Бес әлеуметтік бастама: Атқарар іс аз емес

0
156

Салық жүктемесі жеңілдетілді

Алдымен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді. Оның айтуынша, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаға 8 банк қатысуда. 17 қаңтардағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 52 млрд теңгеге 4350 өтінім мақұлданды. Д.Ақышевтың баяндамасында алдағы уақытта аталған бағ­дар­ламаны жаңғыртуға бағытталған ұсыныстар болды. Оның айтуынша, еліміздегі дамуы қарқынды өңірлердегі демографиялық өсім мен халықтың көші-қон қозғалысы тұрғын үйге сұраныстың артуына ық­пал етеді. Екіншіден, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салын­ған баспаналарды алдымен осы бағдарлама бойынша кезекте тұрғандарға, сосын тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкінің салымшы­ларына және «7-20-25» бағдар­ламасына қатысушыларға сату мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Бес әлеуметтік бастаманың екін­ші бағытын іске асыру ая­сында жалақысы төмен жұмыс­шы­лардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар туралы Ұлттық эко­номика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндады. Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап күшіне енді, салық төлеу­ші­лердің арасында түсіндіру жұ­мыстары жүргізіліп, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу көзделген. Р.Дәленовтің айтуынша, еліміздегі жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 63 125 теңгеден төмен жұмысшылар үшін салық жүктемесі 10 есе төмендетілді.

− Ескеретіні, салыққа қа­тыс­ты бұл шешім жергілікті бюд­жет­тің шығындалуына әкелмек. Осыған орай аталған шығын­дар республикалық бюджет ко­мис­сиясының отырысында қара­лып, мақұлданды. Республи­ка­лық бюджетте трансферттер көз­дел­ген. Осылайша, жергі­лікті бюд­жет­тердің кірістері жеңіл­діктер арқылы азаймайтын болды, – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

5 мың орындық жатақхана салынады

«Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасын» іске асыру барысын қарау аясында жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады.

Министрдің айтуынша, өт­кен жылы грант саны 20 мың­ға көбейген. Мемлекеттік грант­қа оқуға түскендердің 50%-ы тех­никалық мамандықтар бо­йынша (34 мың) білім алуда. Олар­дың ішінде ақпараттық-комму­ни­кациялық технологиялар, кибер­қауіпсіздік, радиотехника және электроника секілді еңбек нарығы үшін маңызды бағыттар бар. «Серпін» бағдарламасы бойынша ауыл жастарына 5 мың грант беру қарастырылған. Гранттардың ша­мамен 20%-ы мұғалімдерді даяр­лауға, оның ішінде тілдік білік­тілікті күшейтуге бағытталып отыр.

Сонымен қатар Е.Сағадиев аталған министрлік жатақха­на­ларда жаңа орындарды беру жұмыс­тарын жалғастырып жатқа­нын айтты.

– Биыл 5 мың орынды пай­да­лануға беруді жоспарлап отырмыз. 3 жарым ай ішінде бізге 11 мыңнан астам орынға 20 өті­ніш түсіп, 6 мың 500 орынға 12 шарт жасалды. Қазіргі есеп бойын­ша 5 мың орын толығымен биыл беріледі. Осы айдың соңына дейін 4 600 орын­ға тағы 8 шарт жасау жоспар­лануда. Бұл жобалар келесі жы­лы қолданысқа беріледі, – деді Е.Са­ғадиев. Бұған қоса, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы білім беру ұйымдары өз қаражаты есебінен 10 жатақхананы са­лады. Министрдің дерегінше, 107 жоба бойынша қаржыландыру көздері анықталған. 50 жобаны жоғары оқу орындары мен банк­тердің қаражаты есебінен, 57 жобаны инвесторлардың қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр.

− Жалпы алғанда, Мемлекет бас­шысының үшінші бастамасы жоспарланған мерзім аясында жүзеге асырылып жатыр, оны тұ­рақты бақылауда ұстап отыр­мыз, – деп түйіндеді сөзін Е.Саға­диев.

14 мың адамға шағын несие берілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Төртінші әлеуметтік бастама аясында «Ша­ғын несие беруді көбейту» бағы­тын орындау бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі М.Әбілқасымова, Ауыл ша­руашылығы бірінші вице-ми­нистрі А.Евниев және Ұлттық эко­номика бірінші вице-минис­трі Р.Дәленов баяндама жаса­ды. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі келтір­ген ақпаратқа сүйенсек, был­тыр елімізде бағдарламаны қаржы­лан­дыру бойынша ауылдарда – 14 млрд, қалаларда 6 млрд теңгеге несие беру ұлғайтылды.

– Қосымша бөлінген қара­жат­ты есепке алғанда, шағын не­сие берудің жалпы сомасы 62 млрд теңгені құрады. Оның ішін­де 45 млрд теңге ауылдық жер­лерге (73%) және 17 млрд теңге (27%) қалалық жерлерге жібе­рілді. 2018 жылға арналған шағын несиемен қамту жоспары 14 мың адамды құрады, – деді министр М.Әбілқасымова. Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы саласында несие беру көлемі де артып отыр. Мысалы, мал ша­ру­а­шылығын дамытуға – 76%, өсім­дік шаруашылығын дамытуға – 2,7%, құс шаруашылығын дамы­туға – 2,2%, көлік және қоймалау саласына – 6%, өңдеу өнеркәсібі саласына – 2%, басқа да қызмет түрлері бойынша 5,6% шағын несие берілген.

