Бердібек Сапарбаев ораза ұстаған 500 жамбылдыққа ауызашар берді — Қазақстан жаңалықтары
Жамбыл облысында төтенше жағдайға және де Рамазан айының басталуына байланысты қайырымдылық шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қасиетті Рамазан айының бірінші аптасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ораза ұстаған 500 тұрғынға арнап ауызашар ұйымдастырды. Оған Шөлдала ауылының, Қарасу шағын ауданының және Тараз қаласы Төле би көшесіндегі жатақхананың тұрғындары қамтылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев карантин жағдайына байланысты барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар сақталғанын, әрбір азамат үшін ауызашардың ас мәзірін алдын ала дайындалғанын, оларға азық-түлікті облыстық мешіттің қызметкерлері мен еріктілер үйлеріне жеткізіп бергенін айтты.
Облыстың бас имамының айтуынша, биыл қасиетті айдың басталуын асыға күткен барлық мұсылмандар тарауих намазын үйде оқып, карантин талаптарын сақтай алады. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеуге көңіл бөліп, өз амалдары мен әрекеттеріне есеп беріп, қайырымдылықпен айналысқандары абзал. Сондай-ақ, орталық, қалалық және аудандық мешіттердегі асханалар мен кафелердегі тамаққа тапсырыс беріп, үйге алдыру арқылы ауыз ашуға болады.
«Үйде отыруға мәжбүр болған мұқтаж отбасыларға арнап ауызашар ұйымдастыру туралы аймақ басшысының игі бастамасына облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары және танымал кәсіпкерлер қолдау білдірді», — делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
stan.kz