы адамды өлтіріп, кейін екеуі жұмыс істеп жатқан үйде денесін бетонмен құйып тастағанын айтты. Ол полицияны қылмыс болған жерге апарып, мәйіттің жерленген жерін көрсетті. Тергеу барысында қайтыс болған адамның сүйектері табылды.

Қазір адам өлімінің нақты себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнынан заттай айғақ ретінде балға тәркіленді.

Целиноград аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.