«Бес тонна өлі балық жиналды» Депутат қазақстандықтардың денсаулығына алаңдады

0

Сәрсенбай Еңсегенов балықтардың жаппай қырылуына жол бермес үшін тиімді шаралар қабылдауды ұсынды.

Сенат отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуы мәселесін қозғады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Қазақстандағы су айдындарында, соның ішінде Жайық-Каспий бассейніне қарасты суларда балықтардың азды-көпті қырылуы соңғы жылдары жиілеп кеткенін атап өтті. Алайда, желтоқсан айындағы балықтардың жаппай қырылу көлемі мен одан келген залал мөлшері тіпті орасан екен.

«Жайық өзенінен бір мезетте 5 тоннадан астам өлі балық жиналса, соңғы ақпараттар бойынша «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытының 164 бекіре тұқымдас балығы өлген. Сол сияқты, «Луговой ат зауыты» ЖШС тоғанынан алынған 1647 бекіре тұқымдас балықтың 42-нен басқасы өлген. Кәсіпорын жалпы саны 30 мыңнан астам бекіре тұқымдас балықтан айырылған», — деді сенатор премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, балықтардың жаппай қырылуына өзенге төгілген аммиак себеп болған деген болжам бар.

«Өлген балықтардың етінен аммиактың табылуы осы болжамды бекіте түсетіндей. Сонымен бірге, Жайық өзенінде зиянды заттардың мөлшері шектен жоғары деген де пікірлер айтылуда», — дейді Еңсегенов.

Қазіргі кезде «Атырау су арнасы» ММК, «Атырау ЖЭО» АҚ мен Атырау қаласындағы екі бекіре балығын өсіретін зауыттар тексеріліп жатыр. Сондай-ақ, салааралық комиссия да жұмыс істеуде.

«Мұз басып жатқандықтан балықтың қандай жағдайда екені жөнінде толық мағлұмат жоқ. Мұз астында жатқан балықтарды түгелдей жинау аса маңызды. Әйтпесе уланған балық еттері өзеннің экологиялық жүйесіне, басқа су жануарларына зиянын тигізуі әбден мүмкін. Бұл өзен бойында отырған адамдардың, қармақ құрып, балық етін пайдаланушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп туғызатын жай екенін ескеру керек», — деп алаңдады сенатор.

Депутаттың пікірінше, балық етінен аммиактың табылуы және судағы зиянды заттар мөлшерінің тиісті деңгейден көп болуы қолданыстағы табиғат қорғауға байланысты заңнамалық актілердің осал тұстары бар екенін көрсетіп отыр.

«Алдағы уақытта балық және басқа да су жануарларының жаппай қырылуының алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін қабылдау қажет», — деді ол.

Еңсегенов үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа еліміздегі балық шаруашылығының негізгі су айдыны болып саналатын Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына байланысты қозғалып отырған мәселелерді қарап, тиімді шаралар алуды ұсынды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/