Береке белсендіге бітеді

0

«Щучье сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бордақылау алаңы Зеренді ауданының Мәлік Ғабдул­лин атындағы ауылының маңында ор­на­ласқан. Кәсіпорын «КазБифф» ком­­паниясының құрамында. Жалғыз борда­қы­лау алаңы ғана емес, төл алу, алынған төлді өсіріп жеткізу, оның жемшөбін дайындау сатылай ұйымдастырылған. Біржан сал ауданындағы Мамай ауылында 4600 бас ангус және герефорд тұқымды аналық мал бағып, одан төл алып отырса, бордақылау алаңынан жөнелтілген малды қабылдайтын Щучье қаласында орналасқан ет өңдейтін кәсіпорны бар. Осы кәсіпорында өңделген сапалы ет Астана қаласына жеткізіледі. Серіктестік алдағы уақытта өнімдерін таяу шетелдерге шығаруды межелеп отыр. Ет өңдеу кәсіпорнында өткен жылы өндірісті кеңейту мақсатында жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Бір айта кетерлігі, бұл арада ел үсті­нен күн көретін ешбір делдал жоқ. Бар шаруаның сабақтаса дамуы – өнім­нің өзіндік құнының тым қымбаттап кетпеуіне игі әсерін тигізуде.

Бордақылау алаңына бұзаулар 200-250 кило салмақпен жеткізіледі. Өзі­міз көргендей, алаң бірнеше бөлікке бөлін­ген, жас шамасы және салмағына қарай бұзаулар жеке бағылады. Бордақылау алаңында әр малдың орташа салмағы 500-550 килоға жеткен кезде ет комбинатына жөнелтіледі. Нәтижесінде елорданы сапалы әрі арзан ет өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы азық-түлік белдеуіне зор үлес қосуда. 

Мал мамандарының айтуына қара­ған­да, қара мал 18 айдың ішінде 400 килодан астам салмақ жинап, ет комбинаттарына тапсырылуы тиіс екен. Одан ұзақ, 20 немесе одан көп ай бағылатын болса, өзіндік құны шарықтап кетеді. Өйткені осы аралықта қаншама жемшөп қажет емес пе? Ал бордақылау алаңдарының тиімділігі, онда бірінші­ден, етті бағыттағы асыл тұқымды мал бағылады. Бұл малдың әрқайсысы осы 18 айдың ішінде 500 килодан астам салмақ жинайды. Егер жергілікті тұқымның тірілей салмақтан шығатын ет көлемі 45 пайызды құраса, асыл тұқымды мал 55 пайыз өнім береді. Қарапайым тілмен айтқанда, малдың тірілей салмағының жартысынан астамы сапалы ет. 

– Ет өндірудің қыр-сыры өте көп. Біздің асыл тұқымды малымыз қысы-жазы ашық шарбақта бағылады. Ангус және герефорд тұқымдары суыққа өте шыдамды. Арқаның ақырған аязында да, боран-шашынында да осылай тұра береді. Есесіне тәбеті арта түседі. Бұл – шетелдік тәжірибе, – дейді серіктестік директорының орынбасары Данияр Кенжеғұлов. – Қаншалықты шыдамды, көнтерілі болғанымен, ветери­нарлық қызмет жоғары деңгейде ұйымдас­тырыл­ған. Әр күн сайын бағымдағы мал­ды ветеринарлар қатаң қадағалайды. Бүгін міне, жұқпалы аурулардың алдын алу үшін екпе егіп жатырмыз.

Серіктестік директорының орынбасары бұл салаға кездейсоқ келген кісі емес. Серіктестік басшыларының барлығы шетелде білім алған, озық тәжірибені мейлінше игерген, істің көзін білетін азаматтар. Данияр Кенжеғұлов та Ауст­ра­лияда агробизнесті ұйымдастыру бағы­тында екі жыл білім алған. Пікірлері де қызық. Мәселен, ол қазақстандық ет өндірушілердің талай жиынына қатыс­қанын, сол жиындарда тек несие мен субсидия мәселесі ғана көтерілетінін айтады. Әлемнің біраз мемлекетін ет өнімдерімен жарылқап отырған Ауст­ралияда мұндай жиындарда өте ауқым­ды мәселелерге назар аударылады екен. Мысалы, әлемдік нарықта кез­де­сетін кедергілерді жою жолдары. Ауст­ралияның өзі әлемнің АҚШ, Қытай, Жапония, Корея, Малайзия тәріз­ді 11 мемлекетімен еркін саудаға келі­сім жасаса да, бұл тақырып басым бағытқа ие. Себебі келесі кезекте Гон­конг, Индонезия, Үндістан тәрізді мемлекеттер тұр. Халықаралық нарықта зерттеуге айрықша назар аударып, қыруар қаржы бөліп отырғаны сол. Олардың бұл талпыныстары нәтижесіз де емес. Қазіргі күні осы мемлекеттің ет өндірушілер қауымдастығы өнімдерін сатуға 600 миллион АҚШ доллары көлемінде шарт жасаған. Оның 180 миллионы – инвесторлардың еншісінде. Фермерлеріне мал шаруашылығы сала­сындағы ғылыми жаңалықтарды ізін суытпай жеткізіп отырады, өнімдерін шетелде жарнамалауға баса көңіл бөледі. Осылайша қыруар табыс тауып отырып, біз назар аудара бермейтін мәселелерге де көңіл бөлуде. Бағымдағы қара малдан экологияға зиянды метан газы бөлінеді. Сондықтан олар қазір мал басын көбейтуге емес, қолда бар малдан молырақ өнім алуға тырысуда. Шетелдіктер шаруаның алға басуы ең алдымен кадрдың дайындығына байланыс­ты екендігін де жақсы біледі. 

