Бердібек Сапарбаев 7 баланың әкесін 150 мың теңге жалақыға келісуге шақырды (видео) — Қазақстан жаңалықтары

0

Желіде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың жаңаөзендік көпбалалы әкені 150 мың теңге жалақыға келісуге шақырған видеосы пайда болды. Министрліктегілер видеожазбаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бердібек Сапарбаев 7 баланың әкесін 150 мың теңге жалақыға келісуге шақырды (видео)

Таяуда премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бастаған үкімет мүшелері Маңғыстау облысында болды. Желіде Бердібек Сапарбаев пен көпбалалы әкенің видеосы тарап кетті. Видеоны саясаткер Талғат Еділов Telegram-арнасында жариялады. Онда министр жаңаөзендік азаматты 150 мың теңге жалақыға келісуге шақырады. 


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер жаңаөзендік 7 баланың әкесі 1 сәуірден кейін қандай көмек алатынын түсіндіріп берді.

«Бүгін желіде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың 7 баланың, оның ішінде мүгедек баланың әкесін жалақысы 150 мың теңге болатын жұмысқа келісуге шақырған видеосын талқылаған бірнеше жазбаны көрдім. Әрине, 150 мың теңгенің көпбалалы отбасы үшін көп ақша емес екенін бәрі түсінеді. Алайда бұл жағдайды биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап берілетін атаулы әлеуметтік көмекті есепке алып түсіндіргім келеді», — деп жазады министрліктің баспасөз хатшысы Қанат Құлшманов Facebook желісінде.

Мұнан кейін ол 150 мың теңге жалақы алатын отбасының табысын есептеп берді.

«Ай сайынғы табыс:

1.    отағасы 150 мың теңге жалақы алады деп есептелік;

2.    көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 10 504 теңге;

3.    «Алтын алқа» немесе «Күміс алқаның» иесі атанған көпбалалы анаға

берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 16 160 теңге;

4.    баланың мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы – 41 578 теңге;

5.    мүгедек баланың күтімі үшін берілетін жәрдемақы – 31 183 теңге.

Нәтижесінде, отбасының ай сайынғы табысы – 249 425 теңге».

Өз сөзінде ол биылғы жылдың 1 сәуірінен кейін атаулы әлеуметтік көмек берілуі үшін жалақы (150 мың теңге) мен мүгедек баланың күтімі үшін берілетін жәрдемақы (31 183 теңге) есептелетінін айтты.

«Отбасының әр мүшесі үшін жан басына шаққандағы табыс 181 183 теңгені отбасының 7 мүшесіне бөлу арқылы есептеледі.

181 183 / 9 = 20 132 теңге. 

Атаулы әлеуметтік көмек беру критериі 23 750 теңгеге тең.

Балалар үшін АӘК есебі: 23 750 теңге * 7 бала = 166 250 теңге.

Ата-ана үшін АӘК есебі: 23 750 — 20 132 = 3 618 теңге; 3618 * 2 = 7 236 теңге.

Нәтижесінде, отбасыға бір айда берілетін АӘК мөлшері: 166 250 + 7 236 = 173 486 теңге.

Осылайша, 1 сәуірден кейін отбасының жалпы табысы 249 425 теңге + 173 486 теңге = 422 911 теңге болады», — дейді министрліктің баспасөз хатшысы.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz