Белсенділер Көкжайлауды дамыту жобасын ұсынды

0

Алматы әкімдігі Көкжайлауды туристік орын ретінде дамыту жобасын алғаш рет 2013 жылдың қаңтар айында таныстырды. Содан бері Көкжайлау шатқалында тау-шаңғы курортын салу жобасын экобелсенділер мен оларды қолдайтын қала тұрғындары сынап келеді. Әкімдік жобасына қарсы топтың айтуынша, курорт құрылысы шатқалдағы өсімдік пен жануарға зардабын тигізіп, Алматыдағы экологиялық ахуалды (Көкжайлау шатқалы қаладан 10-15 шақырымда жатыр) нашарлатуы мүмкін. 2015 жылдың күзінде жоба уақытша тоқтап, құрылыс салушылар бюджет шығындарын оңтайландырып жатқандарын айтқан.

«КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУ — ТЫЙЫМ САЛУ ЕМЕС»

2017 жылдың басында Көкжайлауға курорт салу жобасы қайта жалғасты. Билік өкілдері жобаны біршама өзгертті. Жаңа нұсқада тау-шаңғы трассалары, аспалы жолдар мен құрылыс нысандары азайған. Кесілетін ағаш саны да қысқарған. Жобаның жалпы құны 230 миллион долларға дейін азайған. Бұл сома бастапқы қаржыдан үш есе кем.

Курорт концепциясы өзгеріп, жоба тау шаңғы курорты емес, жыл бойы ашық тұратын тау саябағы деп атала бастады. Бірақ саябақтың маңызды бөлігі бұрынғыша тау шаңғысы курорты болып қалды.

2019 жылдың маусымында «Көкжайлау» тау саябағы жобасын жүзеге асыру тағы да кейінге қалды. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алматы әкімі Бауыржан Байбек бір уақытта хабарлады.

Әлеуметтік желідегі талқылау: «Курорт салғанша қоқыс зауытын салсын»

Экобелсенділер биліктің бұл шешіміне көп үміт артпайтындарын айтып, әлеуметтік желілер мен топтарда (әсіресе Facebook-те) «кейінге қалдыру — тыйым салу емес, 3–5 жылдан кейін талқылау қайта басталады» деген пікір жазған. Экобелсенділер жобаның кейінге қалуы Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктерге, қала экологиясына зиян келтірмейтін басқа ұсыныстар жасау уақытын ұзартады деп қуанды.

ТАУ САЯБАҒЫНЫҢ ОРНЫНА — ЭКОСАЯБАҚ

Ондаған экобелсенді Көкжайлау шатқалын туристік орын ретінде дамытудың балама жобасын дайындаумен бірнеше айдан бері айналысып келеді. Олар бұл жобаға ерікті түрде, ешкімнің қолдауынсыз кіріскен. Осыған дейін экобелсенділер қоғам өкілдерін жобаның жасалу барысымен бірнеше рет таныстырған. Маусымның 25-і күні өткен, Көкжайлау мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтардың басын қосқан жиында жобаның тағы бір нұсқасы қоғам назарына ұсынылды. Жиынға негізінен әкімдік жобасына қарсы азаматтар, журналистер мен соңғы үш жылда әкімдік жобасын жүргізумен айналысып жүрген екі азамат қатысты. Олардың бірі — қала әкімдігінің туризм және сыртқы байланыстар басқармасы құрған Almaty Mountain Resorts (AMR) компаниясының өкілі.

Көкжайлауды дамыту жобасының авторлары шатқалда экосаябақ болуы керек деп есептейді. Маусымның 25-і күні өткен жиында жобаны таныстырған Александр Колмаков сөзін әкімдік жобасындағы негізгі кемшіліктерден бастады. Оның пікірінше, әкімдік жобасында қалаға жақын табиғи ортаға түсетін техногенді және рекреациялық ауыртпалық ескерілмеген. Құны қымбат жобадан пайда түспеуі мүмкін. Белсенділер табиғи аймаққа салынуы мүмкін жеке құрылыс нысандарын сынап, бірқатар заңнамалардың бұзылғанын да атап өтті.

Александр Колмаков, "Көкжайлауды қорғайық" қозғалысының белсендісі. Алматы, 25 маусым 2019 жыл.да.

Александр Колмаков, «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының белсендісі. Алматы, 25 маусым 2019 жыл.да.

