Берлинде Ливиядағы қақтығысты реттеу жиыны өтпек

0

Бүгін, 19 қаңтарда Берлинде Ливиядағы қақтығысты реттеу мақсатында халықаралық конференция өтеді. Жиынды ұйымдастыруға БҰҰ мен Германия ұйытқы болған. Кездесудің мақсаты – Ливиядағы билікке таласып жатқан екі тарапты татуластыру. Германиядағы конферецияға Ливияда қақтығысып жатқан екі тарап – халықаралық қауымдастық мойындаған үкіметтің басшысы Фаиз Сарадж бен оның қарсыласы Ливия ұлттық әскерінің жетекшісі Халифа Хафтар келмек.

Берлиндегі жиынға Түркия президенті Режеп Эрдоған, Ресей басшысы Владимир Путин, Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьері Борис Джонсон және АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да қатысады.

Ливиядағы азаматтық соғыс 2011 жылдан бері жалғасып келеді. Муаммар Каддафи режимі құлаған соң елдегі фракциялар билікке таласып жатыр. Хафтардың күші елдің шығысын, Сарадж үкіметі ел астанасы Триполи мен оның маңайын ұстап отыр. Соңғы айларды Хафтар елдің біраз аумағын басып алды.

Сарадж билігін Түркия қолдап, жақында Ливияға әскер жіберген. Хафтарды Египет пен БАӘ қолдайды. Хафтарға Ресейден келген жалдамалы әскерлер де көмектесіп жатыр деген ақпарат тараған. Бірақ мұны Мәскеу жоққа шығарып, екі тарапты да қолдамайтынын мәлімдеді.

Өткен аптада Мәскеуде Ливиядағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздер нәтижесіз аяқталған. Хафтар келісімге қол қоюдан бас тартты. Бейсенбіде Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас Хафтармен Ливияның шығысында кездесіп, генералдың келісімге қол қоюды мақұлдағанын мәлімдеген. Бірақ кейін Хафтарға бағынатын күштер елдің шығысындағы теңіз терминалдарын басып алып, мұнай тасымалына шектеу қойды. Триполидегі үкімет осы мұнай тасымалынан пайда көріп отырған.

Сарадж неміс басылымдарына “егер келіссөз сәтсіз аяқталса, Ливияға халықаралық бітімгершілік күштер шақыратынын” мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Берлиндегі кездесуден айтарлықтай нәтиже күтпейтінін айтты.

Azattyq