Бердібек Сапарбаев қаладағы жағдай туралы айтты
Қазір қаладағы жүзге жуық үй жөнделген, су мен жарық та бар
НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласы бір ай ішінде қалпына келетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Апат айтып келмейді ғой. Өте қиын жағдай. Ғимараттардың 85 проценті зақымдалған, әсіресе, терезелер, шатыры мен есіктері. Қорқынышты көрініс», — деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сапарбаев премьер-министр мен министрлер әлеуметтік нысандарды – мектеп, балабақша, ауруханаларды аралап шыққанын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Ермекбаев: Арыстағы жарылыс үшін кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын
«Қала 17 секторға бөлінген, олармен Қазақстанның 17 өңірі жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге тарта тұрғын үй қалпына келтірілді. Әбден қираған үйлердің тұрғындары мектепке орналастырылды, мен онда өзім болып қайттым. 800 адамға арналған орын бар, барлық жағдай жасалған», — деп сендірді ведомство басшысы.
Министрдің сөзіне сенсек, барлық ірі нысанды қалпына келтіру жұмысы «Самұрық-Қазына», ERG, «Қазақмыс», «Қазмырыш» ЖШС секілді ірі компанияларға жүктелген.
«Бірден су мен жарық берді, жол жақсы. Ешқандай радиация жоқ. Қазір қаланы қалпына келтіру процесі жүріп жатыр. Арыс бір ай ішінде қалпына келеді деп ойлаймыз», — деді Сапарбаев.
Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылысқа не себеп болды — прокуратура жауабы
Министр арыстықтарға көмек қорына жиналған ақшаның әр тиыны орнымен жұмсалатынына сендірді. Сондай-ақ, ол Арыс тұрғындарының Шымкентте бас көтеруіне қатысты да тоқталды.
«Сіздер білесіздер, олар бір рет жиналды. Шымкент және Түркістан облысының әкімдерімен ол жерге бардық. Арыстықтардың талабы мынадай болды: «біз осында қалғымыз келеді, Шымкенттен пәтер немесе жер беріңіздер, тағысын тағы. Бәрін түсіндіріп, әңгімелескеннен кейін, олар тарады», — деді министр.
Арыстағы жарылыс
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала маңындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапқан: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыс кезінде болған таңғаларлық жайт
Төтенше жағдайға қатысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
sputniknews.kz