Экобелсенділер 2010 және 2018 жылдары жер серігінен түсірілген суреттер арқылы Көкжайлауға салынған электр станциясының экожүйеге келтірген «кері әсерін» көрсетті. Техника кесірінен жүргіншілерге арналған жол кеңейіп, топырақ үгітіліп, шаң көтеріле бастаған. Экобелсенділер әкімдік жобасы жүзеге асса, Шымбұлақтағы жағдай қайталанады деп қауіптенеді. Жылда қар ерігеннен кейін тау-шаңғы курорты орналасқан тау бөктерлерінің тұмса табиғи сипатын жоғалтқаны, серуенге жарамсыз күйге түскені байқалады.

Александр Колмаковтың сөзінше, әкімдік жобасы демалыс аймағына келушілердің санын арттыруды көздесе, белсенділер дайындаған жоба демалушылардың көптігін «жоққа шығаруға болмайтын факт» деп қарастырады. Екі жобаның арасындағы негізгі айымрашылық та – осында.

Оның айтуынша, Алматы халқы санының өсуімен қатар тауға демалуға баратын адамдардың да қатары артады. Александр Колмаков Көкжайлауға баратын туристер ағынын азайту үшін Бутаковка, Қаскелең шатқалы, Үлкен Алматы көлі сияқты басқа бағыттарды дамытуға болады деген ұсыныс айтты. Оның пікірінше, бұл үшін аталған жерлерге жету жолдарын дамытуға көңіл бөлу керек.

— Бәрі Көкжайлауға барса, ол жақта артық орын болмайды, – дейді белсенді.

Белсенділер жобасы сегіз түрлі принципке негізделген. Солардың бірі Көкжайлауды Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына қайтару мәселесін қозғаса, тағы бір принципке сәйкес, белсенділер Көкжайлауға механикалық көлік құралдары қатынау үшін құрылыс жұмыстарын бастауға қарсылық білдіреді.

Жиында белсенділер экожүйенің ахуалын бақылап отыру үшін ғалымдар мен еріктілер тарапынан тұрақты мониторинг жүргізу механизмін қалыптастыру керек деген де ұсыныс жасады.

"Көкжайлау экопаркінің" белсенділер ұсынған сегіз сипаты

«Көкжайлау экопаркінің» белсенділер ұсынған сегіз сипаты

Экобелсенділер Көкжайлау жобасына шатқал мен оған апаратын жолдарды қосып отыр. Олардың пікірінше, әр жолдың басына табиғи аймаққа кіріп-шығуды қадағалайтын визит-орталықтар керек. Бұрынғы «Просвещенец» демалыс үйінің маңы мен бұрынғы «Құмбел» тау қонақ үйінің ауданынан басталатын екі үлкен жолдың бас жағына үлкен визит-орталықтар қоюға болады. Туристер бұл жерден велосипед, шаңғы, шана жалға алып, табиғи аймақ туралы пайдалы ақпаратпен таныса алады. Туристерге танымал емес басқа жолдардың басына көлемі шағын дүңгіршек сияқты визит-орталықтар қойылса, олардың жанынан этноауылдар құрып, шағын бизнесті дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік бар.

Жоба авторлары қазір тау-шаңғы туризміне қарағанда қарқынды дамып келе жатқан экотуризмді қолай көреді. Александр Колмаков АҚШ-ты мысал етіп, соңғы жылдары ұлттық табиғи парктерге барушылардың саны тау-шаңғы курорттарын таңдайтын туристерге қарағанда алты есе өскенін атап өтті.

ДӘРЕТХАНА МЕН ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ

Almaty Mountain Resorts компаниясының бұрынғы басшысы Наиль Нуров Көкжайлаудағы негізгі мәселелерге шатқал мен оған баратын жол бойына қоқыс көп тасталатынын, табиғи аймақта дәретхана жоғын жатқызды. Оның дерегінше, Көкжайлауға жылына 100 мыңға жуық турист барады. Наиль Нуров талапқа сай дәретхана жоғын алға тартып, Көкжайлауға баратын жолға қоқыс жәшіктері мен биодәретханалар қоюды ұсынды. Экобелсенділер бұған қарсы болды.

Белсенділердің айтуынша, дәретханалар тек жолдың бас жағында орналасқан визит-орталықтың жанына салынуы керек. Жобаның осы тұсына келгенде, қызу талқылау басталып, AMR өкілі белсенділер ұсынысы мәселені шешпейтінін айтса, журналист Вадим Борейко әлемдік тәжірибе бойынша, дәретхананы айналасы қоршалған жерден қазылған шұңқырдан жасау керек деген пікір айтты.

