Белсенділер БҰҰ өкілдігін Шыңжаң қазақтары «Қастер мен Мұрагердің ісіне» назар аударуға шақырды

0

17 қаңтарда «Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілдері және белсенділер БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің алдына барып, «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы ісіне байланысты хат тапсырды. «Қытайдағы қысымнан қашып келіп», Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған бұл екі азаматтың ісі қазір Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы сотында қаралып жатыр.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов сұхбаттарының бірінде оларды (Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы — ред.) Қытайға депортациялайды деп айтты, осылайша оларды өлімге итерді. Қытайда оларды тек өлім күтіп тұр. Олар Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық өлкесі Тарбағатай облысы Дөрбілжін ауданында тұрғандықтан бұл аймақ саяси қысымға қатты ұшыраған» делінген хатта. Хат БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетіне бағытталған.

Хат авторлары «Сіздерден осы іске назар аударуыңызды сұраймыз, бұл екі азаматқа босқын мәртебесін беріп, олардың отанында — Қазақстанда қалуына көмектесулеріңізді сұраймыз» деп аяқтаған.

«Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Қайрат Байтолланың айтуынша, Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 11:00 шамасында хатқа 9 адам келіп, қол қойған. Ол тағы да адамдар келетінін айтып, алдын ала қолдауға ниет білдіргенін жеткізді. Әзірге хатты БҰҰ өкілдігінің қабылдағаны-қабылдамағаны белгісіз.

Қарай отырыңыз: Зайсанда «Қытайдан қашқан» екі қазақтың соты басталды (6 қаңтар 2020 жыл).

Осыған дейін Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін «қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті» деп айыпталған шыңжаңдық екі жігітті Қытайға қайтармауға шақырған.

9 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде HRW Қазақстанның «Босқындар туралы» конвенцияны, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясын мақұлдағанын еске салып, оны «халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындап, азаптауға ұшырауы мүмкін елге босқын мәртебесін сұрағандарды қайтармауға» шақырды.

Қазақстанның өз ішінде де бұған дейін белсенділер Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап еткен.

2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға «шекараны заңсыз кесіп өткені» туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін «шекарадан заңсыз өтті» деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында «пана іздеуші тұлға» куәлігі берілген еді.

Олардың ісі бойынша сот 6 қаңтарда басталған. Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Шыңжаңда қалған олардың туыстарына да Қытай билігі қысым жасағанын айтқан.

Azattyq