Берлинде Олег Сенцовтың жаңа фильмінің премьерасы өтті

0

18 ақпанда Берлинде Горький атындағы театрда украиналық режиссер Олег Сенцовтың «Номера» фильмінің тұсаукесері өтті. Фильм жасалып жатқан кезде Сенцов Ресейде түрмеде отырған және түсірілімнің барысын киевтік әріптесі Ахтем Сеитаблаевпен хат жазысып, талқылап отырған.

Фильм 20 ақпанда ашылатын Берлин фестивалінің арнайы бағдарламасына енгізілген. Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, фильм «күрделі жағдайда экзистенциалдық ваккум жағдайында» жасалған.

Фильм Сенцовтің 2011 жылы жазған пьесасына негізделген.

«Бұл фильмде ар-намыс, абырой, арман, үрей мен батылдық туралы сөз қозғаймыз. 2014 жылы ақпан айының соңында туған жерімізді басып алған шақта Олегпен бірге Қырымда болдық және сол кезде бойымды үрей билегені есімде. Олег маған қорықпаудың не екенін көрсетті» дейді Ахтем Сеитаблаев.

Олег Сенцов бір жыл бойы түрмеден хат жазып, түсірілім тобына нұсқау беріп отырған. Фильмді Украинаға оралғаннан кейін бір-ақ көрген.

Фильм премьерасынан кейін көрермендер алдында сөйлеген Олег Сенцов пен Ахтем Сеитаблаев Ресей мен Донбаста тағы шамамен жүз саяси тұтқын бар екенін айтты. Олардың арасында «Желі ісі» бойынша айыпталғандар да бар.

— Біздің бәрімізге ортақ бір мәселе бар, ол мәселенің аты — Путин, — деді Олег Сенцов.

Олег Сенцов — Ресейдің Қырымды жаулап алуына қарсы шыққан украиналық режиссер, Майдан белсендісі. 2014 жылы мамыр айында ресейлік арнайы жасақ өкілдері оны ұстап, «теракт әзірлемек болды» деп айыптап, 20 жылға соттаған. Сенцов өзіне тағылған кінәні мойындаған жоқ. Ресейде түрмеде отырған кезде Сенцов аштық жариялап, оның қарсылық акциясы 145 күнге созылды. Түрмеде 5 жылдан астам отырған Сенцов 2019 жылы 7 қыркүйекте Ресей мен Украина арасындағы тұтқын алмасу кезінде босап шықты.

Қазір Олег Сенцов 2013 жылы жазған сценарийі бойынша «Носорог» криминалды драманы түсіруді жоспарлап отыр.

Қарай отырыңыз: Олег Сенцов не үшін сотталған? (Қазан айы, 2018 жыл).

Azattyq