Данияр Жүнісов, Almaty Mountain Resorts компаниясының өкілі. Алматы, 25 маусым 2019 жыл.

Данияр Жүнісов, Almaty Mountain Resorts компаниясының өкілі. Алматы, 25 маусым 2019 жыл.

Қоқыс мәселесінің қалай шешілетіні де нақтыланған жоқ. Александр Колмаков Көкжайлауға келгендер қоқыс қалдырмауы керек деп сенеді. Ал журналист Вадим Борейко «адамдардың сана-сезіміне үміт арту – бос тірлік» деп есептейді. Қазір таудағы жәшіктерге жиналған қоқыс уақытылы шығарылмайтыны, шашылған қоқысты жабайы құстар мен жануарлар айналаға тарататыны белгілі.

Экобелсенділердің әлі салынып бітпеген электр станциясына қатысты пікірі де екіге жарылды. Экосаябақ жобасы авторларының айтуынша, станцияны бұзу керек. Станцияны басқаша (мәселен визит-орталық қызметіне) пайдалану үшін оған қарай жол тарту керек. Бірақ экобелсенділер жол құрылысын қолдамайды.

«Станцияны бұзса, табиғатқа құрылысты жалғастыруға қарағанда әлдеқайда көп зиян келуі мүмкін деген пікір де айтылды. Көкжайлауға келушілердің нақты саны белгісіз. Осыған дейін Көкжайлау тақырыбына қатысты бірнеше материал дайындаған журналист Вадим Борейко Наиль Нуров (2017 жылы — 40 мың, 2018 жылы — 100 мың) келтірген деректердің растығына шәк келтірді. Ол Көкжайлауға баратын жолдың басына бейнебақылау камерасын қойып, табиғи орынға келушілердің нақты санын анықтауды ұсынды.

«СҰРАҚ КӨП, ЖАУАП АЗ»

Жобаны талқылауға әкімдік жобасына қатысы бар екі адам келді. Олардың бірі жиынға ресми өкіл есебінде емес, тау тақырыбына бей-жай қарамайтын қатардағы Алматы тұрғыны және Қазақстан азаматы ретінде қатысатынын айтты.

Жиын соңында Азаттық тілшісі бұл адамның аты-жөнін білу үшін біраз уақыт жұмсады. Ресми өкіл емес, Алматы тұрғыны есебінде келгенін тағы да қайталаған азамат өзін Данияр Жүнісов деп таныстырды. Азаттық тілшісі кейін интернеттен Данияр Жүнісовтің Наиль Нуровтың орнына келген Almaty Mountain Resorts компаниясының жаңа басшысы екенін білді.

"Көкжайлауды қорғайық" қозғалысының белсенділері. Алматы, 25 маусым 2019 жыл.

«Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының белсенділері. Алматы, 25 маусым 2019 жыл.

Экосаябақ жобасын талқылау кезінде Данияр Жүнісов те пікір білдіріп:

— Механикалық көлік құралдарының кіруіне тыйым салсақ, техникалық қызмет пен төтенше қызмет аумаққа қалай кіреді? Бұл түсініксіз. Жалпы бұл жобаның қалай жүзеге асатыны түсініксіз. Біз экожолдарды мұқият сараладық. Бүгін осында айтылған ұсыныстардың біразы біздің жобамыздың техникалық-экономикалық сипаттамасында қамтылған. Жоба ұсынатын жауапқа қарағанда, оған қатысты туындайтын сұрақ көп, – деді.

Азаттық тілшісі жиыннан кейін онымен жеке сөйлесіп, жауап ала алмады. Данияр Жүнісов уақытының тығыздығын айтып, жиын болған жерден асығыс кетіп қалды.

Көкжайлауды дамытудың балама жобасын талқылау кезектен тыс президент сайлауына дейін мамырдың 21-і күні өтеді деп жоспарланған. Бірақ ұйымдастырушыларға белгісіз себептермен жиын кейінге шегерілген. Сол кезде экобелсенділер жиынды маусымның 9-нан кейінгі уақытқа қоятындарын мәлімдеген. Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. Сайлаудан бірнеше ай бұрын ол Twitter парақшасында «Көкжайлауға қатысты шешімді асықпай қабылдау керегін» жазған.

Экобелсенділер өздері ұсынған жобаны әлі де жетілдіретіндерін айтады.
Олар жобаның соңғы нұсқасын Алматы әкімдігі мен үкіметке өткізуді жоспарлап отыр.

Azattyq