«Бензин шашып өзімді өртеймін»: Бір топ адамның қолынан қаза тапқан 16 жастағы оқушының туыстары әділдік сұрап, жолды жауып тастады

0

Алматы облысы, Талғар қаласында пышақ және тапаншамен қаруланған бір топ адам 16 жастағы оқушыны өлтіріп кетті деп айыпталған болатын. Марқұмның туыстары әділдік сұрап Талғар қаласының әкімдігінің алдына жиналды. Олардың айтуынша Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдіктілер бостандықта жүр. Stan.kzтілшісі оқиға орнында болып қайтты.

Фото: Stan.kz/Медет Исапанов

Шерзаттың туыстарының айтуынша, төбелеске кемінде 13 адам қатысқан. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты. Оқиғаға  тағы екі қыздың қатысы бар. Олар қазір іске куәгер ретінде тартылған. “Қынжылтатыны да осы. Қыздар қарап тұрған жоқ, қолдарына пышақ ұстап, баласына араша түспек болған әкесін дүкеннен шығармай сыбайлас болды” деп шырылдауда туыстары.

“Қылмысқа қатысы бар қыздар, бостандықта тайраңдап жүр. Маған ашық сот жасасын. Мен қылмыс жасамаймын, өлтірмеймін, атпаймын. Әрбір қылмыскер өз жазасын алсын. Талғардың прокуроры, әкімнің орынбасары жұмыстан босатылсын. Бейнежазбадан мылтықтың кімнің қолында екенін көрдіңіздер. Қазір бізге төбелеске суық қаруды әкелген сендер деп жала жауып жатыр. Сонда мен дүкенде пышақ, қару-жарақ ұстап отырған болып тұрмын ғой! Сұмдық! Қолымызда расымен мылтығымыз болса, атпаймыз ба? Шерзатымызды өлтіріп отырмаймыз ғой. Қандай хайуандық, пышақталған баланың артынан барып ұрып-соғып өлтіретіндей. Мен өзім дәрігермін, егер пышақ өкпесіне немесе басқа жеріне кірсе ұлымды аман алып қалатын едім. Бірақ басын мылтықтың сабымен ұрып өлтіріп отыр”, – деп күйінеді Шерзаттың әкесі.

Фото: Stan.kz/Медет Исапанов

Шерзаттың ағасы да сол күні пышақ жарақатын алған. Інісін өлімнен құтқара алмаған ол жағдайды егжей-тегжей баяндап берді.

“Бастапқыда өзара сол жердегі жігітпен мәселені шешіп бастағанбыз, бірақ артынша Hyundai Accent және Мерседес көлігінен бір топ жігіттер келеді. Бірден жұдырықтасып, төбелес басталады. Мен не болғанын түсінбей қалдым. Бір топ жігіттер пышақтарын сермеп сөзге келмеді. Шерзат інім мені төбелестің арасынан шығарып бастап еді, кім екенін білмеймін бірден ішіме пышақ сұғып алды.  Сөйтіп інімді  қашырып жібердім. 10 метр жерге дейін барады да “Нұрқанат аға” деп отыра қалады. Соңғы айтқан сөзі осы. Мен жігіттерге тоқтаңдар деп жалындым, Бірақ олар жігітті өлтіру үшін мені жақындатпай ұра берді. Мен інімнің қайтыс болғанын ауруханада естідім. Оның арманы көп еді. Оған көмектесе алмағаныма өкінемін”, – дейді ағасы.

Фото: Stan.kz/Медет Исапанов

Туыстары Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтіргенін, басы қақ айырылып кеткенін айтып отыр.

“16 жастағы баланы анасының көзінше  айуандықпен өлтірді. Қансырып жатқанында  біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған. Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16 жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті”, – дейді туысы.

Кеше Талғар полиция басқармасы ғимаратының алдына бірнеше адам жиналып, наразылық білдірді. Олардың кейбіреуінің қолдарында канистрлері бар, өзін-өзі өртеп жібереміз деп қорқытып, Абылайхан көшесін жауып тастаған. Адамдар қылмысты объективті және әділ тергеуді талап етті. Кейін наразылық білдірушілер Қонаев көшесіндегі жолды жауып, қалалық әкімшілік ғимаратына барды.

“Біз әділдікті талап етеміз. Өзіммен бірге оттығым бар, қазір қылмыскерлерді қамамаса, өзімді өртеймін. Осы жердің бәрін жандырамын”, – деді жігіттің әпкесі.

Алматы облысы ПД бастығының орынбасары  Мәлік Қабдуалиев  кісі өлтіру фактісі бойынша полиция  қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

“Оқиғаға қатысты бар жеті адам ұсталып, уақытша ұстау  изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция  департаменті басшылығының ерекше бақылауында”, – деді ол.

Әлеуметтік желіде Шерзат Қаржаубайұлының өліміне тікелей қатысы бар делінген күдіктілердің суреті таралды. Олардың жасы 31- мен 24 жас аралығында екені айтылуда. Бірақ құқық қорғау органдары олардың  аты-жөні мен  аталған адамдарға қатысты  ешқандай ресми ақпарат берген жоқ.

Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube арнасынан көре аласыздар.