Газ тарту көктемде басталады

Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы Энергетика министрі Қ.Бо­зымбаев баяндады. Оның ай­туынша, 2018 жылғы 19 қара­шада «АстанаГаз» ҚМГ» АҚ мен «Қаз­ҚұрылысСервис» МГҚК» АҚ арасында «Сарыарқа» магис­тралды газ құбырын салу туралы ке­лісімшартқа қол қойылды. Кестеге сәйкес бір мезгілде бес желілік ағынды жүзеге асыру арқылы ма­гистралды газ құбырын салу жос­парланып отыр. Монтаждау және құбыр гидросынауын жүр­гі­зу арқылы магистралды газ құбы­рының желілік бөліктерін салуды аяқтау 2019 жылдың соңына қа­рай белгіленді. Мердігердің тех­никасын, жабдықтары мен жұмысшыларын жұмылдыру биыл­ғы қаңтардың соңында баста­лады. Трассаны дайындау 27 ақпанда басталмақ. Бұл рет­те желілік құбырдың бірін­ші партиясын жеткізуді осы жыл­ғы наурызда бастап, тамызда аяқ­тау жоспарланып отыр. Желі­лік құбырлардың дәнекерлеу жұ­мыс­тары 21 наурызда бастал­мақ. Қ.Бозымбаевтың айтуын­ша, қазіргі таңда Астана қаласы, Ақ­мола және Қарағанды облыс­тарының әкімдіктері газ тарату же­лілерінің бірінші кезегін салудың жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) аяқтаған. Жоғарыда көр­се­тілген жобалар бойынша ЖСҚ-ға «Мемсараптама» РМК-нің ке­шенді ведомстводан тыс сарап­та­масының оң қорытындысы алынғаннан кейін Энергетика, Қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіпте «Сарыарқа» магистралды газ құбыры трас­са­сының бойындағы елді мекендерге газ тарату желілерін салу­ды қаржыландыру мәселесін пысықтайтын болады.

Министрлердің кезекті баян­дамаларынан кейін  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы жүктеген мін­деттердің орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды. Бірінші бас­тама бойынша «7-20-25» бағ­дарламасының кедергілерін жойып, іске асыру барысын же­дел­дету қажеттігін, үшінші бастамадағы жатақханалар салу бойын­ша жоспардың уақтылы орын­далуын, төртінші бастамаға қатыс­ты – шағын несиелер бо­йынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу қажеттігін, оның ішін­де қалалы жерлерде несие бе­руді арттыру керектігін назар­ға алды. Үкімет басшысы бесін­ші бағыттағы  «Сарыарқа» газ құ­бы­рын уақтылы салып, іске қосудың аса маңызды екенін де шегелеп айтты.

Отандық кәсіпкерлер құқығын қорғауға бағытталады

Жиында мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сек­тор субъектілерінің сатып алу мәселелері де қаралған болатын. Бұл мәселе бойынша Қаржы ми­нистрі Ә.Смайылов баяндама жа­сап, өткен жылы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор­дың сатып алуларының жалпы кө­лемі 9,2 трлн теңгені құраға­нын жеткізді. Оның ішінде: мемле­кеттік сатып алулар – 3,6 трлн теңге, «Самұрық-Қазына» қоры шама­мен 5 трлн теңге және өзге ұлт­тық компаниялардың сатып алу­лары 600 млрд теңгеге жуық. Осы­лайша мемлекеттік және ква­зи­мемлекеттік сатып алулардың 2018 жылғы көлемі 2017 жылға қарағанда 3,4%-ға жоғары.

Жиында сөз алған «Ата­мекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мыр­захметовтің айтуынша, мем­лекеттік сатып алулар мен квази­мемлекеттік сектор субъек­ті­лерінің сатып алу мәселелері отан­дық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, олардың біліктіліктерін арттыруға оң ықпал етпек.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Б.Са­ғынтаев бұл бағытта ауқымды жұ­мыс атқарылғанын атап өтті. Еліміздегі бизнес-ахуал­ды жақ­сартуға ықпал ететін, мемлекеттік сатып алулар сала­сын­дағы негізгі мәселелерді ше­шуге бағытталған түзетулер енгі­зілді. Осыған орай барлық мем­ле­кеттік органдар, өңірлердің әкім­діктері ұлттық стан­дарттарды көр­сету, бір көз­ден сатып алу кө­лемінің өсуі­не жол бермеу тұр­ғысынан отан­дық тауар өнді­ру­шілерді қол­дау талапта­рын сақтау шараларын қабылдауы тиіс. Қаржы минис­тр­лігіне осы Заң бойынша кең ау­қымды ақпа­рат­тық-түсіндіру жұ­мыс­тарын жүр­гізу және қажетті заңға қосалқы ак­тілерді қабылдау тапсырылды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/