Берері бар бағдарлама | «Айқын» газеті
Астанада Үкімет пен Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бірлескен жобасының қорытындысы жасалды.
Аталған жоба 2016 жылдан бастап қолға алынған. Жоба 2020 жылға дейін жалғасады. Білім және ғылым министрлігінің басты мақсаты – жоба аясында ғылымды дамыту. Жобаларды басқару тобының директоры Мұрат Сартбаевтың айтуынша, жаңа инновациялық жобалардың болашағы зор.
«Біз жоба аясында тек ғылымды дамыту басымдығымен шектеліп қалмаймыз. Демек, әртүрлі бағыттар мен салалардың өкілдері атсалысады. Негізі бағдарлама аяқталған зерттеулерді қаржыландырады. Жобаға ғалымдармен қатар кәсіпкерлер де үлес қосады. Атап айтар жайт, зерттеу жұмыстарын зертханада тәмамдап, жартылай өндірістік жүргізе алатын ғалымдарға арналған. Гранттық бағдарламаның негізі – бұл зияткерлік меншікті құру. Кез келген технология – бұл зияткерлік меншік. Бізде басымдық берілген бағыттар бойынша қатал шектеулер жоқ. Дегенмен де, экономиканы әртараптандыру үшін ең үздік жобалар бірінші кезекте іріктелініп алынады», – деді Мұрат Сартбаев.
Бүгінгі таңда жобаның бірінші бөлігі – инновацияға арналған база құру. Ол бойынша 2016 және 2017 жылдарда аға және кіші ғылыми қызметкерлер үшін гранттық бағдарламаның екі кезеңі іске асты. Осы аралықта 901 өтініш түскен. Қазіргі таңда 40 қосалқы жоба жүзеге асуда. Оны жүзеге асыру нәтижесінде, 6 лицензиялық мәміле жасалған. 18 ұлттық патент, 4 Еуразиялық патент алынған. 1 халықаралық РСТ-өтінім берілді. Жалпы 17 қосалқы жобаның құны – 200 миллион теңге. «Өндірістік консорциумдар құру» компоненті екі бағытта іске асты. Өндірістік сектор мен инклюзивті инновациялар консорциумдары сәтті жүзеге асқан. Өндірістік сектор бойынша 2017 жылдан бастап 3 жобаны кәсіпкерлер қаржыландырды. Биыл да 3 жоба таңдалып алынған. Инклюзивті инновациялар бағытын жүзеге асыру қазан айынан басталған.
Бұған дейін республика бойынша байқауға қатысу шарттарын түсіндіру бойынша семинарлар өткен. Жалпы, 100-ге жуық өтінім келіп түсті. Талқылаудан соң ғылым және коммерцияландыру бойынша Халықаралық кеңес өтінімдерді сараптайды.
Майра ЖАНЫСБАЙ
Дереккөз: Айқын