Бердалы Оспан ұлттық университеттің студенттерімен кездесті

0

Жақын күндері Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнының бірі, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық үниверситетінде мәдениеттанушы, есімтанушы, суретші Бердалы Оспанмен Қазақстан Республикасының 30 жылдығына арналған кездесу өтті. Анатомия кафедрасы шақыруымен болған осы жүздесу барысында Б.Оспан 2-ші жалпы медицина курсы студенттері алдында өз шығармашылығы жайында, кітаптарын қалай жазатыны туралы айтып, салған суреттерін көрсетті және телеарналар мен радиода болған кездесулері туралы әңгімелеп берді.  Бердалы Әсілханұлы 1994 жылдың тамыз айында Англиядағы Ливерпул қаласында өткен Бүкіләлемдік Битлз музыкасы фестиваліне қатысқан, сондықтан оның студент жастарға айтары аз емес болатын.

Шығармашыл қонақты студенттермен оқытушылар қауымына професстор, медицина ғылымдарының докторы Әсия Төлеубайқызы Дүйсембаева таныстырды. Б.Оспанға жақында ғалым Сибғатұлла Қарынбаевтың аты берілген және заманауи талапқа сай жаңартылған Анатомия кафедрасы таныстырылды. Кафедра қонағы академик Алшынбай Рақышевтың атындағы мұражаймен танысты.

Өз кезегінде сөз алған Бердалы Оспан  жарық көрген «Есімдер: сақтардан қазақтарға дейін» және «Салттар әлеміне саяхат» кітаптарын көрсете отырып қызықты етіп әңгімелеп берді. Студент жастар қазақ есімдері тарихындағы түрлі мәліметтерді қызыға тыңдады. Мысалы, қазақтың көптеген ұлы тұлғаларына туған кезде берілген есімдері кейін өзгеріп отырғаны белгілі. Мысалы: атақты ғалым Шоқан Уәлихан бала кезіндегі есімі Мұхаммед-Ханафия, және осы есімді иемденген бала өсе келе есімінің екінші бөлігімен атанған Қанафия Телжанов бүкіл Қазақстанға белгілі суретші болды. Академик Қаныш Сәтбайдың шын есімі Ғабдұлғаны екенін де жұрт біле бермейді. Ұлы Отан соғысының батыры Мәншүк Мәметованың бала кездегі есімі Мәнсия болған. Анасы кішкентай Мәнсияны еркелетіп «Моншағым» деп атайды екен. Содан бұл сөз қысқарып Мәншүк атанып кетеді. Атақты композиторы Шәмші Қалдаяқовтың фамилиясы Әнәпияев болуы керек еді. Бірақ қазақ салты бойынша, қайнысының атын атамаған жеңгелері, ұста Әнәпияны Қалдаяқ деп атап кеткен екен.

Бердалы Оспан болашақ дәрігерлермен «Қазақ халық медицинасы» мақаласын жазу барысында жинаған мәліметтерімен бөлісті. Бұл студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Біраз уақыттан бері Битлз әндерін қазақ тіліне аударумен айналысып жүрген Б.Оспан осы атақты топ музыканттарының әндерін қазақ тілінде орындады. Өзі ұйымдастырған тобымен 1994 жылы Битлз тобы өнер жолын бастаған «Каверн» клубының сахнасында және басқа да жерлерде өнер көрсеткені туралы баяндап берді.  Оның айтуынша ол кезде егемендігін жариялағанына 3 жыл ғана болған Қазақстанның әншілерін, Англия және басқа да елдерден келген өнерсүйер қауым, өте ыстық ықыласпен қарсы алыпты. Битлз тобының жетекшісі Джон Леннонның жұбайы Синтия Леннонмен кездесуі және тобтың алғашқы дауылпазшысы Пит Бест, алыста орналасқан Қазақ елінің мұзыканттарына «Каверн» клубының тарихы баяндалған кітапқа жылы арнауын жазып сыйлағаны туралы қызықты етіп әңгімелеп берді.

Бердалы Оспан Шымкент педагогикалық институтының көркем-графика факультетін бітірген. Суретшінің салған суреттері түрлі сурет көрмелерінде көрсетілген. Осы кездесуге алдын-ала дайындалған студеттер құрметті қонағының суреттерін ғаламтор жүйесі арқылы үлкен экраннан көрсетті. Бердалы өз суреттерін қалай салғаны туралы да қызғылықты етіп әңгімеледі.

Осы бір ашық-жарқын жүздесу барысында оқытушылар мен студенттер өз пікірлерін де білдіріп отырды. Бердалы Оспан қойылған сұрақтардың бәріне еш бүкпесіз жауап берді. Өз кезегінде университет студенттері домбырамен ән шырқап би билеп кездесуді одан бетер жандандыра түсті.

Орайы оңынан келген осы бір жақсы кездесуді ұйымдастырған Анатомия кафедрасының ұжымына, атап айтқанда – кафедра меңгерушісі м.ғ.к, доцент Н.С.Ахмад, профессор, м.ғ.д. Дүйсембева Ә.Т., лекторлар Байқамысова Д.С. және Абиырова Н.Б. ханымдарға кездесуге қатысқандардың бәрі шексіз ризашылығын білдірді. Студенттер бұл кездесуді жадында ұзақ сақтайтын болды.