Бердібек Сапарбаев Хромтау ауданындағы жақсы істермен танысты

0
90

Хромтау ауданының ауылдарына газ жеткізіліп, балабақша мен дәрігерлік амбулатория ашылды, ал жағдайы төмен тұрғындарға жерлестері қайырымдылық көмектерін көрсетті.

Газбен қамту — 93 пайыз

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында Ақжар селолық округінде болып, тұрғындарды көгілдір отын игілігін көру қуаныштарымен құттықтады, сондай-ақ Дөң ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория мен балабақшаны көрді, Оңғар селосында шаруа қожалығының жұмысымен танысып, асылтұқымды мал шаруашылығы көрмесінде болды, сонымен бірге мұқтаж ауыл тұрғындарына ақша сертификаттарын тапсырды. Облыс басшысы Ақжар селолық округінде болған сәтінде газ желісінің қосылу салтанатына қатысты. Селолық округке қарасты Жазық станциясында жүргізілген құны 105 миллион теңге тұратын ауылішілік газ желісінің құрылысы биылғы жылы маусым айында басталған болатын. Оның жалпы ұзындығы 13,5 шақырымды құрайды.

— Округ құрамына кіретін Жазық станциясында 290 адам тұрады. Ауылға көгілдір отынның жеткізілуі тұрғындар үшін өте маңызды — жылу беру мәселесін шешті, — деді Ақжар селолық округінің әкімі Қайрат Тәшенов. — Осы елді мекендегі жетпістен астам үй газбен қамтамасыз етілетін болады. Бұған дейін көмір, ағаш алуға әр отбасы жылына 100 мың теңге шамасында қаржы жұмсайтын. Газ жүргізгені үшін әр отбасы 150 мың теңге төлейді, содан кейін ай сайын тұтынылған газ үшін есептесетін болады. Әрине, бұл бұрынғыдай көмірге жұмсап келген қаржының қасында салыстыруға да келмейді.

— Мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті — елді мекендерді сумен, жарықпен, газбен, балабақшамен және мектеппен қамтамасыз ету. Біздің облысымызда бұл міндетті барынша орындауға ұмтылудамыз, — деп атап көрсетті ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Бердібек Сапарбаев. — Хромтау ауданы қазіргі уақытта газбен 93 пайыз қамтылып отырғанын айтқым келеді. Бұл — жақсы көрсеткіш. Аудандағы барлық ірі елді мекендер газ желісіне қосылды, енді қалған ауылдарды газбен қамтамасыз ететін боламыз. Ақсақалдар ауылдастары атынан облыс әкіміне көрсеткен қамқорлығы үшін шын жүректен алғыс айтты. Содан кейін облыс басшысы ардагерлерге поселкелік газ желісі тетігін іске қосуды ұсынды.

Барлық уәделер орындалды

Дөң селосындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияда жалпы практикалық деңгейдегі екі дәрігер қызмет етеді. Жобаның жалпы құны 92,4 миллион теңгені құрайды. Медициналық мекеме қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтылған. Дәрігерге дейінгі және дәрігерлік қабылдау, электрокардиография, екпе жасау, физиотерапия кабинеттері жұмыс істейді. Амбулаторияда күндізгі стационар бар, көлік бекітілген. Медициналық мекеме күніне 50 адамды қабылдай алады. Облыс басшысы күндізгі стационарда қанша адам емделетінін, аудандағы ана мен бала өлімі жайын сұрастырды.

* Бұл біздің бірінші кездесуіміз емес, сіздердің бір де өтініштеріңіз ескерусіз қалмағанын өздеріңіз жақсы білесіздер, — деді ауыл тұрғындарын жаңа емдеу орнының пайдалануға берілуімен құттықтаған облыс басшысы. — Сіздер селода мектеп, балабақша, амбулатория салып беруді сұрадыңыздар, оның бәрі де орындалды. Енді село тұрғындарының алдында мұндай үлкен проблемалардың жойылғанына мен өте қуаныштымын.

Алайда мынаны ескерткім келеді: ауылдың, ауданның көркеюі үшін жергілікті және облыстық биліктің іс-әрекеті жеткіліксіз, оған сіздер де белсене қатысуларыңыз керек. Ең болмағанда өз аулаларыңызды тәртіпке келтіріп, үйлеріңіздің маңайын күтіп ұстап, ағаштарды көбірек егу қажет. Емдеу пункттерімен қамтамасыз ету жайына келсек, біз облыста 26 амбулатория ғимаратын салуды жоспарладық, қазіргі уақытта соның 18-і қолға алынды. Хромтау ауданында жоспарланған жеті амбулаторияның алтауы қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Дөң селосындағы жаңадан пайдалануға берілген «Төре» балабақшасы ескі мектеп базасында құрылымдалды. Оның жалпы аумағы 1945 шаршы метр құрайды. Ғимаратты толық қайта құрылымдауға 70 миллион теңге жұмсалды. Мектепке дейінгі білім мекемесін жарақтандыруға сенімді басқарушы тарапынан тағы 10 миллион теңге бөлінді. Мұндағы төрт топта 125 бүлдіршін тәрбиеленеді. Бердібек Сапарбаев бөлмелердің жабдықталуын қарап, жиһаздар сапасына назар аударды.

— Сіздер Мемлекет басшысының 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасы барын білесіздер, біздің облысымызда бұл тапсырма орындалуда. Бұл тұрғыдағы көрсеткіш 97 пайызды құрайды, — деп атап көрсетті облыс басшысы.

Ол ауыл тұрғындарының назарын жас буынды тәрбиелеудің маңыздылығына аударды.

— Біз балаларымызды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліп, онымен тыңғылықты шұғылдануымыз керек, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев. — Бұл ретте басты жауапкершілік ата-аналарға түсетінін ұмытпаңыздар.

Мал өсіру маңызды

Облыс басшысы Дөң селолық округіне қарасты Оңғар селосында орналасқан «Данияр» шаруа қожалығы жұмысымен танысты. Оның басшысы Серік Оразымбетов бұл шаруаны биыл қолға алды. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасын пайдалана отырып, 31,4 миллион теңгеге еділбай тұқымдас 1000 қой сатып алды. Мұнда алты адам жұмыс істейді.

— Бұдан басқа біз екі трактор, екі шөп буатын техника сатып алдық, — дейді Серік Оразымбетов. — Болашақта шаруаны жүргізуге 190 миллион теңге салмақшымыз.

— Бұл өте жақсы бастама, — деп мақтау білдірді оған облыс әкімі. — Ауыл шаруашылығын жан-жақты дамыту керек. Мұнай, кен, басқа да табиғат байлықтары таусылуы мүмкін, ал біздің басты байлығымыз — мал бұрынғы күйінше қала береді, біздің игілігіміздің өзі осында.

Осында, «Данияр» шаруа қожалығы аумағында аудан мал өсірушілері әртүрлі шаруашылықтардан асылтұқымды малдар көрмесін ұйымдастырды.

— Мал басын ұлғайту өте маңызды, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев көрмеге әкелінген мал тұқымдарымен танысқаннан кейін. — Біз бұл саланы мүмкіндігінше интенсивті түрде дамытуымыз керек.

Білім мен спорт — егіз

Хромтау қаласындағы «Горняк» стадионында Бердібек Сапарбаев спорт нысанының жаңа құрылымдалуы нәтижелерімен танысты. Мұнда Дөң тау-кен комбинатының күшімен жаттығу залдары бар жаңа екі қабатты спорт кешені іске қосылды. Стадион трибуналарында жаңа отырғыштар қойылды, жүгіру жолдары салынып, стадион алаңы жасыл жасанды жабындымен қымталды.

Жаңа спорт құрылысының жарақтандырылуымен танысқан облыс әкімі енді футболдан аудандық команданың спорттық табыстары жақсара түсетіндігіне сенім білдірді.

— Жалпы спортқа айрықша назар аударып, балаларды дене шынықтыру сабақтарына көбірек тарту керек, — деді облыс басшысы.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ Хромтау қаласындағы №3 мектепте болды. Мұнда Дөң тау-кен комбинатының және аудан әкімдігінің қаржылай қолдауымен құрылымдалған STEM-лабораториялар аясында

жұмыс істейтін ІТ-кластар, робототехника және бизнес кабинеттері пайда болды.

— Бұл жаңа кабинеттердің іске қосылуы біз үшін қуанышты. Өйткені ол балалардың интеллектуалды дамуы үшін қуатты серпін береді, — дейді мектеп директоры Омар Өтегенов.

1200 орынға арналған мектепте қазір 986 бала оқып, 80 ұстаз дәріс береді. Облыс әкімі оқушылармен сөйлесіп, компьютер класында болды. Бизнес-кабинетте шәкірттер өз идеяларымен бөлісті. Олардың көбісі қазірдің өзінде нақты табыс әкелуде. Мысалы, он бірінші сынып оқушысы Дамир Албориев ұйымдар мен жеке үйлерге коммуналдық қызметтер үшін түбіртектер таратады.

— Мен әр түбіртек үшін 10 теңге төлем аламын, — дейді жас бизнесмен. — Бұл — мен үшін елеулі табыс көзі.

Осы мектепте «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Аудан кәсіпкерлері табысы төмен отбасыларына материалдық көмек көрсетті, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларының жоғары оқу орындарында оқитын балаларының төлемақылары жабылды.

— Бұл — өте маңызды шара, біздің халқымыз қай уақытта да өзінің жақындарына ғана емес, сондай-ақ қуғын-сүргінмен және тағдыр тәлкегімен біздің өлкемізге келгендердің бәріне де көмек жасаған, — деді Бердібек Сапарбаев. — Топтасқандық пен өзара көмек, бір-бірімізді қолдау арқылы ғана біздің мемлекетіміз бен біртұтас халқымыз ілгері қадам басып, дами алады. Содан кейін облыс әкімі, ардагерлер, Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин қайырымдылық акциясына шақырылған село тұрғындарына ақшалай сертификаттар тапсырды.

«Қамшы» сілтейді