Бес хандықтың астанасы болған Сығанақ

0
Сығанақ
Фото: Zhasalash.kz

Қала туралы алғашқы дерек Х ғасырдағы парсы шығармаларында кездеседі. Сол заманда Сығанақ Қыпшақ мемлекетінің саяси-экономикалық астанасы болған. Ұлы Жібек жолы бойындағы қалаға көшпенді халық төрт-түлік малын, ет, тері, жүн сияқты шикізатын өткізіп, өздеріне керек затын алып қайтқан.

Шыңғыс ханның шапқыншылығына дейін қала Хорезм шахы Текештің билігінде болып, 1220 жылы оны Жошы әскері басып алады. Қала Жошы ұрпақтары билеген тұста гүлденіп, тіпті Ақ Орданың орталығы болды. Мұнда да Тараз, Исфиджаб пен Отырардағыдай күміс теңге соғатын ақша сарайы жұмыс істеді. Қазақ хандығы қарамағына өткен соң Сығанақты Бұрындық хан биледі. Үш ғасыр бойы Қазақ хандығының негізгі ірі қаласының бірі болды. Сауда мен қолөнер тұрақты дамыды. Бірақ бірнеше рет қайталанған жоңғар шапқыншылығы бұл қаланың да түбіне жетіп тынды.

Сығанақ қаңлылардың, Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғасырларда), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғасырларда), Әбілқайыр хандығы (ХV ғасырда) мен Қазақ хандығының (ХVІ ғасырда) астанасы болды. Қандай шапқыншылық жасалса да, ұлы сауда керуенінің бойындағы қаланың өмірі жылдам жанданып отырған. Сығанақ сонымен бірге Орталық Азия мен Дешті Қыпшақ хандығының ортасында тұр. ХІ ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар Сырдарияның орта ағысына қоныстанады. Кейін Сығанақпен сауда қатынасын күшейтіп, ақыры қаланы өздеріне бағындырады.

Қаланың қазіргі орны 10 гектар жерді алып жатыр, көлемі – бесбұрышты. Айналасында көптеген үйінді, ертеде су жүргізілген құрылыс ізі сақталған.

2009 жылы “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Сығанақта археологиялық жұмыс қолға алынды. Сол кезде қаланың шығысынан мешіт-медресе, сағана табылды. Бірақ ол Сунақ ата мешітіне емес, мәйітханаға көбірек ұқсайды. Солтүстігінен кесене орны анықталды. Жазба деректерге қарағанда қала Ақ Орданың орталығы болып тұрған тұста Сасыбұқаның баласы Ерзен хан Сығанақ, Сауран, Отырар, Баршынкент, Жент сияқты қалаларды абаттандырып, мешіт, медресе салдырған. Ханның өзі Сығанақта жерленген көрінеді.

Сығанақ әлі де кешенді археологиялық қазба жұмысын қажет етіп тұр.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz