«Бес жас үлкен жігіт зорлады»: 15 жастағы қазақстандық қыз өзін күшпен тұрмысқа бергенін мәлімдеді

0

Желіде тараған кадрларда қыз көпшіліктен жылап, көмек сұраған. Жәбірленуші қыздың сөзінше, осы оқиғадан кейін ол өзіне зорлық-зомбылық көрсеткен қызға тұрмысқа шығыпты. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Мені 20 жасар жігіт зорлады. Полицияға арыз жаздым. Бірақ оның отбасы біздің соңымыздан жүгіріп, келін қылып аламыз, арыздарыңды қайтып алыңдар деді. Мұндай өтінішпен сол әулеттің үлкен кісілері келді. Анам қазақылыққа салынып, екі жақ келісіп, осы жылы 15 мамыр күні сол жігітке тұрмысқа шықтым”, – дейді қыз.

Қыздың сөзінше, оны күйеуі ұрып-соғып, балағаттап қайта үйіне әкеліп тастапты.

“Аяғым ауыр болған соң дәрігерге тіркелуге барғанда “18 жас жоқ” деп милиция шақырылып, жігіттің үстінен іс қозғаймыз деді. Сол кезде енем тергеушілерге ақша беріп, істі жапты. Құқық қорғау органдарында туыстары бар еді. Соларға өтірік УДЗ қағазын жасатып, баласын жазадан құтқарып қалды. Күйеуімнің есімі Маратов Мақсат Бақытжанұлы. Олар мені оқытамыз деп, жалынып жүріп алған еді. Қазір оқытпақ түгілі, мені үйінде ұрып-соғып, балағаттап, алмаймыз деп үйіме әкеліп тастады. Аяғым ауыр, төрт ай болды. Анам осы жайтты естіп ауруханаға түсті”, – дейді қыз.

Жәбірленуші енді полицияға арызданайын десе, енесі сатып аламыз депті.

“Енеме не істеп қойғанымды түсінбедім. Келіндік міндетімді түгелдей атқарып жүрмін. Мені осылай алдағандарыңыз үшін заң алдында жауап бересіздер десем, құтылып кетеміз деп, жылатып отыр. Бұлар заңды сатып алып отыр. Құқық қорғау органында істейтін ағайыны бар. Сосын Экомедте абысыны директор қызметін атқарады. Соған жалған УДЗ қағазын жасатып, тапсырып, мені мектеп, поликлиника және үйінің тіркеуінен шығарып тастады. Олар ертең заңды сатып алып, баласы тайраңдап жүре ме деп қорқамын”, – дейді қыз.

Аталған жағдайға қатысты жәбірленуші қыздың өзімен Stan.kz тілшісі байланысып көрді. Дегенмен ол 20 жастағы күйеуімен қайта татуласқанын айтты. Сосын Атырау облыстық полиция департаментінен мәнжайды сұрап білдік.

“Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алғашқы тергеу барысында  қылмыс құрамын толыққанды тергеу үшін жәбірленуші тарап тиісті сот-медициналық, психиатриялық сараптамаларынан өтуден бас тартып кешенді тергеу әрекеттерін жүргізуде кедергілер келтірген. Әлеуметтік желіде таралған мәліметтер бойынша тергеу жаңғыртылып, тексеріледі”, – делінген хабарламада.

фото: pixabay.com