Берлин саммитіне қатысушылар Ливияға қару жеткізуді тоқтатуға уағдаласты

0

Ливиядағы қарулы қақтығысты реттеуге арналған Берлин саммитіне қатысушылар Ливияға қару жеткізуге тыйым салу және оны бақылау жөнінде уағдаласты. Жексенбі, 19 қаңтарда Берлинде өткен халықаралық конференцияны қорыта келе, Германия канцлері Ангела Меркель кездесу қорытындысын «едәуір ілгерілеушілік» деп атады.

Саммитке қатысушылар Ливиядағы жанжалдасушы тараптарға әскери қолдау көрсетуді тоқтатуға келісті. Құжатқа 16 ел мен ұйым қол қойды. Келіссөзге қатысушылар Ливияда ұзаққа созылған қақтығыс әскери жолмен шешілмейтіні белгілі болғанын айтты.

Германия үкіметінің жетекшісі Берлин конференциясы – ұзақ процестің алғашқы қадамы екенін атап өтті. Таяуда ұзақ мерзімді бітімге дайындық үшін алғашқы келіссөз басталуы тиіс. Ол үшін комиссия құрылады, оған Ливиядағы жанжалдасушы тараптардың бес өкілі кіреді, олар: ұлттық келісім үкіметінің басшысы Фаиза Сараджа мен ол үкіметті мойындамайтын генерал Халифа Хафтар үкіметінің өкілдері. Бұл жөнінде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Берлин кездесуінің қорытындысына арналған баспасөз конференциясында хабарлады. Оның сөзінше, комиссияның алғашқы отырысы таяуда Женевада өтеді.

Azattyq