Бізде керісінше мал жайын жақсы біле­тін, халықтық тәжірибе мен әлемдік озық технологияны игерген маман түгілі, тех­ника тілін жетік білетін механизатор табу қиын екен. Жастар көп тұрақтамайды. Бірер ай жұмыс істе­ген­нен кейін аудан немесе облыс орта­лығына кетіп қалады. 

– Су ішкен құдығымызға түкірмесек те, осы­лай айтуға тура келеді, – дейді серіктес­тік директорының орынбасары. – Әрине халыққа топырақ шашудан аулақ­пыз. Тек жастардың бойындағы күш-қуат, ынта-ықылас жалындап тұр­маған соң қиын екен. Қазір «алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес қой. Біздің кәсіпорында жұмыс істемесе де, өз тірліктерін қаузайтын кез келді емес пе?!

Бордақылау алаңы Мамайдағы асыл тұқымды табынның төлімен толық­тырылады. Жергілікті жердегі малсақ қауымның бағымындағы қара малдың сіңіре будандастырылған төлі де сеп. Мал мамандарының пікірінше, жер­гілік­ті тұқым асыл тұқыммен будан­дас­тырыл­ған кезде төртінші төлі таза қанды асыл тұқымға айналады. Бұл жергілікті ха­лық үшін өте тиімді. Мәселен, тұқымы азып кеткен жергілікті қара малды қан­шама шығын шығарып екі жыл бақ­қан­да, 250-280 килоға әрең жетеді. Ал асыл тұқыммен будандастырылған соң ең­бек­тері жанатындығы анық. Мәсе­лен, бордақылау алаңы жергілікті шаруа қожалықтарынан өз талаптарына сай келетін бұзауды сатып алған кезде тірі­­­лей салмағының әр килосы үшін 650 тең­­ге төлемақы төлейді. Оған мемлекет тара­­пы­­­нан әр килоға 200 теңге субсидия төле­­не­тінін ескерсеңіз, шаруа қожалығы ұтып шығады. Сонда тірілей салмақтың әр килосы 800 теңгенің төңірегінде айнала­ды. Ал алыпсатарлар ауылдан қара мал­дың таза етін осы сомаға алып жатыр. Міне, осылай есептегенде борда­қы­лау алаңы­на тапсырылған төлі үшін екі есе пайда табады.

Ауылдық округ тұрғындарының қолын­­да 6381 бас қара мал бар. «Бек­қожа», «Жайсаң», «Айнұр», «Әбіл­хан» тәріз­ді шаруа қожалықтары мал басын көбейтуде. Осы бағымдағы мал­ды тегіс асылдандырса оң болар еді. Демек, компания құрамындағы бұл ұжым­ның ауылдың еңсесін көтеруге сеп­т­ігі тиіп жатыр деп айтуға әбден болады.

Шаруа қожалығы бағымындағы он бас сиырдан он бұзау алды екен делік. Көктемде туған бұзауды күзді күні бордақылау алаңына тапсырып жіберсе, қысқы машақатынан құтылар еді. Бордақылау алаңының басымдығы – ондағы мал азығының әртүрлілігі мен молдығы. Шаруа қожалығында ондай мүмкіндік жоқ қой. Олардың қолында сабан мен шөп қана бар. Жемді таба алса ғана береді. Оның үстіне бағасы да шарықтап тұр. Демек, ең ыңғайлысы – қара малды біртіндеп асылдандырып, бұзау күйінде тапсыру. Бордақылау алаңындағы қара малдың әрқайсысы тәулігіне орта есеппен бір кило салмақ қосуда. Мұндай көрсеткіш жергілікті малсақ қауымның түсіне де енбейді. 

Бұл арадағы бір мәселе, төңірек­тегі ауыл­дардың мал тұқымын асылдан­дыруға әлі де жете мән бермей отыр­ған­дығы. Яғни, өздерінің алдынан ашылған мүм­кін­дік қақпасын көре алмауда. Біз осы жайды нақтылап білмек болып бор­дақылау алаңы орналасқан Мәлік Ғабдул­лин ауылдық округінің әкімі Жанна Әбілқасоваға сауал қойған едік. Әкімнің айтуынша, өткен жылдары бірер азамат талпыныс жасағанға ұқсайды. Уәжінен ұққанымыз, алдағы уақытта бұл мәселені мықтап назарға алу керектігі. Ал серіктестік бұл орайда арнайы бағ­дар­лама қабылдаған. Асыл тұқымды бұқа­ларды жалға береді. Жеке шаруаға емес, топтасқан шаруа қожалықтарына. Жалғыз-ақ талап – будандастырылған төлдерін бордақылау алаңына тапсыруы керек. Жоғарыда біз айтқан мал баққан қауымға өте тиімді бағамен. Сонда екі жақ та ұтысқа шығады. 

Кәсіпорын өткен жылы үш еңбек­керіне үй салып берген екен. Биыл тағы 4-5 үйді сатып алып жөндеп, малсақ қауым­­ның әлеуметтік-тұрмыстық жағ­да­йын жақсартуды межелеп отыр. Ауыл­дағы орта мектепке, қарттарға қолұшын бе­ріп тұрады. Алаңда жұмыс істейтін адам­­­дар­дың жемшөбіне, отын-суына қарай­­­ла­сады. Бұл дегеніңіз тұп-тура жар­ты ауыл. Қыста жол тазалауды да өз мін­дет­теріне алған.

Осылайша іс оң жолға қойылғаннан кейін бордақылау алаңына береке бітті.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/