Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымында несімен есте қалды

0

Елімізде үш жаңа аймақ құрылғалы екі жылдан астам уақыт өтті. Олардың арасында Ұлытау облысы да бар. Өңірде үш қала мен екі аудан бар, жалпы 227 мың адам тұрады. Аймақ басшысы болып тұрған тұсында Берік Әбдіғалиұлы не істей алды, несімен есте қалды? Бұл туралы Kazinformагенттігі тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Берік Әбдіғалиұлы 1971 жылы 18 қыркүйекте Қарағанды облысының Рудник (қазіргі Жезқазған) кентінде дүниеге келген. Білімі бойынша тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Осыдан 35 жыл бұрын, 1989 жылы еңбек жолын Қарағанды облыстық балалар кітапханасында кітапханашы қызметінен бастаған. Алайда, ресми дереккөздерде Берік Әбдіғалиұлының мансабы 1994 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтында басталғаны жазылған.

Әр жылдары Теміртау әкімі, Жезқазған және Арқалық қалаларының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы бірінші вице-премьерінің кеңесшісі, Мәдениет және ақпарат министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып жұмыс істеді.

Жетінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Ол сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау процесіне белсенді қатысуымен және Түркістан легионының мүшелерін ақтау жұмыстарымен танымал.

Ғылыми еңбектеріне тоқталар болсақ, Берік Әбдіғалиұлының негізгі тақырыптары — тарихи зерттеулер. Ол — қазақ және орыс тілдерінде жүзден астам ғылыми еңбектің авторы. Олардың ішінде «Қазақстанның киелі нысандары», «Желтоқсан. 1986» құжаттар мен естеліктер жинағы, «Алаш әскері», «Қазақ миссиясы», «Саяси сөздік» және т. б. бар.

Ал енді оның Ұлытау облысының басшысы ретінде қол жеткізген жетістіктеріне келетін болсақ, ауыз толтырып айтар нәрсе аз.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсанында Jibek joly телеарнасына берген сұхбатында Берік Әбдіғалиұлы облыстағы өндіріс кәсіпорындары, ондағы қауіпсіздік мәселесі, өзі екі рет шахтаға түскені жайлы айтқан еді.

Облыс әкімі аймақтың проблемалары туралы да жиі айтқан болатын. Олардың ішінде ең өзекті және ең ауқымдылары – сумен, жылумен жабдықтау, жол құрылысы және кадр тапшылығы. Ол Ұлытау облысын елдің экономикалық және туристік орталығына айналдыру жоспарын жария еткен. Алайда ол үшін қыруар қаржыдан бөлек, адами ресурстар да қажет екені тілге тиек етілді.

Берік Әбдіғалиұлы басшылық еткен кезеңде, шыны керек, облыста ауыз толтырып айтарлық өзгерістер болған жоқ. Ол жайлы тіпті халық қалаулылары да айтып, реніш білдірген.

Өкінішке қарай, осы екі жарым жылда жаңа өңірде түрлі проблемалардың беті ашылды. Мысалы, ана мен бала өлімі көрсеткішінің жоғары деңгейі.  Мұны облыс әкімі перзентхана жоқ деп түсіндірді.

Ол аздай, ауыл шаруашылығы саласына бір миллиардтан астам субсидия берілгеніне қарамастан, өңірде жаппай мал қырылған.

Ал көктем келісімен облыс басшылығы су тасқынымен күресуге мәжбүр болды.

Дүйім жұрт көптен күткен жолдары да қалпына келтірілер емес.

Әрине, қаржы проблемалары да баршылық. Көктемде ҚР жоғары аудиторлық палатасы Ұлытау облысында мемлекеттік аудит жүргізіп, 4,1 млрд. теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар анықтаған.

Бірақ жақсы жаңалықтар да болды. Мәселен. биыл 33 отбасы қоныс тойын тойлады.

Бүгін Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылды.

Оның орнына Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлытау облысының әкімі лауазымына Дастан Адайұлы Рыспеков тағайындалды.